ДЕНСАУЛЫҚ КҮНІ ӨТТІ
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқының денсаулығын нығайту, спорттың бұқаралылығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, осы арқылы дені сау ұлт қалыптастыру мәселесіне үзбей көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысының қолдауымен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаны да белгілі. Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегінен туындайтын жаңа адамды тәрбиелеуде де дені сау ұлт болашағына қамқорлық айқын сезіліп тұрады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде де дені сау ұрпақ қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Оқу орнында жақында ғана өткен «Денсаулық күні» спартакиадасы - осы сөзіміздің дәлелі. Спартакиада жалауы көтерілген соң, университет ректоры, профессор Такир Балықбаев жиналғандарды «Денсаулық күні» мерекесімен құттықтап, іс-шараны ашық деп жариялады.
- Денсаулығы мықты, шымыр да шыныққан, жан-жақты дамыған жас еліміздің ертеңгі тірегі бола алады, - деді ректор Т.Балықбаев. - Біздің университетімізде де дене тәрбиесі мен спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сауықтыру дене тәрбиесі кафедрасында бүгінде спорттың әр түрінен 21 секция жұмыс істейді және оған 500 студент тұрақты қатысады. Студенттеріміз Мейрамбек Барақ, Самат Әлжаппар, Светлана Пироженко, Дидар Нұрлан, Қарашаш Есдәулет, Нұржан Жолдыбай, Анастасия Хахуля, Мадияр Әшкеев, Бөрте Қалзия - халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары, қазақша күрестен, грек-рим күресінен республика кубогінің иегерлері, каратэ-до спортынан әлемдік чемпионатқа, қысқы және жазғы универсиадаларға қатысқандар. Біз бұларды мақтан етеміз. Алдағы уақытта спорттың бұқаралылығын, жастардың спортқа қызығушылығын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін де жасаймыз.
«Денсаулық күні» спартакиадасының ашылу салтанатына келген Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев спартакиадаға қатысушыларды құттықтады.
- Бүгінгі іс-шараның Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына арналуының мәнісі терең. Осы бір ғасырға жуық уақытта қазақ сахарасы үшін, жүз мыңдаған мұғалім кадрын даярлап, ілім-білім шашқан оқу орны қазақ элитасын қалыптастыруға да өлшеусіз үлес қосқанын мақтан етеміз және университет мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге Медеу ауданының әкімшілігі де өз үлесін қосатын болады. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дені сау, саламатты ұрпақ қалыптастыруға бағытталған игілікті бастамаларыңызға әрдайым қолдау білдіреміз, - деді ол.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әскери кафедрасы Алматыдағы барлық әскери жоғары оқу орындарымен тұрақты байланыста жұмыс істейтіндіктен, бұл мерекеге сол оқу орындарының курсанттары да қатысып, жауынгерлік өнер көрсетті. Мысалы, радио-электроника байланыс институтының курсанттары қаруды сапқа дайындау және ұстау, қарумен сапта жүру тәсілдерін көрсетсе, десант әскерлері қарсыласпен жекпе-жек айқасу, шабуылды тойтару тәсілдерін көрсетіп, көрермендерді тәнті етті.
Ресми бөлім спорттық жарыстарға жалғасып, институт жанынан құрылған командалар футбол, волейбол, қазақ күресі, жеңіл атлетика, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі секілді ойын түрлерінен бақ сынасты. Университет бойынша 35 команда, 750 спортшы қатысты.
Командалық есеп бойынша, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер арасында ұйымдастырылған спорттық жарыстар нәтижесінде, 3 орынды Математика, физика және информатика институты иеленсе, Жаратылыстану және география институты 2 орынның жеңімпазы атанды, жүлделі 1 орын Өнер, мәдениет және спорт институтының еңшісіне бұйырды.
Командалық есеп бойынша, студенттер арасында ұйымдастырылған спорттық жарыстар нәтижесінде, Өнер, мәдениет және спорт институты - 3 орын жүлдегері, Математика, физика және информатика институты - 2 орын жүлдегері, Филология және көптілді білім беру институты жүлделі 1 орынның жеңімпазы атанды. Барлық жеңімпаздар университет ректорының грамотасы және арнайы кубокпен марапатталды.
Авторы: Мырзахан АХМЕТ,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы
24.10.2017ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz