Главная /
СМИ о нас
16.04.2023 Жыр көрігін қыздырды
«Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Менің пірім - Сүйінбай» халықаралық жас ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің 95 жылдығына арналған аламан айтыс Алматы қаласы мәслихатының депутаты, белгілі кәсіпкер Дулат Тастекеевтің демеушілігімен өтті.
Биыл жетінші рет шымылдығын түрген жыр додасына республика аймақтарынан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және Моңғолиядан кеудесіне жыр толған жүйріктер қатысты.
Дүбірлі доданы университет басшысы Дархан Біләлов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ректор өз сөзінде Абай университетінің 95 жылдық тарихы, шығармашылық өмірі мен ғылыми жетістіктеріне тоқталып, отансүйгіштік, ұлттық сана-сезім, туған жер тақырыбы орақ тілді айтыскерлердің шығармашылығына арқау болса, осынау дәстүрді бойына сіңірген жастарымыз ел ертеңі үшін адал қызмет етсе деген тілегін арнады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Жүрсін Ерман жыл сайын өтетін осынау өнер додасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығын атап өтті.
Аламан додаға түсетін жас ақындардың айтысына Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Ринат Заитов, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Серік Қалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазыұлы, Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы, айтыскер ақын Әнуар Омар секілді өнер майталмандары қазылық етті.
Іс-шара барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылды. «Халқымыздың сан ғасырдан келе жатқан қасиетті айтыс өнеріне деген құрметі айрықша. Бұл - кешегі Сүйінбай мен Жамбыл, Біржан мен Сара, Кемпірбай мен Шөже бабаларымыздан қалған асыл өнер. Ұлттық болмысымызды, қазақи құндылығымызды дәріптейтін айтыс өнері тәуелсіз ұрпақтың ұлттық қазынасы деп білемін. Сүйінбай бабамыз атындағы жыр додасының дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы, жастардың бойындағы ақындық дарынды дамытып, суырыпсалма қабілетін шыңдауға, ақындық мектептің қалыптасуына негіз болатын, қазақ руханиятына қосылатын үлкен мұра болатыны сөзсіз» делінген құттықтау хатта.
Екі кезеңнен тұратын айтысқа 18 айтыскер жолдама алды. Жырдан шашу шашып, жыр көрігін қыздырған жүйріктердің өнеріне екі күн бойы көпшілік тәнті болды. Қазылар алқасының шешімімен «Менің пірім - Сүйінбай» дәстүрлі VII халықаралық жас ақындар айтысының бас жүлдесін Көкшетаудан келген Нұрмахан Жақып иеленсе, I орын Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Айым Асылбекқызына бұйырды. Қырғызстаннан келген Ұлан Тоқтосынов пен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті Ердәулет Сардар II орынды еншілесе, III орынды Батыржан Кәдірбай, Жамбыл Бақытәлі және Қуандық Кенжебекұлы өзара бөлісіп, арнайы жүлделер мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
16.04.2023 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz |