қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
03.03.2023

Студенттік жатақханалар құрылысының жобалық кеңсесі ашылды


2023 жылғы 3 наурызда Алматыда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Осы құжат аясында Студенттік жатақханалар құрылысының жобалық кеңсесі ашылды. Кездесуге Алматы қаласының жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.


Бұл бағыттағы алғашқы қадам ретінде 2023 жылы Satbayev University үшін екі жаңа жатақхана салу туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ үшін 140 орындық жатақхана құрылысы өз жұмысын бастайды.

Абай университетінің ректоры Дархан Біләлов инвестор және «Қаржы орталығы» АҚ басшылығымен студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл қадам студенттеріміздің өмір сүру жағдайын айтарлықтай жақсартып, білім сапасына оң әсер тигізетіні анық.

Жобалық кеңсенің негізгі міндеті Алматы қаласының аумағында жатақханалар салу және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау, атап айтқанда, қала әкімдігі мен Қаржы орталығы тарапынан тұрғын үй салуға мүдделі жоғары оқу орындары мен әлеуетті инвесторларға жедел заңгерлік, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсету болады.

Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 12 мың орындық, ал 2030 жылға қарай тағы 20 мың орындық жатақхана салу жоспарланып отыр.

Жобалық кеңседе министрліктің, Қаржы орталығының және әкімдіктің түрлі басқармаларының өкілдері тұрақты негізде отырады. Олар күн сайын ХҚКО режимінде университеттерге, құрылыс компанияларына және мердігерлерге кеңес беретін болады.

 

  alt=  

 

  alt=