Главная /
СМИ о нас
06.06.2024 Абай университеті Түркістан өңірінде педагогикалық тәжірибесімен алмасуда
2024 жылдың 6-7 маусым аралығында еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орны - Абай атындағы ҚазҰПУ «Білім алушыларда пәндік, цифрлық құзыреттіліктерді, функционалдық сауаттылықты, икемді дағдыларды қалыптастыру» тақырыбында біліктілікті арттыру курсын өткізеді. Курс Түркістан облысының жалпы білім беру мекемелерінің басшылық құрамы мен мұғалімдері үшін ұйымдастырылды. Оған 8 мектептен 150-ден астам өкіл қатысты.
Іс-шараның мақсаты - Түркістан облысындағы жалпы білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог кадрларының біліктілігі мен кәсіби құзыреттілігін жүйелі түрде арттыру. Жыл соңына дейін дайындық курстарында 1000-ға жуық педагог біліктілігін арттырады. Олардың алғашқы легі курс сабақтарын бастап кетті.
Аталмыш іс-шара аясында 6 маусымда «Білім сапасы мен мектеп менеджменті - теория мен практика сабақтастығы» панельдік сессиясы өтті, оған білім беру саласындағы тәжірибелі мамандар болып табылатын университет оқытушылары қатысты. Модератор - қауымдастырылған профессор Нұржамал Ошанова.
Спикерлер қатарында ғылым докторлары, ғылым кандидаттары және университет профессорлары: Амангүл Оракова, Азия Жұмабаева, Сәуле Әбішева, Нағима Ілиясова, Серік Иватов, Қалампыр Жұмағұлова және Шахислам Лайсханов сияқты білім беру саласындағы жетекші сарапшылар болды.
Панельдік сессия барысында 16 тақырып талқыланды, оның ішінде білім берудегі сапа менеджменті жүйесі (TQM IS), белсенді оқыту әдістері арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту, электронды цифрлық ортада орыс тілі мен әдебиеті оқулықтарын пайдалану, «4К моделі» және дискурстық талдау, мұғалімдер мен мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары, жаратылыстану пәндері бойынша метапәндік құзіреттіліктерді қалыптастыру, география мұғалімдеріне геоақпараттық білім беру мәселелері, білім беруде жасанды интеллектті (ЖИ) пайдалану, мектептегі ғылыми жобалардағы мәліметтерді талдау, лингвистикалық интерпретацияның оқыту әдістемесіндегі орны, ғылымды дамыту бойынша білім, мектепте қашықтықтан оқыту материалдарын пайдалану, цифрлық педагогика және педагогтың IT құзыреттілігі.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бастамасымен өткізілген біліктілікті арттыру курстары тәжірибе мен білім алмасу алаңына айналып қана қоймай, Түркістан облысының білім саласын одан әрі дамытуға ықпал етті. Қатысушылар өздерінің педагогикалық практикасына енгізе алатын жаңа білімді, нақты әдістер мен стратегияларды меңгеруге тамаша мүмкіндік алды.
06.06.2024 Ақпарат көзі: qazaqadebieti.kz |