қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
06.09.2017

 

ҚАРА ШАҢЫРАҚТА «БІЛІМ КҮНІ» САЛТАНАТ ҚҰРДЫ


             2017 жылдың 2 қыркүйегі күні  ғасырға жуық тарихы бар университетімізде  «Білім күні» аталып өтті. Оқу мен білім жолына алғаш қадам басқан 1000-ға жуық студенттермен бірге мерекелік шараға университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы да  қатысты.

       Шараны университет  ректоры, профессор Такир Балықбаев ашып, барша жиналған қауымды мерекелерімен құттықтады. Университет басшысы өз сөзінде білім ордамыздың жеткен жетістіктеріне тоқталып, алдағы атқарылатын міндеттерін  айқындап берді. Сонымен қатар, биылғы оқу жылы білім алушыларымыздың қатары екі жарым мыңнан астам жаңа лекпен толығып отырғандығын ерекше атап өтті.

          Шара барысында университет ректоры  арман қуып, білім іздеп келген 1 курс студенттері Қырғызбек Самат пен  Расилова Аяулымға  «Білім кілті» мен «Студенттік билетті» ресми  түрде табыстады.  

     Сөз кезегін алған  Филология және көптілді білім беру институтының директоры Балтабай Әбдіғазиұлы және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрғынбаева Ботагүл Алтайқызы  студенттер мен олардың ата-аналарына ыстық лебіздерін білдіріп, университет ұжымын білім күнімен құттықтады.

          Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. Концерттік бағдарлама шымылдығы   Хәкім  Абайдың «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез...»  атты терең мағыналы сөздерімен ашылып, шараға жиналған  барша қауымға үлкен ой салды. Университет ұжымын білім күнімен арнайы құттықтап келген қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Жұбаныш Жексенұлы және Шакизада Байбатшаева мерекелік шараның көркін қыздырып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

          Қара шаңырақта салтанат құрған білім күні жастарға үлкен үміт беріп, жарқын болашаққа жол сілтеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және

 жастар саясаты жөніндегі басқарма