Главная /
СМИ о нас
17.05.2023 Экологиялық сана ерекшелігі
Экология десе, біздің есімізге ата-әжелеріміздің «құстың ұясын бұзба», «көк шөпті жұлма», «суды лайлама» сияқты тәрбие сөздері есімізге түседі. Сайын далада еркін ғұмыр кешкен ежелгі бабаларымыз «бұлақ көрсең, көзін аш» деп ұрпақтарына экологиялық мәні зор өсиеттер қалдырғаны қазақ халқының ежелден табиғатпен етене екенін айғақтайды.
Жаһандық жылыну, ауаның ластануы, теңіздердің тартылуы сияқты адам өміріне тікелей қатысты экологиялық мәселелер туындағалы бері әр елдегі экологтер үздіксіз дабыл қағып, өскен ортамыздың, туған еліміз бен жеріміздің климатын ластамауға үндеумен келеді. Олардың мақсаты - қоршаған ортамызды өз қалпында сақтау, тіршілік көзін аялау. Қоғамның дамуына ілесе, әлемдік экологтердің де шыр-пыры көбейе түсті. Әне сондай жандардың бірі - Айнұр Сейілхан. Ол жоғарыда айтқан мәселелермен айналысып, қазақ жастарының экологиялық сана қалыптастыруына жетекшілік етіп жүр. Кейіпкеріміз - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің постдокторанты, Жаратылыстану және география институтының аға оқытушысы, PhD, «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінде білім алған өз саласының маманы.
Экологиямызға деген шынайы жанашырлық оны «Тұрақты даму контекстінде жасыл университет тұжырымдамасын қалыптастыру» жобасын жасауға жетеледі. Қазір ол осы жобаның авторы және жетекшісі ретінде жұмыс істеп келеді.
- Джордж Вашингтон университетінде бір жылға таяу уақыт «Болашақ» бағдарламасымен зерттеу жұмысын жүргіздім. Эколог ретінде әлемдік экологиялық мәселелерді және оны тудырушы факторларды саралай келе мынадай тұжырымға келдім. Экологиялық мәселелердің басты шешімі - адамзаттың экологиялық тұрғыдан сауатты болуы. Сондықтан елімізде мектептен бастап «Жасыл білім беруді» дұрыс жолға қою керек. Ал қазақ халқы көк шөпті жұлмайтын, қара жерді қазғызбайтын, түнде қоқыс шығармайтын табиғаттың бір мүшесі іспетті ел еді. Соңғы жүз жылдықта ұлттық құндылықтарымызбен бірге табиғат танымымыз да жоғала бастады. Қазіргі кезде халыққа керекті басты ақпарат жеңіл, ғылыми, ұлттық құндылыққа сай жүргізілуі керек. Мысалға қарапайым ағашты сындыру мәселесінде «тыныс алатын оттегіні өндіретін жасыл жапырақ екенін айтпағанда, бесігі мен керегесі ағаш, тегі алаш деген халықтың ұрпағы екеніңізді ойланыңыз, - дейді ол.
Қазір халық санының артуына байланысты еліміздегі үлкен қалаларда ауа райы, көше тазалығы сияқты ауқымды экологиялық ахуал күн тәртібінен түспей тұр. Айнұр Сейілханның бұл туралы да айтары бар. «Алматыда тұрғындардың саны жыл сайын өсіп келе жатқаны шындық. Ресми дерек бойынша, мегаполистің 2 миллионнан астам тұрғыны бар. Аталған шаһар ойыста орналасқандықтан, ауа айналымына кедергі келтіріп жатқаны сөзсіз. Сондықтан қалада еркін демалуға мүмкіндік азайып барады. Бұл өз кезегінде адамның денсаулығына қауіп төндіріп жатқаны айтпаса да түсінікті», дейді ол.
Иә, қоғам дамыды, экономика қарыштады деп жатамыз, дұрыс-ақ. Бірақ күн сайын кері кетіп бара жатқан қоршаған ортамыздың мәселесін де күн тәртібіне енгізу өзекті әрі маңызды болмақ. Үлкен қалаларға төнген экологиялық қауіптер туралы осы саламен айналысып жүрген мамандардың ұсыныстарын тыңдап, дер кезінде шара қолданылса, табиғи ресурстарымызды сақтап қалуға негіз бар.
Мемлекет қаржысымен шетелден білім алып келген мамандардың еліміздің дамуына, ғылымына, экономикасына, бір сөзбен айтқанда, әр саласына үлес қосатын уақыты келді. Осы орайда бізде «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендер шетелде алған білімін елімізде қолдану аясы қандай деген заңды сұрақ туатыны шындық. Біз осы сауалды эколог Айнұр Сейілханға да қойып көрдік.
- Шетелден алған білімімді екіге бөлуге болады. Бірінші - АҚШ-тағы бағдарлама: білімдегі көшбасшылық пен менеджментті дамыту. Екінші - жеке зерттеулерім: экологиялық білім беру. Жинаған тәжірбиеммен бөлісу аясы білім беру мекемелерінен, балабақшадан бастап жоғары оқу орнын қамтиды. Себебі қазір эко-білім үздіксіз берілуі қажет деп санаймын. Эко-ортаны қалыптыстырмас бұрын эко-сананы қалыптастыру қажет. Ол үшін жоғары оқу орнында білім бағдарламаларының мазмұнына эко-білімді сапалы енгізу, заманауи эко-әдістерді халықаралық рейтингісінің негізінде ежелден келген ел дәстүрін ұстана отырып қалдықтарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаны қорғау қағидасында биоалуантүрлілікті сақтау, жасылдандыруды насихаттау, жаппай жылынуды алдын алу мәселелерімен ұштастыру маңызды, - деді Айнұр.
Шыны керек, бізде экологиялық сана қалыптаса қойған жоқ. Бір ғана мысал, Бурабай ұлттық паркіне барсаңыз, айналаңыз шашылған қоқысқа толып жатады. Тіпті кейбіреулер Жұмбақтастың бетіне қолы жетпеген қыздарының есімін жазып, «алтын әріппен» бедерлеп кеткен. Айта берсек, осындай мысалдар өте көп. Ал жазғы демалыс орындарындағы тазалық туралы айтудың өзі көңілге мұң түсіреді. Осының бәрі экологиялық санаға барып тіреледі. Өткен жылғы Қатардағы футболдан әлемдік додада стадионда өздерінің қоқысын тазалап жүрген жапон жанкүйерлерінің бейнежазбасы кең тарады. Бәлкім, бұл біреуге ерсі көрінетін шығар, ал Жапонияда ол терең түсінікке ие тәрбиенің көзі.
- Ауаның ластануын төмендету мақсатында Польшада «Таза ауа» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарламаның аясында ескірген пештерді орталық жылыту жүйесіне қосып, жылу электр орталығы көмірден, электр қазандықтарға, конденсатты газды қазандықтарға және жылу насостарына алмастырған. Алматыда да дәл осындай дүниені қолға алу керек. Пайдасы өте көп. Көмір адам ағзасына, ауаға зиян. Ал егер газға көшсе, экологиялық мәселелер де біртіндеп шешілер еді, - дейді эколог.
Айнұр Сейілхан қазір «Қазақстандық жоғары оқу орындарына жасыл университет концепциясын енгізудің механизмдерін зерттеу» эко-жобасы бойынша грант ұтып алып, зерттеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Жас экологтің қоршаған ортамыз туралы көзқарастары біздің тіршілігімізге, қоршаған ортамызға пайдасын тигізбесе, кері кетірмесі анық. Қалай десек те, ендігі жерде көмірге көмілген адам тағдырының басты проблемасы экологиялық мәселелер болмақ.
17.05.2023 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz |