Главная /
СМИ о нас
27.11.2017 Елбасы Жолдауы - егемен елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің негізгі бағыты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Тарих және құқық институтында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы атты халыққа арнаған Жолдауын институттың профессор-оқытушылар құрамы және студенттері мен магистранттары арасында кеңінен насихаттау мақсатында ауқымды дөңгелек үстел өткізді.
Қатысушыларға институт директоры тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Сағидоллаұлы Жұмағұлов егеменді еліміздің кемел келешегі мен жарқын болашағын бағамдай білген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының Мәңгілік ел іргесін құрудағы қарымды міндеттерді айқындап берген аса маңызды тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отырған шараның негізгі мәнін тарқата келе, биылғы 2017 жылдың маңыздылығына тоқталып өтті. Биылғы жыл «Егемен Қазақстан» газетінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы жарияланып, мұнда елдің болашағын айқындайтын маңызды міндеттер атап көрсетілді.
Өз сөзінде профессор Бахытжан Хасенқызы әлемдік дағдарыс елді қыспаққа алған кезеңде азаматтық құқықтық қағидалардың дұрыс жолға қойылуы өз нәтижесін беретіндігін түбегейлі түсіндіріп кетті. Ол Елбасының жастарға деген сенімін алға тарта отырып, өз мамандығы бойынша сапалы білім ала білген студент пен магистранттың болашаққа нық қадаммен баратындығын басып айтты.
«Әлемдік дағдарыс және одан шығу жолдары (Н.Ә.Назарбаевтың жолдауы негізінде)» атты тақырыпта кең ауқымды баяндама жасаған Әлем тарихы кафедрасының профессоры, саясаттанушы Ғали Әзімбай Бейсетбайұлы дамыған мемлекеттердің тарихи даму жолын негізге ала отырып, Қазақстанның сыртқы саясатының дұрыс бағытта келе жатқандығын саралап берді.
Қазіргі таңда әлемдегі алпауыт елдердің бір-біріне санкция жариялап, экономикасын құлдыратып жатқандығын сонымен қатар, егеменді еліміздің тауар айналымы нарығында ешқандай кедергіге ұшырамай отырғандығын сол сыртқы саясаттың дұрыс өрбуімен байланыстырды. Ол сөз аяғында дағдарыстан шығар жолдың кілті - Елбасының салихалы саясатын толық қолдай білу керектігін алға тартты.
«Елбасы Жолдауы - егеменді еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің негізгі бағыты» атты тақырыпты алға тартқан Мемлекеттік және азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының профессоры Аққасов Бақытжан Қалиханұлы Қазақстан халқының оның ішінде қазақ халқының басынан өткен бірталай нәубеттерін еске түсіре отырып, білімді жастары бар, ауызбірлігі жарасқан елдің болашағы қашанда жарқын болатынына сенім тартты.
Ол мұнай баррелін, доллар бағамын күнделікті есептеумен еңсені түсіре бермей, керісінше, Елбасы Жолдауындағы білім беру жүйесіне берілген игіліктерді орынды пайдалана білу қажеттілігін атап өтті. Саясаттану ғылымдарының кандидаты, «Тарих және қоғамдық пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы Тимур Дауылбаев «Қазақстандағы толеранттылық» тақырыбында еліміздегі толеранттылықтың конституциялық негізі және этносаралық келісімдер мен жауаптылық негіздеріне тереңнен тоқталып өтті.
Егеменді еліміз көпұлтты мемлекет болғандықтан халықаралық шарттар мен эносаралық келісімдердің толеранттылық маңыздылығына талдау жасады. Бағдарламаға сай сөз алған «Философия» мамандығының 2 курс магистранты, оқу озаты Айтпаев Думан Даулетханұлы: «Елбасы Жолдауы ел дамуының кепілі» тақырыбында өз ойын ортаға салды.
Елбасының Жолдауындағы жастарға жүктелген талап пен артылған сенімге тоқталып, студенттер мен магистранттарды кәсіби білікті маман болып шығуға шақырды. Магистранттан кейін сөз алған «Құқықтану» мамандығының 1 курс, белсенді студенті Манап Айбек Тұрарбекұлы «Білімді жастар - жарқын болашақ» атты тақырыпта тартымды баянамасында Елбасының: « өртінші басымдық - адами капитал сапасын жақсарту. Бірінші. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз - білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет. Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет» - деген сөзіне ерекше тоқталды.
Ол өз сөзімен: « ... Бұл жерде әрбір жасқа қолыңа күрек алып, шахтаға түс» деген сөз емес, кемел Көшбасшымыздың «әрбір жас өз мамандығы бойынша отқа да суға да түсуге тас түйін дайын болу керек дегені» деп тереңнен түсіндіріп өтті.
Биылғы Жолдауда да кәсіби техникалық мамандықтардың тегін білім алуына қолайлы жағдай жасалатынын және жылма-жыл шәкіртақылардың өсетінін Елбасының тікелей қолдауы деп түсінетінін білдірді. Жастарды Елбасы Жолдауындағы талаптар мен міндеттерді қалтқысыз орындап, артылған сенімнен шыға білуге шақырды.
Баяндамашылардан кейін институт директоры Болат Сағидоллаұлы қатысушыларға өз ой-пікірлері мен сұрақтарын ортаға салуларын ұсынды. Ресми баяндамашылардан кейін институттың Ардагерлер кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аделхан Нұрғалиұлы Құдайбергенов сөз алып, Елбасы Жолдауын насихаттауға бағытталған іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Ол өз сөзінде Елбасының барлық Жолдауларын саралай келе, ішіндегі екеуін жеке атап өтті. Біріншісі 1997 жылғы «Қазақстан-2030» және 2012 жылғы «Қазақстан-2050» көпжылдық бағдарламаларының ел тарихындағы алар орнына арнайы түсіндірме берді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Несіпбаева Калия Рахимовна Елбасы Жолдауының маңыздылығы жөнінде өз ойын ортаға салды. Баяндамашыларға студенттер мен магистранттар түрлі сауалдар қойып, жауабын алған студенттер мен магистранттар өз ризашылықтарын білдіру арқылы дөңгелек үстел тартымды өтті.
1. Елбасы Жолдауын институттың профессор-оқытушылар құрамы және студенттер мен магистранттар бірауыздан қолдайды. 2. Елбасы Жолдауын насихаттау институттағы тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда басшылыққа алынсын. 3. Елбасы Жолдауын насихаттау жұмысы кәсіби-бағдар беруге арналған шаралар кезінде де жүзеге асырылсын.
Авторы: Ғалымжан БИТҰРСЫН,Абай атындағы ҚазҰПУ, Тарих және құқық институтының Тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасары 27.11.2017ж. Ақпарат көзі: kaz.365info.kz
|