Абай университетінің постдокторанты Термез мемлекеттік педагогикалық институтында семинар өткізді
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD, постдокторанты Азиза Жунусбекова Термез мемлекеттік педагогикалық институтында (Термез қ., Өзбекстан) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын AP14871883 «Hyflex технологиясы арқылы болашақ педагогтердің кәсіби жетістігін қамтамасыз ету» ғылыми жобасы аясында «Hyflex технологиясын гибридтік оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда HyFlex технологиясының өзектілігі, принциптері мен мүмкіндіктері, педагогикалық мамандықтың білім алушылары мен оқытушыларына ұсынылған «Гибридті білім беру технологиясы» оқулығы қарастырылды.
Жоғары білім берудегі HyFlex технологиясы білім алушыларға дәстүрлі сабаққа қатысу мен нақты уақыттағы онлайн оқыту арасында таңдау жасауға мүмкіндік беретін гибридті тәсіл болып табылады. Бұл технология университетке жақын жерде орналаспаған немесе сабаққа офлайн режимде қатысу мүмкіндігі шектеулі білім алушылар үшін білімнің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, HyFlex технологиясы университеттерді пандемия, табиғи апаттар немесе университеттің қалыпты жұмысына әсер етуі мүмкін басқа оқиғалар сияқты жағдайлар өзгерген жағдайда оқу форматтары арасында жылдам өтуге дайындайды.
Осылайша, университеттегі HyFlex технологиясы икемділік, қолжетімділік, білім беру тәжірибесінің алуан түрлілігі, өзгермелі жағдайларға бейімделу және ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру сияқты бірқатар артықшылықтарға ие.
Семинарға «Бастауыш оқыту теориясы» және «Бастауыш оқыту әдістемесі» кафедраларының профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар мен 3 курс білім алушылары қатысты. Кері байланыста олар спикерге пайдалы семинар және алған жаңа білімдері мен дағдылары үшін алғыстарын білдірді.
29.02.2024ж.
Ақпарат көзі: bilim.expert