Главная
Новости
23.05.2024 Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағлымы 2024 жылдың 22 мамырында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағлымы» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Әлемге Алтын Орда атымен танымал Жошы ұлысы XIII ғасырдағы Шыңғысхан империясының төрт бөлінісінің ішінде ең ұзақ өмір сүрген мемлекет. Ол Алтай тауларынан Дунай өзеніне дейінгі жерлерді алып жатқан, тілі, діні, тұрмысы, мәдениеті бөлек ондаған халықтарды біріктірген алып империя, ерекше өркениет.
Жошы ұлысы өмір сүрген дәуір қазақ жеріндегі мемлекеттілік дәстүрдің дамуының маңызды кезеңдерінің бірі. «Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында.
Қазақ этногенезі мен қазақ жеріндегі политогенез үдерістері Жошы ұлысымен (Алтын Ордамен) тығыз байланысты. Жошы ұлысы құрамында қазақ этносының негізгі бөлігінің қалыптасуы аяқталды, болашақ Қазақ хандығының саяси институттары, мемлекеттік идеологиясы айқындалды. Түптеп келгенде, қазақ халқын 300 жылдан астам уақыт билеген қазақ хандары Жошының тікелей ұрпағы болып табылады.
Конференцияға отандық және шетелдің Жошы ұлысы тарихын зерттеп жүрген танымал ғалымдары онлайн және оффлайн форматта қатысып, Канада, Жапония, Туркия, Ресей, Украина елдерінен келген зерттеуші ғалымдар баяндама жасады. Әлемнің жетекші ғалымдарының қатысуы студенттерге, жас оқытушыларға, зерттеушілерге және бүкіл қоғамға маңызды болып табылатын еліміздің тарихы туралы алғашқы деректер мен ғылыми тұжырымдар алуға мүмкіндік берді. Конференцияда пікір алмасу жаңа тарихи ақпаратпен байытып қана қоймай, Қазақстан тарихын тереңірек түсінуге ықпал етеді.
|