Главная
Новости
10.04.2012 Абай атындағы ҚазҰПУ тарих факультетінде 2012 жылдың 6 сәуірі күні белгілі археолог-ғалым Бекмұхамет Нұрмұхаметұлымен кездесу өтті. Кездесу барысында Б. Нұрмұхаметұлы «Алтын адамның» қалай табылғандығы туралы әңгімеледі. Қазақстанның Жетісу аймағын мекендеген тиграхауда-сақтардың этникалық ерекшеліктері және оның ғылыми құндылығы туралы тарихи тың мәліметтер келтірілді. Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін қабылдаудың 20 жылдығын атап өту қарсаңында өтіп отырған бұл кездесудің маңызы өте зор. Себебі, Есік қорғанынан табылған көне жәдігерлердегі элементтер мен символдар еліміздің бүгінгі мемлекеттік рәміздерінде кеңінен қолданылған. Осындай елімізге белгілі археолог-ғалыммен кездесу факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қауымын аса қызықтырды. Б. Нұрмұхаметұлының тартымды естелігі кездесу барысында көптеген сұрақтардың қойылуына негіз болды. Кездесуге Алматы облысы Есік археологиялық-өлкетану мұражайының директоры - Дыбыскүл Ахметбайқызы да қатысты. Д.Ахметбайқызы студенттерге Есік археологиялық-өлкетану мұражайының салыну тарихы мен экспонаттар жөнінде, аталған мұражайды ашудағы Бекмұхамет Нұрмұхаметұлының ерен еңбегін және қазіргі кездегі қызметі жайында айтты. Қазақстан тарихына қызығушылық танытып, еліміздің мәдени мұрасы мен археологиялық ескерткіштерімен танысқысы келетіндерге әрқашан есік ашық екендігіне назар аударып, болашақ тарихшы - студенттер қауымын мұражайға шақырды. Қазіргі кезде Алматы облыстық Есік археологиялық-өлкетану мұражайы қызметкерлері мен тарих факультетінің профессор-оқытушылары және студенттері тығыз байланыста екендігін атап өтуге болады. Ғылыми-танымдық және тәрбиелік маңызы зор мұндай бас қосулар студент жастардың еліміз тарихына деген қызығушылығын арттыра түсетіндігі сөзсіз.
|