Главная
Новости
14.03.2024 Абай университеті мен Алматы облысының Білім басқармасы басшылығының кездесуі
2024 жылдың 13 наурызында Абай атындағы ҚазҰПУ мен Алматы облысының Білім басқармасы басшылығының кездесуі өтті. Іс-шараға Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, академиялық мәселелер мен қоғаммен байланыс саласына жауапты департаменттердің басшылары қатысты.
Болат Тілеп тараптардың ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған кездесудің маңыздылығын атап өтті. Еліміздегі мұғалім тапшылығы мәселесіне тоқталып, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Алматы және Астана қалаларындағы жаңа мектептерді педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етуге, ауылдық және қалалық орта білім беру ұйымдарындағы алшақтықты жоюға, мектеп директорлары мен орынбасарларын, мұғалімдерді қайта даярлау және біліктілігін арттыруға бағытталған университеттің жоспарлары мен бастамалары туралы баяндады. Ректор атап өткендей, басты басымдық нәтижеге қол жеткізу болып табылады.
Кездесу барысында орта білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Алматы облысының жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін 26 жаңа мектебін білікті мамандармен қамтамасыз ету және облыстың 433 мектебінде физика, математика және химия мұғалімдерінің білім сапасын жақсарту, мұғалімдердің инновациялық бағдарламалар мен цифрлық технологиялармен жұмыс деңгейін арттыру ұсынылды. Сондай-ақ тәжірибе алмасу мәселелері де көтерілді.
Кездесу соңында Абай университеті мен Алматы облысының Білім басқармасы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
|