Главная
Новости
09.11.2022 Дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған көрме
8-9 қараша күндері Абай университетінде Моңғолия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған «Көшпенділер өркениеті: Ұлы қағандардың хаттары, жарлықтары» көрмесі өтті. Мақсаты - Моңғолия мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қатынас орнағанының 30 жылдығына орай көшпенділер өркениетін, мемлекеттік дәстүрін, көне жазуды, дипломатиялық қызмет тарихын насихаттау. Іс-шараны Филология институты мен Өнер, мәдениет және спорт институты ұйымдастырды.
Іс-шараға Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің бірінші хатшысы Б.Дамба, Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің консулы Ч.Баярмагнай, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, Моңғолияның Мәдениет елшісі А.Тойшанұлы және республикамызға танымал ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Абай университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты.
Көрме жұмысының ашылу салтанатында Абай университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректор Мақтағали Бектемесов Моңғолия мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қатынас орнағанының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған көрменің маңыздылығы мен университет үшін Моңғолия өнерінің үздік туындылары, көшпенділер тарихындағы ұлы, кіші хандардың хаттары, жарлықтары, таңбалардың ерекшелігі мен құндылығын атап өтті.
Көрме барысында көрмеге ұсынылған көшпенділер тарихындағы ұлы, кіші хандардың хаттары, жарлықтары, таңбалары, алтын пайза үлгілері, алтын, күміс тиындары, ежелгі ұйғыр, моңғол ұлттық жазу мұралары көрсетілді.
Көрменің авторы - «ТИТЭМ - АРТ» академиясының мүшесі, өнертану докторы, құснихат шебері, Моңғолия мәдениетінің үздік қызметкері, Моңғолия мәдениет елшісі Эрдэнэхуяг Ариунболд. Белгілі қылқалам шеберінің көрмелері Жапония, Франция, АҚШ, Ресей, Иран елдерінде ұйымдастырылып, көрерменнің ризашылығына бөленген.
09.11.2022 ж. Ақпарат көзі: qazaq1913.com |