қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
06.11.2023

Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орнына 95 жыл толды

 



Биыл еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне - 95 жыл толды

 

Биыл еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне - 95 жыл. Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасы бүгінде жоғары және жоғары оқу орнына дейінгі білім беру саласындағы ірі ғылыми және педагогикалық білім беру орталығы ретінде саналады. Оқу орнынан түлеп ұшқан шәкірттер отандық педагогиканың дамуына тың серпіліс алып келді. Ғылым мен білімнің қара шаңырағы бүгінге дейін 200 мыңға жуық педагог пен 4 мыңнан астам ғылыми кадрды дайындап шығарды.


Университтеттің бастау бұлағында ұлт үшін қызмет еткен біртуар азаматтар - Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин және т.б қайраткерлердің сүбелі үлесі бар. Аталған жоғары оқу орнының торқалы тоқсан бес жылдық мерейтойына орай Абай атындағы опера және балет театрында гала-концерт өтті. Салтанатты іс-шараға министрлік өкілдері, Ұлттық ғылым академиясы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Алматы қаласының прокуратурасы, Полиция департаментінің өкілдері мен еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, университеттің түлектері және т.б қонақтар қатысты. Сондай-ақ, мерейтой аясында Абай атындағы ҚазҰПУ мен Қазақстанның Этнодизайн одағының қолөнер шеберлерінің шығармашылық көрмесі өтті. Көрмеде ұлттық құндылықтарымыздан сыр шертетін қазақы нақыштағы бұйымдар, ұлттық киімдер мен аспаптар, сондай-ақ, он саусағынан өнер тамған шеберлердің өзге де бұйымдары қойылды.


Мерекелік салтанатты шарада университет ұжымына айтылған жылы тілек пен жолданған құттықтауларда шек болмады. Жан-жақтан ағылып келген ақ жарма тілектердің бірін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жолдады. Министр өз сөзінде атаулы күнді бір университеттің ғана емес, бүкіл қазақ жоғары білім беру жүйесінің ортақ мерекесі екенін атап өтті.

 

-Ұстаздар ұстаханасы, ғылым мен білімнің алтын ордасы атанған университеттің құрылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Бүгінде оқу орны жаңа форматта педагог кадрлар даярлауда бірегей көшбасшыға айналды. Сонымен қатар, әлемдік және отандық рейтингтерде үздіктер қатарынан көрініп келеді. Оның барлығы жоғары оқу орнының ұжымы мен оқытушылар құрамының табанды еңбегінің арқасы деп білеміз. Университет алдағы уақытта да өзінің құнды дәстүрлерін жаңғырта отырып еліміздегі жоғары педагогикалық білім беру жүйесінің көшбасшысы болып қала береді деген сенімдеміз, - дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбек.


Қазіргі уақытта қара шаңыраққа басшылық етіп отырған Болат Тілеп университет ұжымын межелі мерекемен құттықтап, мерейтойға арнайы атбасын бұрып келген құрметті қонақтар мен мәртебелі тұлғаларға риясыз алғысын білдірді.

 

-Бүгін қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы, ұлт зиялыларының ұйысқан ортасы, ұстаз атты ұлық мамандардың рухани ордасы - Абай университетіне 95 жыл. Бұл - тарих үшін қас-қағым сәт, бір адамның өмірі ғана. Десе де бұл - құдығын инемен қазатын, әрбір жаңалығын көз-майымен жазатын, әрбір маманын майшаммен табатын ғылым-білім үшін үлкен кезең. 95 жыл - тұтас дәуір. Бұл - сауаты кенже қоғамды өресі биік қоғамға айналдыруға атсалысқан, 200 мыңнан астам мұғалім дайындап, ғылымның озық жолына адаспай түскен мәнді де мағыналы дәуір. Расында, бүгінгідей сауатты ұрпақ тәрбиелеу - кешегі ата-бабаның сан ғасырлық арманы еді. Ұрпақ үшін бұл - тағдырдың берген теңдессіз мүмкіндігі. Тәуелсіз мемлекетіміздің мәртебелі міндеті. Қазіргі таңда еліміздегі 7 мыңнан аса мектептің ішінде біздің түлегіміз жұмыс істемейтін бірде-бір мектеп жоқ деп мақтанышпен айта аламыз. Университеттің ең қымбат, бағалы, қажетті адами әлеуеті де, рухани сәулеті де, ертеңгі дәулеті де - залда отырған менің әріптестерім, профессор-оқытушылар, кәсібін адал алып жүрген табысты түлектер, - дейді университет ректоры Б. Тілеп.


Ректордың айтуынша, оқу орны кезінде өз жұмысын небәрі 9 оқытушымен бастаған. Қазіргі таңда университетте 5 академик, 6 ҰҒА корреспондент-мүшесі, 220 ғылым докторы мен phd мамандары, 261 ғылым кандидаты мен жалпы саны 900-ден астам жоғары білікті профессорлық-оқытушылық құрам 16 мыңнан астам студентке заманауи білім беріп келеді.

 

Мерекелік жиында Алматы қаласы әкімінің аппарат басшысы Бейбіт Шаханов қала әкімінің арнайы құттықтауын оқыса, ҰҒА вице-президенті Ақылбек Күрішбаев Ұлттық ғылым академиясының жолдаған жылы лебізін жеткізді. Тағы бір маңызды атап өтерлік жайт, университеттің даңқын асырып, өрелі шәкірт тәрбиелеуде зор үлесін қосып жүрген оқытушылар қауымы арнайы марапатқа ие болды. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов оқытушыларды төсбелгімен марапаттап, гүл шоқтарын табыстады. Кеште осынау ерекше құрметке ие болған, шәкірттерінің алғысына бөленген ұстаздардың бірі - Күләш Оразбекова. Ол сонау 70-жылдан бері ғұмырының 50 жылға жуық уақытын қара шаңыраққа арнап, сапалы кадрлар дайындауда аянбай қызмет етіп келеді. Қадірлі ұстазды мерейтоймен құттықтап, сұхбатымызға тарттық. Ол әңгіме барысында ғылым саласында атқарып жатқан жұмысын, соңғы жаңалықтарын қуана бөлісті.


-Осы уақытқа дейін біз жастарды сонау Кеңестік жылдардың психологиясымен оқытып келдік. Ал біздің Сәрсенбаев, Тәжібаев, Мұқанов сынды ағаларымыз Кеңес үкіметінің кезінде ұлттық төл психология мәселесін көтерді. Бірақ мұның бәрін сол заманда жариялай бермейді ғой. Ал биыл мен 30 жыл зерттеп, соңғы 10 жыл ішінде үш томдық ұлттық психология кітабын шығардым. Төл ұлттық психология қазақта болмаған. Тіпті әлемде де толық шықпаған. Биыл кітаптың үшінші томы шықты. Үш том да қазақша, 600 беттен тұрады. Біріншісі - ұлттану тақырыбына арналған. Мұнда ұлттық рәміздерді тану, салт-дәстүр, тарих және т.б ақпараттар қамтылған. Екінші кітап - жантану. Өзіңнің жаныңды тану. Абай айтқандай, өз-өзіңді танып, сосын басқаны да тануға үйрену. Үшінші кітап - адамтану. Бұл кітапта ұлы тұлғаларымыз Әбу Насыр әл-Фараби мен Мұхаммед Хайдар Дулатидың адамтану үлгісі берілген, - дейді университет профессоры, психология ғылымдарының докторы К. Оразбекова.


Шарада университеттің өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы деректі фильм көрсетілді. Мерекелік кеш әрмен қарай Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың өнер майталмандары, университеттің танымал түлектері мен дарынды жастардың қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.


Бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ әлемнің 25 мемлекетінің 138 жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатқан. Әлемдік аренада QS World University Rankings, The Times Higher Education World University Rankings және THE Impact Rankings сынды беделді рейтингтерге қатысып, үздік университеттер қатарынан көрініп келеді. QS World University Rankings рейтингінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша 681-690 орынды иеленіп, әлемдегі үздік 700 университтер қатарына енді. Тұрақты даму мақсаттарын басшылыққа алған THE Impact Rankings рейтингінде университет 601-800 орыннан көрініп, қазақстандық университеттердің арасында көш бастап тұр.

 

06.11.2023 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz