Ғылыми-зерттеу ұйымдарымен ынтымақтастық
Білім мен ғылымды бөліп-жарып қарастыруға болмайды. Ол екеуінсіз мемлекет те, қоғам да дамымайды. Мемлекет басшысы жоғары оқу орындары алдына жоғары білімді ғылыммен ұштастыру міндетін қойып отыр. Бұл еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің алдына да үлкен міндет жүктейтіні белгілі. Осы мақсатта қарашаңырақ ғылыми ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеуге ынталы.
Педагогикалық зерттеу университетіне айналу мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өзінің стратегиялық дамуы үшін келесі міндеттерді шешуді қамтамасыз етеді:
Жоғары оқу орны және академиялық ғылымның интеграциясына, оқу үдерісіне жаңа ғылыми жетістіктерді енгізуге негізделген бәсекеге қабілетті зерттеу университетін қалыптастыру;
Ғылыми бағыттардың кең спектрі бойынша, әсіресе, «Мәңгілік Ел», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары шеңберінде әлеуметтік-мәдени саланы дамыту тұрғысынан басым болып табылатын салаларда зерттеулер жүргізу және ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін озық білім беру әдістемелері мен технологияларына трансферлеу арқылы ұлттық білім беру жүйесінің мәселелерін шешу;
Жас ғалымдар мен оқытушыларды, білім алушыларды ынталандыру және жетекші ғылыми-зерттеу ұйымдарының жоғары білікті мамандарын оқыту және ғылыми жобалау саласына тарту есебінен кадрлық әлеуетті дамыту.
Жоғарыда аталған міндеттерге университет ұжымы мен республикалық ғылыми-зерттеу ұйымдарының күш-жігерін біріктіру арқылы қол жеткізуге болады. Интеграцияның нақты ұйымдастырушылық формалары төмендегідей болуы мүмкін:
- конкурстық негізде қаржыландырылатын ғылыми жобаларды іске асыратын бірлескен шығармашылық ұжымдар, болашақта мүмкіндігінше стартаптар;
- университет базасында еліміздің ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп құрылатын озық зерттеу орталықтары;
- мақсаты еліміздің ғылыми-зерттеу институттарының үздік ғалымдарының жетекшілігімен студенттерді, магистранттарды, докторанттарды қазіргі ғылымның өзекті сұрақтары бойынша мәселелік оқыту болып табылатын, университеттің ғылыми-зерттеу институттарымен ғылыми-білім беру консорциумы.
Абай атындағы ҚазҰПУ-да осындай ынтымақтастықтың тәжірибесі бар. Оның идеясы 2019 жылдың 21 мамырында өткен «Жоғары білім мен ғылымның интеграциясы» ғылыми-тәжірибелік конференциясында туындады. Онда шақырылған қонақтар мен спикерлер ретінде 19 республикалық ҒЗИ директорлары мен жетекші ғалымдары сөз сөйледі.
Конференцияның қорытындысында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру туралы шешім қабылданып, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
2020 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ гранттары бойынша 15 жоба жалпы сомасы 50 млн. теңгеге қаржыландырылды. 2021 жылы жобалардың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 39 млн. теңгеге 8 жоба ұзартылды. Олар - Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты; Философия, саясаттану және дінтану инстиутуты; Математика және математикалық модельдеу институты; Микробиология және вирусология ғылыми орталығы; А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ҒЗИ-лар және орталықтар сияқты жетекші ғылыми ұйымдардың интеграциялық жобалары.
Аталған ғылыми-зерттеу институттарының жетекші ғалымдарының Абай атындағы ҚазҰПУ докторанттарына ғылыми кеңесші ретінде тағайындалуы және университет жанындағы Диссертациялық кеңестерге мүшелік етуі дәстүрлі үрдіске айналған.
Ынтымақтастық нәтижесінде Scopus, Web of Science базаларында индекстелетін жоғары процентильді шетелдік журналдарда жарияланымдар жарық көрді және Абай атындағы ҚазҰПУ докторанттарының диссертацияларын дайындауда маңызды ғылыми деректер алынды.
Бүгінгі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ келесі ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастықтағы жалғасуда:
- Металлургия және кен байыту институты;
- Қазақстан-жапон орталығы;
- Ә.Б. Бектұров атындағы химия ғылымдары институты;
- Жану мәселелері институты;
- «Greеntech» жасыл химиялық технологиялар институты;
- Ботаника және фитоинтродукция институты;
- География және су қауіпсіздігі институты;
- Д.В. Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институты;
- Зоология институты ШЖҚ РМҚ;
- Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институты;
- М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты;
- А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты;
- Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты ШЖҚ РМҚ;
- Математика және математикалық модельдеу институты ШЖҚ РМҚ;
- Академик У.А. Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институты ШЖҚ РМҚ;
- Мемлекет тарихы институты;
- Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты;
- Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты;
- Психологиялық және әлеуметтік қолдау институты;
- ҚР ДМ «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» ШЖҚ РМК;
- «Бөбек» Республикалық ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы;
- ҚР заңнама және құқық ақпарат институты;
- Ядролық физика институты ШЖҚ РМК.
Әлемдік тәжірибе өркениетті елдердің ғылым мен білімді барынша тиімді кіріктіре алғанын көрсетеді. Демек, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де осы үрдістен шет қала алмайды. Сондықтан жоғарыда аталған ғылыми ұйымдармен табысты жұмыс істеуде. Бұл өз кезегінде университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға серпін береді.
02.11.2022 ж.
Ақпарат көзі: qazaq1913.com