Жоғары білім беруді цифрландырудағы басым бағыттар талқыланды
Бүгін, 13 қаңтарда «Педагогикалық білім беру әлеуетін дамыту» Қысқы мектебі аясында өткен форсайт-сессияға Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлжан Жарасова, әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, Институционалдық тиімділік кеңсесінің басшысы Шерипидин Хамраев және университеттің кадрлық резервінің мүшелері, «Білім берудегі коуч» курсының тыңдаушылары, Білім беруді цифрландыру департаменті мен Тестілеу орталығының қызметкерлері, институт директорларының орынбасарлары, информатика және білім беруді ақпараттандыру кафедрасының оқытушылары қатысты.
Дархан Біләлов өз сөзінде жоғары білім беруді цифрландырудағы басым бағыттарға тоқталып, университет алдындағы білім беруді цифрландыру саласындағы мамандарды және болашақ педагогтарды цифрлық технологияларды пайдалану жағдайында өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыруға даярлауда атқарылатын міндеттерді атап өтті.
«Абай университетінің 2022-2025 жылдарға арналған даму стратегиясында цифрлық университет болу мақсаты қойылған. Цифрлық білім берудің жоғары тиімді экожүйесін құру, болашақ педагогтардың цифрлық дағдылары мен құзыреттерін арттыру, цифрландыру саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайту білім алушыларды оқытуда жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге, озық отандық және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, заманауи кәсіби құзыреттерді игеруге мүмкіндік береді», - деді ректор.
Форсайт-сессия барысында Абай атындағы ҚазҰПУ қызметінің қандай аспектілері жақын арада цифрландыруды қажет етеді, цифрлық технологияларды үлкен топтарда оқыту үшін тиімді құралға қалай айналдыру керек, сондай-ақ бағалау, қандай жаңа білім беру нәтижелері қажет, ХХІ ғасыр талабына сай қажетті цифрлық дағдылары мен құндылықтары, қолайлы цифрлық экоорта құру мәселелері талқыланды.
Сессия барысында қатысушылар жұмыс топтарына бөлініп, берілген тақырып бойынша мәселелерді анықтап, талдап, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Қысқы мектеп барысында педагогикалық ұжымның біліктілігі мен цифрлық дағдыларын арттыру бағдарламалары қарастырылды, олар алдағы жұмысында қолданылады. Форсайт сессиясы өте нәтижелі өтті.
13.01.2023 ж.
Ақпарат көзі: qazaq1913.com