Главная
Новости
12.04.2012 Тарих факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қауымы 2012 жылдың 11 сәуір күні Алматы қаласының Медеу ауданына қарасты жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған мамандандырылған «Жанұя» кешеніне кезекті сапарына барып қайтты. Бұл шараның басты мақсаты – әке-шешелерінің жан жылуын сезіне алмай қалған балаларға қамқорлық қолын созу. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін «Жетім балаларға көмектесейік, бұл еш қиын емес!» атты қайырымдылық акциясы тарих факультетінде 2010 жылдың күз айынан бастау алып, бүгінгі күнге дейін өз жалғасын табуда. Осы шара аясында «Жанұя» кешенінің тәрбиеленушілеріне көмек көрсету алғаш рет 2011 жылы наурыз айынан басталды. «Жанұя» басшылығы мен тәрбиешілерінің ұсынысы бойынша жиналған киім-кешек, ойыншықтар мен тағы басқа қажетті заттарды факультет ұжымы жетімдер үйіне арнайы барып табыс еткен еді. Бұл жолы «Жанұя» кешенінің 45 баласына аяқ киім, киім-кешек және тәттілер табыс етілді. Студенттер тобының концерттік бағдарламасы балалар көңілін бір марқайтты. |