қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
30.09.2022

Студенттерден де көмек сұрайтын адам көп - еріктілер

 


 

Алматыда студенттерден көмек сұрайтын ересек адамдар көбейген. Көмекке зәру жандардың көптігінен әр университет жанынан қайырымдылық клубтары құрылған. Мысалы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің өзінде 29 клуб болса, олардың бесеуі тұрақты қайырымдылық шараларымен айналысады. Еріктілердің қатарында 500-ден астам студент бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

 

Университет студенттері тұрақты қайырымдылық шараларымен бес жылдан бері айналысады. Олар рухани-адамгершілік, әлеуметтік-педагогикалық, ғылыми-зерттеушілік, идеологиялық, мәдени-ағартушылық, экологиялық, аниматорлық және жарнамалық-насихаттаушылық сынды барлығы жеті бағытта жұмыс істейді. Волонтерлардың қатарында студенттер ғана емес, олардың ұстаздары бағыт-бағдар беріп бірге жұмыс істейді.

 

Мәселен, клубтың Әлеуметтік педагогикалык бағыты бойынша ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы кезінде ҰОС арадагерлеріне азық-түлік себеті таратылса, сал ауруына ұшыраған 10 жастағы балаға жастар 425 мың теңге жинап берген.

 

«Қайырымдылық жобасы аясында тағы бір баланың ата-анасына 401 мың теңге, миында ісігі бар баланы емдетуге 712 мың теңге, былтыр бүйрегін ауыстыруға мұқтажы Бекзат Мұстафаевқа 570 мың теңгені университеттің еріктілері жинап табыстады», - деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті баспасөз қызметінің жетекшісі Римма Абдықадырқызы.

 

Жуырда университеттің бас оқу ғимаратының алдында Жастар ісі жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Студенттік клубтар жәрмеңкесі» өтті. Мақсат - клубқа жастарды көбірек тарту. Абай университеті Басқарма төрағасы, ректор Дархан Біләлов бұл бағыттың маңыздылығын атап өтіп, студенттерді өздерінің болашағын нақты анықтау үшін осындай клубтардың жұмысына белсенді қатысуға шақырды. Университет қабырғасында талай жылдан бері белсенді түрде жұмыс жасап келе жатқан 29 клубтың жұмыстарын Жастар ісі жөніндегі басқарма төрағасы Райымбек Пірәлі таныстырып өтті.

 

«Шараның ең басты мақсаты - өз қатарына талантты студенттерді топтастыру және жаңадан келген бірінші курс студенттерін қауымдастық жұмысымен таныстыру. Қауымдастық мүшелерінің әрқайсы өз ұйымы туралы жарнамалап, ұйымның қызметі жайында қызықтыра әңгімелеп және өз жұмысымен таныстырды. Алғаш танысып жатқан білім алушылардың бірқатары клубтарға тіркелді. Ұйымдарға кіру тек қана осы жәрмеңкемен аяқталмайтынын ескерте кетеміз, студенттер қалаған ұйымға кез келген уақытта жазыла алады», - деді Римма Абдықадырқызы.

 

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада 28 ірі волонерлік ұйым жұмыс істейді. Жалпы қала бойынша ерікті түрде жұмыс атқаратын волонтерлардың саны 50 мыңнан асады. Олардың көбі - қаладағы ЖОО студенттері. Мәселен, «Мейірім» еріктілер клубы 2010 жылы педагогика және психология факультетінің базасында педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Г.К.Шырынбаеваның жетекшілігімен құрылған. Клубтың мақсаты - студенттердің қоғамға риясыз қызмет етуі арқылы ерікті, белсенді азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде қоғамда жаңа дәстүрлер енгізу, әлеуметтік маңызды акциялар мен жобаларда студенттердің жан-жақты рухани дамуына жағдай жасау.

 

«Ерікті студенттермен үнемі біргемін. Олардың осы игі істен аған әсерлерін көріп қуанамын. Көмекке мұқтаж қарттар, ерекше баласы бар ата-аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар біз берген гуманитарлық қолдауға, көмекке қуанып, көзіне жас ала ризашылықтарын білдіреді. Бұл - жастар үшін ерекше құнды қуаныш. Олар өздерінің қоғамға керек екенін сезініп, шаттыққа бөленеді. Менің ойымша, студенттер білім ала жүріп, түрлі қиындыққа қарамастан тарихи ерліктер жасап келеді. Мейірімді идеяларға да солар бастайды. Әрбір қайырымдылық акциясы жастардың жүрегін рухани тұрғыдан тазарта түседі. Жастар бастаған ісін аяқтаған соң жан тыныштығына бөленеді. Клуб мүшелерінің кәсіби қызметтерінің мазмұны - қоғамда адамдарға қызмет ету және жалпыадамзаттық құндылықтарға ұмтылу», - дейді «Мейірім» еріктілер клубының жетекшісі Гүлбағира Шырынбаева.

 

Студенттер Жастар саясаты басқармасымен де үнемі тығыз жұмыс істеп келеді. «Жүректен жүрекке», «Менің отбасым», «Біздің балалар», «Қарттарға құрмет» сынды көптеген қайырымдылық акцияларына қатысып, игі істердің жасалуына ықпал еткен. Клубтың қызметінде жыл бойы үлкен әлеуметтік жұмыстарды қамтитын («Эко-клуб» жобасы) қала мектептерімен, («Қамқоршылық» жобасы) №1балалар үйімен, («Үлкенге құрмет, кішіге ізет» жобасы) жалғыз басты қарттармен, еңбек және соғыс ардагерлерімен жүргізілетін әлеуметтік маңызды жобаларға қатысуға мән беріледі. Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, қала көлемінде 20-дан астам ЖОО студенттері еріктілік шараларымен белсене және тұрақты түрде айналысады. Онда волонтерлік ұйымдардың филиалдары ашылып, жүйелі түрде жұмыс атқарады.

 

«Қазіргі таңда дүниеге жылулық керек деп олаймын. Сол себепті жастарды жақсылыққа баулу жұмыстары көптеп атқарылса, нұр үстіне нұр болар еді. Қайырымдылық - адам бойындағы құнды қасиеттің бірі. Мен жоғарғы оқу орнына келгелі осындай жұмыстармен үнемі айналысып келемін және осы жолда жүргеніме қуанамын. Себебі, тағдыр тәлкегіне түскен жандар саған ой салады, сабақ болады. Жалпы, адамға қуаныш, бақытты сәт сыйлау ерекше сезімге бөлейді. Өмірде шынымен де, неше түрлі тағдыр болады екен. Сол тағдыр иелерін көзбен көргендегі сезім басқаша. Қайырымдылықпен айналысу үлкен жауапкершілікті талап етеді, бастаған істі үлкен абыроймен алып шығу саған артылған міндет деп білемін. Себебі қаншама жан шын ниетпен садақа береді, ал оны өз иесіне жеткізу - үлкен жауапкершілік», - дейді Информатика және робототехника мамандығының 2 курс студенті Фариза Мырзаханова.

 

«Біз осыған дейін өткізген әр іс-шарамызды үлкен жауапкершілікпен атқардық. Балалар үйіне барғанда айрықша сезімде болдық. Әр баланың ризалықпен күлгені бойыңа ерекше жігер береді, атқарып жатқан іс-шараларымыздың оң бағытта екеніне көзім жете түседі. Біз бұл бағыттан таймаймыз, алда әлі талай жақсы істерді атқара береміз. Еріктілердің жұмысы студент-жастардың сабағына кедергі болмауы керек. Бұл сабақтан тыс жүргізілетін жұмыс. Ерікті болудың ешқандай қиындығы жоқ, қоғамдық жұмыс пен сабақты қатар алып жүру қажет. Клубтан көмек сұрайтындардың көбі ересек адамдар. Біз 18 қарт адамды өз қамқорлығымызға алып, үнемі олармен байланыста отырамыз. Соңғы 2 жылда 2 миллионнан астам теңгенің қаржылық көмегін бердік. Еріктілікер қатарында жүру арқылы бойымызда жақсы қасиеттерді қалыптастарып жатырмыз. Адамгершілік, мейірімділік сияқты қасиеттер - волонтер болған адамдардың бойынан табылуы керек», - дейді оқу орнының студенті Шапағат Ибаділдә.

 

30.09.2022 ж.

Ақпарат көзі: azattyq-ruhy.kz