қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
07.03.2023

Халықаралық ынтымақтастық нәтижелері

 

2023 жылғы 26 ақпаннан 5 наурызға дейін Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институты Бастауыш білім беру кафедрасының профессоры А.Е. Жұмабаева мен аға оқытушы Ж.К. Астамбаева Ферғана мемлекеттік университетінде (Өзбекстан) болып қайтты. Олар университетте болған кездесулерін үш бағытта жүзеге асырды: Пікір алмасу; Дәріс оқу, практикалық сабақтар мен тренингтер өткізу; Болашақтағы ынтымақтастық іс-шаралар.

 

Оқытушылар университеттің ғылыми жұмыстар мен инновациялар проректоры И. Зокировпен, Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру факультетінің деканы Б.Х.Байджановпен және бастауыш білім берудің әдістемесі кафедрасының меңгерушісі И.В.Холдаровамен кездесу өткізіп, екі университеттің оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарының ерекшеліктері, маман даярлау жайлы пікір алмасты. Сонымен бірге, бастауыш білім беру кафедрасының оқытушыларымен барлық үш деңгейдің де білім алушыларымен (докторанттар - 5, магистранттар - 54, бакалаврлар - 48) кездесу өткізіп, оларды қызықтарған сұрақтарына жауап берді.

 

Профессор А.Е.Жұмабаева «Педагогикалық шеберлік» пәнінен дәріс оқып, түрлі тренингтер өткізді. Ж.К.Астамбаева «Бастауыш білім беру және спорттық-тәрбие жұмысы» студенттеріне «Математиканы оқыту әдістемесі» пәнінен бастауыш сынып оқушыларына математиканы оқытудағы күрделі мәселелердің әдістемесімен таныстырып, практикалық сабақтар жүргізді. Магистранттармен болған кездесуде ғалымдар магистрлік диссертацияның жазылуы жайлы тренингтер өткізді. Магистрлік диссертацияның құрылымы, зерттеу тақырыбын таңдау, диссертацияның ғылыми аппаратын ұйымдастыру жайлы мәселелер талқыланды. Эксперименттік жұмысты жоспарлау, өткізу, алынған нәтижелерді математикалық-статистикалық өңдеу, өнім шығару, ғылыми тұжырымдалған болжамдар жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

 

Университет әкімшілігі, деканат пен кафедра қызметкерлері және оқытушыларымен кездесу кезінде бакалаврлармен қосдипломдық білім беру бағдарламаларын әзірлеу, студенттердің академиялық ұтқырлығы, оқытушылардың өзара дәріс оқуы, тәжірибе алмасуы, бірлескен монография, Скопус, Web of Science тізіміне енген журналдарға мақалалар жазу және т.б. мәселелердің болашағы жайлы әңгімелер қозғап, аталмыш мәселелерді қолға алуға келісті.

 

Бастауыш білім беру кафедрасы оқытушыларының ФМУ-не сапары жоғары деңгейде, нәтижелі болды деуге болады. Мұндай кездесулерді болашақта да жүзеге асыру қажет, әсіресе екі елдің бастауыш білім беру саласының өзекті мәселелерін бірге шешудің келешегі зор.

 

  alt=