Perkins school өкілдерімен кездесу
2023 жылдың 10 ақпанында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Педагогика және психология институтында арнайы және инклюзивті білім берудің оқу-зерттеу зертханасы базасында Еуропа және Еуразия елдері бойынша Perkins мектебінің директоры Дарья Удовичич және Загреб университетінің білім беру және оңалту факультетінің (Загреб, Хорватия) доценті Соня Алимовичпен кездесу өтті. Кездесуге «ДАРА» қорының өкілдері де қатысты.
Perkins school - ХІХ ғасырдың басында соқыр-керең балаларды оқытуды бастаған дүние жүзіндегі ең алғашқы мектептердің бірі. Бұл мектеп өзінің бірінші жетекшісі Сэмюэл Гридли Хоуидің Брайль жүйесіне негізделген әлемде алғаш рет соқыр-көрең қыз Лора Бриджменді оқытуымен танымал. Қазір Perkins мектебінің өкілдіктері Еуропа мен Азияның көптеген елдерінде жұмыс істейді, олар көру қабілеті бұзылған және басқа да көптеген мүмкіндіктері шектеулі балаларға, сондай-ақ есту және көру қабілеті бұзылған балалар мен жастарға жан-жақты қолдау көрсететін жоғары мамандандырылған ұлттық және халықаралық жобаларды үйлестіреді.
Дарья Удовичич пен Соня Алимович күрделі бұзылуы саласында үлкен тәжірибесі бар және Хорватиядағы мүгедек балаларға арналған заңнамалық базаның өзгеруіне әкелген ЮНИСЕФ жобаларына қатысады.
Институт директоры Ғалия Абаева қонақтарды еліміздегі мүмкіндігі шектеулі, оның ішінде көрмейтін және нашар көретін, сонымен қатар күрделі бұзылыстары бар балаларға қолдау көрсету модельдерімен таныстырды. Арнайы педагогика кафедрасының меңгерушісі Ақбота Аутаева аталмыш сала үшін кадрлар даярлау жүйесіне тоқталды. Ынтымақтастық пен серіктестік, кәсіби конференциялар мен семинарларға қатысу, бірлескен зерттеулер мен сараптаулар бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.