қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
22.11.2017

 

ҒАЛЫМДАР ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ТУРАЛЫ ОЙ БӨЛІСТІ


Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Қоғамдық және гумантиарлық бөлімшесінің 2017 жылдың  21 қараша күні өткен жалпы жиналысында «Қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы» мәселе талқыланды. Жиналысты ашып және жүргізіп отырған бөлімше төрағасы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, професор Такир Балықбаев күн тәртібіне қойылып отырған мәселенің өзектілігіне тоқталды.

 

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті академик Мұрат Жұрынов Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегінен туындайтын басты міндеттердің бірі - қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру екенін атап көрсетіп, бұл салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Қажыбектің негізгі баяндамасында, Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, академик Өмірзақ Айтбаев пен ҚР ҰҒА корреспондант-мүшесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры, профессор Ғабит Кенжебаевтың қосымша баяндамаларында қазақ жазуының тарихы, оның әрбір тарихи кезеңде саяси жағдайларға байланысты өзгеріске түсуі және бүгінгі тәуелсіздік дәуіріндегі оның өзектілігі туралы кеңінен әңгіме өрбіді.

 

Талқыланған мәселе бойынша жарыс сөзде филология ғылымдарының докторы, Зейнеп Базарбаева, психология ғылымдарының докторы, профессор Құбұғұл Жарықбаев, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Фаузия Оразбаева және басқа да ғалымдар сөз сөйледі

ҚР ҰҒА Қоғамдық және гуманитарлық бөлімшесінің жалпы жиналысы латын әліпбиін қолдау және енгізу жөнінде тиісті шешім қабылдады.

 

Жиналыс 9 адамнан ҚР ҰҒА Қоғамдық және гуманитарлық бөлімшесі Бюросының құрамын сайлады. Олар: бөлімше төрағасы Такир Балықбаев, төраға орынбасары - академик Көпжасар Нәрібаев, бөлімшенің ғалым хатшысы ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ақтолқын Құлсариева, мүшелері: акдемиктер Мәмбет Қойгелдиев, Бауыржан Байтанаев, Уәлихан Қалижанұлы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелері Гүлнас Ахметова, Бауыржан Жақып, Ерден Қажыбек.

 

  

 

  

 

  

 

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім