Главная
Новости
29.02.2024 Абай университеті мен Алматы қаласы Білім басқармасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды
2024 жылдың 29 ақпанында Абай атындағы ҚазҰПУ мен Алматы қаласы Білім басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Іс-шараға университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп, Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева, Наурызбай, Түрксіб, Медеу, Алатау, Жетісу, Бостандық, Әуезов және Алмалы аудандарының білім бөлімдерінің басшылары, университеттің академиялық бағытқа жауапты құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Болат Тілеп еліміздегі орта білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған кездесудің маңыздылығын атап өтті. Университет басшысы Абай университетінің қызметі мен жетістіктеріне кеңінен тоқталып, жоғары оқу орны мен орта білім беру ұйымдарының ынтымақтастығы аясында 14 мектепте жүзеге асырылып жатқан «Педагогикалық сынып» жобасының нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ еліміздегі қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтық мәселесіне тоқталып, «Жайлы мектеп» жобасы аясында педагогикалық кадрлар тапшылығын жою, мұғалімдердің білім сапасы мен біліктілігін арттыру, түлектерді жұмыспен қамту, ҚР өңірлерін білікті педагог кадрлармен қамтамасыз ету бағытындағы жоспарларымен бөлісті.
Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдерімен кездесу барысында жоғары және орта білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, Ұлттық баяндамадағы маңызды бастамалар мен «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асырудағы басты міндеттерді орындау, мемлекеттік және жекеменшік мектептердегі мұғалім тапшылығын жою, жаңа формациядағы педагог мамандарын даярлау, педагогикалық сыныптар санын арттыру, арнайы оқу орындарында инклюзивті білім беруді күшейту және мамандармен қамтамасыз ету, академиялық және ғылым бағыттарында тәжірибе алмасуды кеңейту жолдары қарастырылды.
Педагогикалық сыныптар Алматы қаласының Білім басқармасының 14 орта білім беру ұйымдарында табысты жүзеге асырылып, онда 200-ден астам оқушы білім алып жатқандығы атап өтілді. Сонымен қатар, Алматының 16 жалпы орта білім беру ұйымдарында Абай университеті кафедраларының 21 филиалы ашылды.
Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою университет пен Білім басқармасы арасындағы әріптестікті нығайтудағы маңызды қадам болып табылады. Бұл сондай-ақ еліміздің білім беру жүйесі үшін стратегиялық мақсат болып табылатын білім беру сапасын жақсартуға және болашақ педагогтарды даярлауға ықпал етеді.
|