Главная /
СМИ о нас
29.01.2024 Инклюзивті білім беретін маман тапшы
Кадр даярлау мәселесі жайында Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институтының директоры Ғалия Абаевамен сұхбаттастық.
- Ғалия Әскербекқызы, Абай университетіндегі өзіңіз басқаратын институттың тарихына қысқаша шолу жасап өтсеңіз?
- Абай атындағы ҚазҰПУ-дағы Педагогика және психология институтының жаңа тарихы тәуелсіздік алғаннан кейін, 1998-1999 оқу жылында екі факультеттің бірігуі негізінде құрылған, олар - бастауыш білім және дефектология факультеттері еді. Осыларды біріктіру арқылы Педагогика және психология институты құрылған болатын.
Алғаш факультет «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі», «Дефектология», «Психология» мамандықтары бойынша білікті бастауыш сынып мұғалімдерін, дефектологтар мен психологтарды кешенді дайындауды бастады.
Ол кезде факультет құрамында «Теориялық және қолданбалы психология», «Психопатология және логопедия», «Бастауыш мектеп педагогикасы», «Бастауыш мектептегі қазақ тілін оқытудың теориясы мен әдістемесі», «Бастауыш мектептегі математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі» сияқты кафедралардан құрылды.
2000 жылдан бастап профессор Ромсейіт Қоянбаев факультет деканы қызметін атқарды. Бұл жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі оқу орындарында педагогика ғылымдарының дамыған, жетілдірілген жаңа технологияларды игеру кезеңі болды. 2001-2002 оқу жылында университетімізде «Педагогика және психология» мамандығы ашылып, Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен осы мамандықтың жалпыға міндетті білім беру стандарты мен үлгілік жоспары бекітілді.
Кейін 2006 жылы «Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру», «Алғашқы әскери дайындық», «Дене шынықтыру және спорт» мамандықтары ашылды.
Төле би 31 мекенжайында орналасқан Абай университетінің Педагогика және психология институтының ғимаратының да тарихы өте қызықты. Осы ғимарат Алматы қаласындағы ең көне ғимараттардың бірі болып саналады.
1900 жылдары Верный (қазіргі Алматы) қалалық Кеңесі салынып жатқан қала орталығында мектептер мен гимназияларды жинақы орналастыру туралы шешім қабылдады. Сонымен, ХХ ғасырдың басында Вознесенский соборының маңында еуропалық университет кварталдарының бірегей аналогы салынды. Ғимараттар кешеніне: ерлер гимназиясы, әйелдер гимназиясы, ерлер гимназиясының директорына арналған үй-пәтер, ерлер гимназиясына арналған пансионат, мұғалімдер семинариясы кірді.
Верный гимназиясының алғашқы педагогикалық ұжымы Санкт-Петербургтен, Гатчинадан, Псковтан, Кронштадттан келген үздік мамандармен толықты. Бұл оқу орындарында студенттердің алған білімдері жоғары деңгейде болды деп айтады. Жергілікті халықтың білім деңгейін көтеру сол кездегі биліктің басты міндеттерінің бірі болып саналған. Сол уақытта гимназия мәртебесіне ие болып, кейіннен орыс, қазақ балалары тұратын пансионатқа айналды. Ерлер гимназиясының ең танымал түлектері - теміржолшы, Алаш қозғалысының қайраткері және екінші Мемлекеттік Думаның депутаты Мұхамеджан Тынышпаев және әскери қолбасшы Михаил Фрунзе.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, біздің, Төле би 31-де орналасқан институттың ғимараты мұғалімдерге арналған семинария болған. 1920-1930 жылдары қазақтың көрнекті ағартушы ғалымы Ахмет Байтұрсынов институтының ғимаратында қызмет етіпті. Замандастарының тарихи естеліктері бойынша оның кабинеті қазіргі 2-қабаттағы 9-аудиторияда болған. Сонымен қатар педагогика мен психология ғылымдары тарихына үлкен үлес қосқан ғалымдар Р.М.Қоянбаев, Т.С. Сабыров, Ж.И. Намазбаева, М.А. Қараев, С.Р. Рахметова, Қ.Қ. Өмірбекова, Р.Т.Мендекинова, Т.Қ.Оспанов, О.С. Сатганов т.б. Қазір де олардың ізбасарлары институтымызда қызмет атқарды.
- Институтта студенттерге заманауи білім берумен бірге жан-жақты тұлға болып қалыптасуына ықпал ету үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?
- Біз заманауи білім беру жүйесі ашық болуы керек деп есептейміз. Ұлттық педагогикалық қоғамдастық ретінде отандық білім беру жүйесін ілгерілетуге бағытталған оқытудың жаңа технологиялары мен әдістемелерін ұсына отырып, білім беру саласының дамуына өз үлесімізді қосамыз. Біз дайындап жатқан болашақ мұғалімдерге жаңа цифрлық құзыреттіліктер, креативті тәсілдер, білім беруде шешім қабылдау, қарым-қатынас және ынтымақтастық дағдылары қажет.
Сондықтан институтта білім алушылардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуы үшін аралас оқыту (Blended Learning), мұғалімдерді оқытудағы цифрлық технологиялар, өмір бойғы үздіксіз оқыту (Lifelong Learning), онлайн, офлайн оқыту, қашықтықтан оқыту, медиапедагогика, оқыту үдерісі мен контентін цифрландыру, оқыту экожүйесін цифрлық трансформациялау, смарт-дидактика, нейропедагогика, үздіксіз білім беру жүйесі, өздігінен білім алу, жеке білім беру траекториясы сияқты мәселелерге ерекше көңіл бөлініп, іс-тәжірибеде қолдануға барынша күш салынуда. Әрине, осы құзіреттіліктердің бәрі білім алушының өз мамандығы бойынша терең білім мен біліктілігіне негізделуі керек.
Жыл сайын институтымызда білім алушылар арасында «Үздік студент -ППИ» байқауын өткіземіз. Байқаудың негізгі мақсаты оқуда, ғылыми жобаларда, студенттік өзін-өзі басқару ұйымында, спортта, шығармашылықта өзін белсенді көрсеткен білім алушыларын анықтау және көтермелеу.
Осы байқауға үздік оқитын студенттер қатысып, оларға білім мен ғылымдағы алғашқы жетістіктеріне қол жеткізулеріне және тұлғалық қасиеттерін ашуына мүмкіндіктер беріледі.
ХХІ ғасыр - жаһандану ғасыры, жаңа технологиялар мен инновациялар ғасыры болып жатқан өзгерістерге жаңаша көзқарас ғасыры екендігін және мемлекетіміздің жас ұрпақтарының болашақ мамандарын даярлауға белсенді қатысатын педагогика және психология институтының профессор-оқытушылар қауымы студенттерге заманауи білім берумен бірге жан-жақты тұлға болып қалыптасуларына белсене атсалысуда.
- Соңғы уақытта бүкіл әлемде инклюзивті білім беруді дамыту өзекті мәселеге айналды. Егер біз балалардың сапалы білім алып, жан-жақты білім алуын қаласақ, олардың физикалық, психикалық, тағы басқа ерекшеліктеріне қарамастан білім алуға тең құқықтарын қамтамасыз етуіміз қажат. Сіз басқаратын институт бұл маңызды міндеттерді шешу үшін қандай бастамаларды жүзеге асырып отыр?
- Соңғы 30-40 жылдың ішінде әлемнің көптеген дамыған елінде инклюзия қағидалары жүзеге асырылып жатыр. Байқасақ соңғы жылдары «Инклюзивті білім беру» түсініктің мағынасы да өзгеріп жатыр. Қазіргі уақытта барлық балаларға қолжетімді білім беру мен қолайлы ортасын ұйымдастыру қажет екендігіне көзіміз жетті. Әрине көбінесе біздің назарымызда білім алуда ерекше қажеттілігі бар балалар, оларға қосымша арнайы жағдайлар, оқудың қолжетімді болуы үшін көмек пен қолдау шаралары.
Біз қазір елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларды жалпы білім беру үдерісіне қосудың өзіндік ұлттық моделін (жүйесін) құрудамыз деп айта аламыз. Сонымен қатар, басқа елдердің тәжірибесін жай көшіріп алу оның орынсыздығын көрсетті.
Осыған біздің университеттің қосқан үлесін айтып кететін болсақ кешенді және жан-жақты.
Біздің университетіміздің төңірегінде көптеген ғылыми зерттеулер өткізілген және қазір де жалғасуда. Мысалы, бқл бастаманы педагогика ғылымдарының докторы Зульфия Мовкебаева, педагогика ғылымдарының кандидаты Айгүл Байтұрсынова 2000 жылдары бастаған. Соңғы жылдары да біраз PhD докторлық және магистрлік дессертациялары инклюзивті білім беруді зерттеуге арналған. Тағы бір айтарлық жетістігіміз институт аясында «Педагогтарды инклюзивті бағытта даярлау» тақырыбында Ғылым комитетінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасын жүзеге асырамыз.
Көптеген зерттеу негізінде сонау 2012 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы оқу әдістемелік кеңесі педагогикалық бағыттағы мамандықтарына «Инклюзивті білім беру» міндетті компоненті пәнін енгізуді ұсынды.
2015 жылы ҚазҰПУ жанынан Қазақстанның жоғары оқу орындары үшін инклюзивті білім беру Ресурстық орталығы құрылған болатын. Ресурстық орталық жоғары білім беру саласында ерекше білім беруді қажет ететін тұлғаларға ғылыми-зерттеу, үйлестіру, талдау және консультативтік қызмет көрсетеді.
Институтымызда инклюзивті білім беру нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша көп жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, 2021 жылы «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Оған біздің әріптестеріміз ҚР Мәжілісінің жанындағы жұмыс тобына қатысты, атап айтқанда мен, З.Мовкебаева, А.Байтұрсынова, А.Аутаева. Осы Заңның және басқа да бірқатар нормативтік құқықтық актілердің қабылдануы ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың әр түрлі деңгейін және көмекті неғұрлым сараландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта инклюзивті білім беру тәжірибесін енгізуге дайын педагогикалық кадрларға сұраныс жоғары. Университетімізде үш деңгей бойынша мамандар (бакалавриат, магистратура, докторантура) даярлайды. Сонымен қатар біздің институтымызда бірнеше бағытта қолдау көрсететін арнайы педагогтерді даярлаймыз. Оның ішінде тіл мүкістігі бар, көру, есту, зияты бұзылған балаларға арналған мамандар. 2023 жылдан бастап магистратура бөлімінде аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істейтін мамандандыру ашылды.
Тағы бір айтып кететін үлкен аспект оқулықтар мен оқу материалдарды даярлау және жариялау. Әрине жоғары оқу орындары үшін де соңғы 3-4 жылдың ішінде жеті оқу құралдары мен монографиялар жарық көрді. Біраз ғалымдарымыз мүмкіндігі шектеулі мектеп жасындағы балаларға арналған оқулықтардың авторлары. Оның ішінде зағип жандарға арналған «Әліппе» мен «Букварь», зият зақымданған балаларға арналған оқулықтар.
2022 жылы «ДАРА» қорының қолдауымен арнайы және инклюзивті білім беру бойынша оқу-зерттеу зертханасы ашылды. Онда соңғы жетекші қазақстандық мамандармен, Назарбаев университетінің зерттеушілерімен және Финляндия, Германия, Украина, Беларусь елдерінен шақырылған оқытушылармен инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері бойынша онға жуық семинар мен вебинарлар өткізілді.
- Былтыр Абай унивеситетінің ұйытқы болуымен Алматы қаласында «Педагогикалық сыныптар» пилоттық жобасы қолға алынған болатын. Бұл жобаны жүзеге асыру сіз басқаратын институтқа жүктелгені белгілі. Оқырманға осы жоба туралы кеңірек айтып берсеңіз?
- 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Педагогикалық сыныптар құру» пилоттық жобасын іске асыру басталды, бұл ретте біз заманауи оқушы үшін кәсіптік бағдарлау жұмысының маңыздылығын басшылыққа алдық. Білім алушылар одан әрі білім алу мүмкіндіктері туралы ақпаратты уақытылы алып, оған мақсатты түрде дайындалулары тиіс, ал педагогтар өз кезегінде педагогикалық мамандықтарға ынталандырылған оқушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз етулері тиіс деп санаймыз.
2022-2023 жылдарға арналған пилоттық жобаның қатысушылары мен серіктестері Абай атындағы Дарынды балаларға арналған республикалық орта мектеп-интернат, Қ.Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектеп, Алматы қаласы Білім басқармасының «№81 мектеп-гимназия» КММ, Алматы облысындағы академик Ш.Смағұлов атындағы МИ.
Педагогикалық сынып - бұл білім алушыларды саналы кәсіби өзін-өзі айқындауға және «Педагог» кәсібіне тұрақты ынталандыру мен қызығушылыққа бағыттайтын «Педагогикалық кәсіпке кіріспе» факультативтік курсының оқу бағдарламасы бойынша қосымша оқыту жүзеге асырылатын ерекше үлгідегі сынып.
Педагогикалық сыныптардың мақсаты білім алушыларда педагогикалық қызметті меңгеруге мақсатты бағытталған кәсіби-педагогикалық уәждемені және тұрақты қызығушылықты, сондай-ақ қазіргі заманғы қоғам талап ететін тұлғалық және жалпы педагогикалық құзыреттерді қалыптастыру болып табылады.
Осы жылы жоба кеңейтіліп, Абай атындағы ҚазҰПУ-да Басқарма төрағасы - ректор Болат Тілеппен Алматы қаласы Білім басқармасының жалпы білім беретін мектептерінің директорларымен кездесу өтті. Нәтижесінде, Медеу ауданының №98, №64, №19, Алмалы ауданының №167, №128, №67, №58, №141, №122, №104, Әуезов ауданы; Бостандық ауданы №93; Жетісу ауданы №109, № 2, мектептері арасында Абай атындағы ҚазҰПУ мен Алматы қаласы ҚБ 13 мектебі арасында «Педагогикалық сыныптар» жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Бүгінгі таңда педагогикалық сыныптарда 10 және 11-сыныптарда 220-дан астам оқушы білім алуда. Өткен жылдағыдай педагогикалық сыныптарда кафедра меңгерушісі Шолпан Колумбаеваның ғылыми-әдістемелік жетекшілігімен педагогика кафедрасының оқытушылары сабақ өткізеді. Педагогикалық сыныптардың жұмысын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету әзірленді. Айта кету керек, 2022-2023 оқу жылында тек бір оқытушы сабақ берді, профессор Б.Сайдахметов, ал биыл кафедраның 7 оқытушысы жұмыс істейді. Жұмыс процесінде оқытушылар сабақтарды өткізудің жеке, жұптық, топтық жұмыс, адамгершілік, тәрбиелік тақырыптарға арналған фильмдерді көру және оларды талқылау, әңгімелесу, сыни ойлауды дамыту технологиясы, кейс-технологиялар, пікірталастар, іскерлік ойындар сияқты әртүрлі нысандары мен әдістерін пайдаланады; тренингтер; ішкі дүниені үйлестіруге бағытталған ойындар мен жаттығулар, шығармашылық эсселер, тапсырмалар және т.б.
- Қазір шығармашылықпен, ғылыммен айналысамын деген жастарға университетте барлық жағдай жасалған. Сіз басқаратын институтта бұл мәселе қалай жолға қойылған? Қандай ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр мен олардың маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.
- Иә, шынында да Абай университеті жыл сайын жас ғалымдардың ғылыми-зерттеулеріне қолдау көрсетіп, өз қаражаты есебінен гранттық қаржыландыру байқауын өткізеді. 2023 жылы 15 жас ғалымның ғылыми зерттеулері қаржыландырылды. Оның 2-уі институтымыздың жас ғалымдарының жобасы.
«Бастауыш білім беру» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Эльмира Уайдуллақызының «Цифрлық білім беру жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерінің медиа құзыреттілігін қалыптастыру» жобасының мақсаты - цифрлық білім беру жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерінің медиа құзыреттілігін қалыптастыруды теориялық тұрғыда негіздеу және оның тиімділігін тәжірибелік-эксперимент жүзінде тексеру, ғылыми ұсыныстар әзірлеу. Осы жобаның міндеттері бойынша алынған нәтижелерге қысқаша тоқталып өтсек: 1. Цифрлық білім беру жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерінің медиа құзыреттілігін қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық базасы жасалды: «Цифрлық білім беру», «Медиа құзыреттілік» ұғымдарының мәнін жаңа педагогикалық категория тұрғысынан анықталды; 2. Цифрлық білім беру жағдайында медиа құзыреттілікті қалыптастыру мәселесі бойынша эмпирикалық зерттеу жүргізілді, атап айтқанда, болашақ бастауыш сынып педагогтерімен анкеталық сауалнамалар жүргізілді; 3. Цифрлық білім беру жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерінің медиа құзыреттілігін қалыптастырудың әдістемесі жасалды; 4. Цифрлық білім беру жағдайында болашақ бастауыш сынып педагогтерінің медиа құзыреттілігін қалыптастырудың әдістемесінің тиімділігін тәжірибелік-экспериментте тексерілді. «Бастауыш білім беру» кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а., PhD Азиза Жүнүсбекованың «Ақпараттық білім беру жағдайында болашақ Digital педагогтерді даярлаудың теориялық және практикалық негіздері» атты ғылыми жобасы жүзеге асырылды. Бұл жобаның негізгі мақсаты - ақпараттық білім беру жағдайында болашақ Digital педагогтерді даярлаудың теориялық және практикалық негіздерін айқындау және оның тиімділігін тәжірибелік-эксперимент жүзінде тексеру, ғылыми ұсыныстар әзірлеу.
Жобаның алдына қойған міндеттер негізінде келісідей нәтижелер іске асырылды: 1. Ақпараттық білім беру жағдайында болашақ Digital педагогтерді даярлаудың теориялық негіздері анықталды; 2. Ақпараттық білім беру жағдайында болашақ Digital педагогтерді даярлаудың педагогикалық-психологиялық негіздері айқындалды; 3. Ақпараттық білім беру жағдайында болашақ Digital педагогтерді даярлаудың моделі ұсынылды; 4. Ақпараттық білім беру жағдайында болашақ Digital педагогтерді даярлаудың әдістемесі жасалды; 5. Ақпараттық білім беру жағдайында болашақ Digital педагогтерді даярлаудың әдістемесінің тиімділігі тәжірибелік-экспериментте тексерілді.
Зерттеудің нәтижесінде нөлдік емес импакт-факторы бар Scopus деректер базасында CiteScore бойынша рецензияланған ғылыми басылымда 1 мақала, ҚР ҒЖБМ БҒССҚК ұсынатын басылымдарда 1 мақала жарияланды.
Зерттеу материалдары жалпы білім беретін мектептердің бастауыш білім беру сатысында, колледждерде және университеттердің студенттері, магистранттары мен докторанттары үшін пайдалы болуы мүмкін.
Э.Уайдуллақызы мен А.Жүнүсбекова 2022 жылғы жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендияның иегерлері, сонымен қатар университетіміздің постдокторлық бағдарламасы аясында өз зерттеулерін жалғастырады. - Абай университеті Қазақстанның өңірлік ЖОО-мен екіжақты келісімдер негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы жұмыс жасап жатқаны белгілі. Бұл мәселе сіз басқаратын институтта қалай жолға қойылған? Білім алушылардың сыртқы академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру мәселесі туралы да тілге тиек ете кетсеңіз?
- 2023-2024 оқу жылында академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша магистранттар Түркия елінен тағлымдамадан өтті. Сонымен қатар, 3 студент қазіргі таңда Литва және Россия мемлекетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алуда.
- Студент - оқу ордасының айнасы ғана емес әрі мақтанышы. Олай болса, кәсіби салада болсын, ғылымда, спортта, өнер-білімде болсын, студенттеріңіздің қандай жетістіктерін ерекше атап өткен болар едіңіз?
- Біздің институтта оқитын білім аулшылар ғылымда, спортта, өнер-білім саласында үлкен жетістіктерге жетуде. Атап айтсам, белсенді студенттеріміздің ішінде биылғы оқу жылында барлығын жағынан жетістікке жеткен студентімізге ерекше тоқталып кеткім келеді. Педагогика және психология институтының 3 курс студенті «Ұлттық қазына» мәдени клубының жетекшісі Манаргүл Дүкенбай желтоқсан айында өткен «Ұлттық құндылықтарды ұлықтау - ұлағатты іс» интеллектуалды жастар аламанында «TEDx Abai» номинациясынан 3-орын иеленді. «Атамекен» интеллектуалды пікірсайыс клубының АПФ форматындағы INTELLECT CUP IV дебат турнирінің финалисті, «Ұлттық қазына» клубының ұйымдастырумен өткен «Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайық» форумының «Шеберлік алаңы» номинациясынан 1-орын иегері, «Атамекен» ИПК-нің «Жыл жаңалығы», «Жарық шамы» номинацияларының иегері атанды. «Алтын белгі» білім беру орталығының Best employees аталымында жеңіске жетті. «Алаш арыстары» танымдық кешінің «Көшбасшы» номинациясының иегері. - Әңгімеңізге рақмет!
29.01.2024 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|