Главная
Новости
26.04.2023 «Гепатит А қалай жұғады?» семинары
2023 жылғы 26 сәуірде Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаменті мен Денсаулық сақтау пункті дәрігерлерінің ұйымдастыруымен Гепатит А (Боткин) вирустық инфекцияны алдын алу мақсатында №1 Қалалық емхананың инфекционист дәрігері Б.С. Сайфурхан «Гепатит А қалай жұғады?» тақырыбында профилактикалық семинар өткізді.
Дәріс барысында Б.С. Сайфурхан А гепатиті вирус тудыратын бауырдың қабыну ауруы екенін түсіндірді. Негізгі берілу механизмі фекальды-оральды, яғни вирус жұқтырған адамның нәжісімен ластанған тамақты немесе суды тұтыну арқылы жұғады. Негізгі белгілері - дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, диарея, жүрек айнуы, іштің ауыруы, несептің қараюы және сарғаю (көздің және терінің сарғаюы).
Сондай-ақ ол барлық ішек ауруларының алдын алудың негізгі қарапайым және қолжетімді шараларын нақты түсіндірді: тамақ ішер алдында қолды жуу, жемістер мен көкөністерді, жидектерді тамақ алдында жақсылап жуу, тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу, мүмкіндігінше, қолдан жасалған тағамды жеу немесе барлық санитарлық нормалар сақталатын қоғамдық тамақтандыру орындарында ішу. Вирусты гепатит А алдын алудың ең тиімді жолы вакцинация екенін де айтты, бұл кезде 10-15 жылға иммунитет қалыптасады.
Студенттер «Симптомсыз түрімен ауыратын адамнан ауру жұғады ма?», «Сарғаю пайда болса, қандай тексерулерден өту керек?», «Ауырып қалсақ, қалай емделеміз?» деген сияқты бірқатар сұрақтар қойды. Білім алушылар көптеген пайдалы ақпарат алды.
Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаменті |