қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
30.11.2017

Қазақстан Республикасындағы Оңтүстік Корея Елшісімен кездесу


2017 жылдың 29 қарашасында Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті  Оңтүстік Корея Республикасының Елшісі Ким Дэсик мырза Алматы қаласындағы жұмыс сапары аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің  ректоры, профессор Такир Балықбаевпен кездесті.

 
Кездесу барысында білім және ғылым саласындағы қазақстан-корей ынтымақтастығының даму келешегі талқыланды. Атап айтқанда, Чоннам  Ұлттық университетінде "Абай" орталығын ашу және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанындағы қазақ-корей орталығының жұмысын қайта жандандыру, сонымен қатар,жазуды романизациялау бойынша Оңтүстік Корея тәжірибесі мен көрнекті корей ғалымдарының еңбектерін қазақ тіліне  аудару сынды  ойлар ортаға салынып талқыланды.

 
Кездесу аясында, Ким Дэсик мырза университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерімен кездесіп, Кореяның тарихы мен мәдениеті туралы дәріс оқып, Корей жартыаралының қазіргі жағдай туралы әңгімеледі.
 
Ким Дэсик мырза қазақстандық жоғары оқу орындарымен білім және мәдениет саласындағы әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол студенттерге сапарының мақсаты мен  қазақстандық әріптестермен кездесулері туралы айтып берді және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білім алып жатқан корей студенттерін белсенді болуға және елдің даму игілігі үшін болашақта өз тәжірибелерімен  бөлісуге шақырды.

 

Өз кезегінде, студенттер Елшіге алғыс білдіріп,  ұлттық әндер мен билерді орындады.

 

Кездесу соңында Корей дипломатиялық миссиясының басшысы студенттерге жылы лебізін білдіріп, оқуда табыстар тіледі.