Главная /
СМИ о нас
02.05.2024 Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері Астана мектептерінде тәжірибеден өтті
Биыл жаңа мектептерді жаңа формациядағы педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі және Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен Абай университетінің 4-ші курсының 181 студенті өндірістік іс-тәжірибеден өткен болатын. Осыған орай Астана қаласының мектептерінде өндірістік тәжірибеден өткен Абай атындағы ҚазҰПУ 4 курс студенттерінің қорытынды конференциясы өтті.
Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Абай университетінің Академиялық мәселелер департаментінің директоры Хайрулла Жанбеков, сонымен қатар мектеп директорлары мен әдіскерлері қатысты.
Конференция барысында министр Саясат Нұрбек өндірістік іс-тәжірибесінің жоғары деңгейде екенін атап өтіп, студенттерге алғысын білдіріп, «Елорданы жаңа педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету жұмысының алғашқы нәтижелерін көру - білім беруді дамытудағы маңызды қадам. Мектептердегі студенттердің педагогикалық тәжірибесі сияқты жобалар мектептерді жаңа мамандармен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар студенттерге болашақ мансап жолында қолдана алатын құнды тәжірибе береді. Бұл еліміздің білім беру саласын дамытудағы өзара тиімді және маңызды кезең», деп атап өтті.
Абай университеті атынан сөз алған Хайрулла Жанбеков студенттердің өндірістік тәжірибе барысындағы жұмысына тоқталып, алдағы оқу жылында да университет Астана қаласымен бірлесіп жұмыс істейтінін жеткізді.
Абай университетінің 4 курс студенті Алтын Мендыбаева өндірістік іс-тәжірибе барысына қатысты ойларымен бөліссе, кәсіби мамандар студенттердің мұғалімдік міндеттің қыр-сырына қатысты қойған сұрақтарына жауап берді. Студенттердің басым көпшілігі елорда мектептерінде жұмыс істеуге ниет білдірді.
02.05.2024 Ақпарат көзі: egemen.kz |