2022 жылдың қорытындысы бойынша ректордың есебі
2022 жылғы 29 желтоқсанда университетіміздің Ғылыми кеңесі отырысында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Дархан Біләлов ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасады. Іс-шараға университеттің Басқарма мүшелері, институт директорлары, департаменттер мен басқа да бөлімшелердің басшылары, Жастар комитетінің өкілдері және білім саласының ардагерлері қатысты.
«Біздің университет Қазақстанның педагогикалық жоғары оқу орындарының көшбасшысы болып табылады. Оның мамандарды даярлау, жаһандық бәсекелестік жағдайында оқу-тәрбие және ғылыми жұмысты дамыту бойынша қол жеткізген жетістіктері елеулі және оқу орнының беделі жыл сайын артып келеді», - деді Д. Біләлов.
2022-2023 оқу жылында университет стратегиялық жоспарда белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуде көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, университеттің түйінді құзыреттері мен «Педагогикалық білім беру көшбасшысы» тұжырымдамасы қалыптастырылып, еліміздегі алғашқы «Мектептерде педагогикалық сыныптарды құру» пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Оның мақсаты - оқушыларды педагогикалық салаға ерте бейіндеу, олардың мұғалім мамандығына деген қызығушылығын арттыру және өзін-өзі тәрбиелеу және болашақ қызметінде жүзеге асыру мүмкіндіктеріне оң көзқарасты қалыптастыру. Университеттің ұжымдық мәдениетінің құндылықтары айқындалды, әкімшілік-басқару персоналы мен профессор-оқытушылар құрамының жұмыс нәтижелерін бақылау мен бағалаудың жаңа тетіктері мен қағидаттары енгізілді. Соңғы жылдары университетте бірқатар күрделі өзгерістер болды. Мысалы, кафедралар оңтайландырылды, ғылыми әлеует артты, Абай студенттер орталығы ашылды. Мұның барлығы университетіміздің болашақта «Педагогикалық зерттеулер орталығына» айналуының алғы шарттары», - деді ректор.
Одан әрі Дархан Нұрланұлы университеттің негізгі міндетіне тоқталды.
«Біздің басты мақсатымыз - білім беру сапасын барынша арттыру және заманауи педагог кадрларды даярлау. Ол үшін біз оқу процесіне озық әлемдік инновацияларды белсенді түрде енгіземіз және білім беруді барынша жаңартуға күш саламыз. Студенттерді заманауи оқыту құралдарына - электрондық оқулықтар мен оқу бағдарламаларына негізделген интерактивті және инновациялық технологияларға оқытуға ерекше көңіл бөлінеді. Біз зертханалар мен аудиторияларды жаңа оқу жабдықтарымен, электрондық плакаттармен және компьютерлік бағдарламалармен жабдықтауға ерекше назар аударатын боламыз.Студенттердің цифрлық дағдыларын қалыптастыруға күш саламыз. STEM-парк базасында оқу процесінде бірыңғай жүйеге интеграцияланған компьютерлік және мультимедиялық сыныптар, интерактивті тақталар, лингафондық кабинеттер пайдаланылады. Студенттердің білім сапасын арттыру үшін проблемалық оқыту, оқушының білім деңгейін анықтайтын критериалды бағалау технологиясы, командалық-топтық оқыту жүйесі, цифрлық технологиялар сияқты жаңа әдістерге назар аударатын боламыз. Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру, оқу-әдістемелік жұмысты жетілдіру, оқу бағдарламалары мен білім мазмұнын барынша жаңарту арқылы мамандарды сапалы дайындауды мақсат етіп, осы бағытта көптеген игі істерді жүзеге асыратын боламыз. Біздің міндетіміз - университет стратегиясын жүзеге асыру. Цифрлық университет, ғылыми-зерттеу орталығына айналу жолындағы әрекеттер одан әрі жалғасатын болады», - деді ректор.
Іс-шараға қатысушылар ректордың баяндамасына жоғары баға беріп, оның ұсыныстарын қолдады.