Главная
Новости
25.09.2017
УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ ҰЖЫММЕН КЕЗДЕСТІ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білім беруді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, дүниежүзілік инновациялық технологияларды білім беру үрдісіне батыл енгізу, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау міндеттері басты назарда. Осы орайда ұжымды жаңа оқу жылының даму перспективасымен таныстыру мақсатында ағымдағы жылдың 23 қыркүйегі күні университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Балықбаев Такир Оспанұлы профессор-оқытушылар құрамы және қызметкерлермен кездесті. Университет ректоры ұжымды жаңа оқу жылымен құттықтап, келешек жоспарлар бойынша мәлімет берді. Ректор өз сөзінде: «Биылғы оқу жылы университетімізге 2664 білім алушы қабылданып, барлық контингент саны 7000 білім алушыны құрап отыр. Келешекте бұл көрсеткішті одан әрі көтереміз деп сенемін. Ол үшін біз болашақ бағыт-бағдарымыз бен ұзақ мерзімді жоспарларымызды айқындап алуымыз тиіс. Осы орайда, біздің алдымызда университеттің Даму стратегиясын қайта қарап шығу міндеті тұр. Жуырда білім ордамызда өткен Байқау кеңесінің кезекті отырысында университетіміздің Даму стратегиясының мазмұны ескіруіне орай, елімізде соңғы жылдары қабылданып жатқан жаңа бағдарламалық құжаттар негізінде университетіміздің 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясын әзірлеу шешімі қабылданды. Бұл жерде оқу үдерісі басты назарға алынбақ. Білім беру мен оқытудың жаңа міндеттері айқындалып, оқу үдерісін ұйымдастыруға және сабақ беру сапасын жақсартуға аса мән беріледі. Біздің стратегиялық бағытымыздың басым міндеттерінің бірі - кадрлық әлеуетті күшейту. Ол үшін оқытушылар мен әкімшілік-басқару қызметкерлерінің кәсіби деңгейін және білім менеджменті саласындағы қызметкерлердің үлесін көтеруіміз қажет. Жаңа оқу жылында «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты Елбасының бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында жобалық кеңсе құру, «Түлектер қауымдастығы» жұмысын жандандыру, Финляндия, Тайвань т.б. шетел мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып орта мектептерге оқулықтар әзірлеу, ғылымның басым бағыттары бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулердің үлесін арттыруға аса мән берілу. Біз университетіміздің тартымыдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласын жақсартуымыз қажет. Сонымен қатар, болашақта сандық университетке көшу мәселесін де алға тартып отырмыз», - деп атап айтты. Одан әрі кездесу еркін микрофон режиміне жалғасты. Оқытушылар мен қызметкерлер тарапынан өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша университет басшысына бірқатар сауалдар қойылып, оқу жүктемесінің мөлшерін нақтылау, оқу үдерісіне электронды журнал енгізу, оқытушыларды бағалу жүйесін қайта қарау және басқа да оқу үдерісіне қатысты мәселелер төңірегінде пікірлер айтылды. Жиын соңында сөз алған академик Әлия Сәрсенқызы Бисенова қазақстан педагогикасын дамытуға үлкен үлес қосып, саналы ғұмырын университет қабырғасында білім беру ісіне арнаған Г.А. Уманов, Н.Д. Хмель, Р.М. Қоянбаев сынды ұстаз-ғалымдардың педагогикалық мұраларын оқу үдерісіне пайдалану және үздіксіз насихаттау қажеттігін тілге тиек етіп, университет басшысына дән ризашылығын білдірді. Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі басқарма
Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі басқарма
|