Главная
Новости
06.06.2023 Дүниежүзілік Банктің халықаралық сарапшысымен кездесу
2023 жылғы 5 маусымда Дүниежүзілік Банктің халықаралық сарапшысы Домагой Рачичпен Қазақстанның 20 университетінде, оның ішінде 5 педагогикалық университетте Академиялық шеберлік орталығын құру мәселесі бойынша жұмыс кездесуі өтті. Кездесуге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Бибігүл Өтепқалиева, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Дархан Біләлов және Абай университеті базасында Академиялық шеберлік орталық жобасын жүзеге асыруға қатысатын жұмыс тобының мүшелері қатысты.
Кездесу барысында Бибігүл Өтепқалиева аталмыш жобаның алдағы міндеттеріне қысқаша тоқталып, дамудың негізгі бағыттары туралы ақпарат беріп, еліміздегі білім беру мен ғылыми-зерттеу сапасын арттыру үшін Академиялық шеберлік орталықтарының маңыздылығына тоқталды.
Дархан Біләлов университеттің жетістіктері туралы қысқаша ақпарат беріп, қонақтарды Абай университетінің стратегиялық жоспарларымен таныстырып, аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін университеттің ғылыми-педагогикалық әлеуеті жеткілікті жоғары екенін атап өтті.
Кездесуге қатысушылар Академиялық шеберлік орталығын дамыту үшін қаржыландыру және ресурстардың қолжетімділігі, мемлекеттік қаржыландыру мүмкіндіктері, халықаралық ұйымдармен әріптестік және қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, бағдарламаны сәтті жүзеге асыру үшін ықтимал тәуекелдер мен шектеулер атап өтілді.
|