қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
16.05.2024

               Алматыда климат өзгерісі бойынша білім берудің болашағына арналған Азиялық форум өтуде


                

 

Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Климат өзгерісі бойынша білім берудің болашағы: педагогтар мен стейкхолдерлер арасында синергия құру» атты Азиялық форум басталды.

 

Форумның ашылуына Абай университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп, Окаяма университеті Тұрақты даму максатында білім беру орталығының директоры Хироки Фуджи, 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының, Алматы қаласын дамыту орталығының, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесінің өкілдері, Корея, Филиппин, Жапония, Индонезия, Үндістан, Қытай, Өзбекстан елдерінен келген сарапшылар қатысуда.

 

Іс-шараны Абай университеті Окаяма университетімен, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік кеңсесімен бірлесіп, Жапонияның ғылымды дамыту қоғамының (JSPS) қолдауымен ұйымдастырды.

 

Мақсаты - климаттың өзгеру мәселелерін шешу үшін білім беру мекемелері мен стейкхолдерлер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту. Форум білім берудегі тұрақты даму мен инновацияға ықпал ететін бірлескен стратегияларды әзірлей отырып, білім және озық тәжірибе алмасу алаңын құруға бағытталған.

 

Абай университетінің ректоры Болат Тілеп іс-шараның маңыздылығына тоқталып, педагогикалық білім берудің флагманы болып табылатын Абай университеті жасыл университет, цифрлық университет және педагогикалық зерттеу университетін құру жолында жаңа инновацияларды енгізе отырып, жаңа формациядағы педагог кадрларды даярлауда және ғылым саласын дамытуда әлемдік тәжірибені қолданылатынын атап өтті.

 

Іс-шараның салтанатты ашылуында Хироки Фуджи мен Рае Квон Чунгқа «Абай атындағы ҚазҰПУ-дың құрметті профессоры» атағы берілді.

 

Профессор Рае Квон Чунг қазіргі экологиялық зерттеулердің маңыздылығына тоқталып, өскелең ұрпақтың назарын Жасыл экономикаға аудару қажеттілігіне баса назар аударды. Ол сондай-ақ, климатты сақтау және оның өзгеруіне қатысты күресті тек қаржы, технология және экономика арқылы ғана емес, адамдардың ойлау қабілетіне әсер ету арқылы да жүргізуге болатынын және бұл жерде жоғары оқу орындары шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

 

Форум аясында Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі саласындағы білім беру: прогресс және перспективалар; Азиялық педагогтардың климаттың өзгеруі бойынша білім беру бағдарламасы; Орталық Азия университеттерінің өкілдерімен Диалог: Өзбекстан және Қырғызстан, Тұрақты дамуға арналған студенттік стартаптар тақырыптары талқыланады.

 

Форум 17 мамырға дейін жалғасады.

 

16.05.2024

Ақпарат көзі: 7kun.kz