қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
17.04.2024

Абай университетінің Ғылыми кітапханасы Ғылым декадасына белсенді қатысты


2024 жылдың 4-13 сәуір аралығында Ғылым декадасы-2024 аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Ғылыми кітапханасында «Ашық кітапхана» іс-шаралары ұйымдастырылып (жаңа түскен әдебиеттер, анықтамалық-библиографиялық қор), профессор-оқытушылар құрамы енбектерінің жұмыстарына байланысты түрлі бағытта іс-шаралар өткізілді. Университетіміздің ғалымдары ҰҒА корреспондент мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы Қайрат Тілебаевтың және PhD профессоры Баймолда Досанның жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімдері өтті. Шараға университет проректорлары мен профессор-оқытушылылар құрамы, кітапханашылар және студенттер қатысты.


Шара барысында Ғылыми кітапхана директоры Нұргүл Имансыдықова «әр адамның өмірінде әдебиеттің алар маңызы зор екенін, сондықтан да кітапхана қорының жаңа кітаптармен толығуы пайдаланушылар мен кітапхана қызметкерлері үшін де әрқашан маңызды және қуанышты оқиға болып табылады», - деп шараның басты мақсатын айқындап берді. Жиналған қауым қаламгерлерді жаңа кітаптарының жарыққа шығуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді және кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықтырылды.  


Сонымен қатар, оқырмандарға білім беру жүйесінде электронды Интернет-ресурстарды қолдану туралы және толық мәтінді мәліметтер қоры бар электронды каталогты ұсынылып, сыртқы электронды ресурстар туралы ақпараттар айтылды. Электрондық кітапханада ұсынылып отырған отандық және шетелдік мәліметтер қорларын пайдалану мүмкіндіктері баяндалатын вебинарлар оффлайн және онлайн форматта өтті: IPR Smart «Қазіргі университеттің білімі мен ғылымын дамытуға арналған экожүйелік тәсіл»; ОП ЮРАЙТ «Цифрлық білім берудің өзекті ғылыми теориялары және оларды білім беру»; «Юрайт» платформасында практикалық іске асыру; ЭБ Эпиграф «Цифрлық білім-әлемдік тренд»; Oxford University Press ұсынған «Оқыту мен зерттеулерді қолдайтын ресурстар»; Journal of Visualized Experiments (JoVE) - Тәжірибелердің бейне хаттамаларын ұсынатын кең ауқымды ғылыми салалардың, ғылыми басылымдары туралы; TopIQ -«Алматы кітап» баспасы - электронды оқулықтар платформасы бойынша оқыту әдістемесі. Вебинарларды өткізу мақсаты - оқуға құмартқан оқырмандарды кез келген жерде қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, көпшіліктің сұранысын өз дәрежесінде қанағаттандыру.


Ғылым декадасы аясында «Шәкәрім мұрасы- ұрпаққа аманат» тақырыбында Шәкәрім Құдайбердиевтің 165 жылдығына арналған ғылыми-танымдық кеш ұйымдастырылып, «Шәкәрім мұрасы - халықтың асыл қазынасы» кітап көрмесі қойылды. Кешті ұйымдастыруға атсалысқандар: Ғылыми кітапхана және Педагогика және психология институты «Мектепке дейінгі білім беру және әлеуеметтік педагогика» кафедрасына қарасты «Лидер» клубы мен «Балаларды ерте дамыту және әлеуметтік педагогикалық қолдау» орталығы.


Ғылыми-танымдық кештің мақсаты - студеттерімізді Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы білімдерін дамыту, ақын өлеңдерінің идеясын ашу, рухани-адамгершілік қағидаларымен танысу; Шәкәрім лирикасы мен Абай өлеңдерінің үндестігін тануда студенттерді өзіндік ой қорытуға бағыттау болды. Кеш соңында іс-шараларға белсене қатысқан барша білім алушыларға кітапхана директоры сертификат тапсырды.


«Ашық кітапхана» онкүндігі іс-шарасының мақсаты - кітапхана мен оның оқырмандары арасындағы байланысты нығайту, кітап пен оқуға деген қоғамдық қызығушылықты арттыру; кітапханаға жаңа оқырмандар тарту.


Іс-шараларға қатысып, өткізілуіне атсалысқан оқытушылар мен студенттерімізге алғысымызды білдіреміз!

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=