Главная /
СМИ о нас
24.06.2024 Білім мен ғылымның қара шаңырағы
Талай шәкірттерді түлетіп, білім көкжиегіне самғатқан тарихы терең білім ордасы өзінің 96 жылдық даңқты тарихында білікті, сұранысқа сай педагогтарды тәрбиелеуде оқ бойы озып тұр.
Қазақстанның атақты тұлғалары, табысты кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері білім алған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық еңселі оқу ордасы 1928 жылы іргетасы қаланған еліміздегі ең алғашқы университет.
Абай университетінің кешені - бұл тек білім ошағы ғана емес, жоғары білікті кадрларды даярлайтын ірі ғылыми-зерттеу орталық ретінде маңызы басым. Университет педагогика мен гуманитарлық ғылымдардан бастап, жаратылыстану және техникалық пәндерге дейінгі әртүрлі білім салаларын қамтитын білім беру бағдарламалары мен мамандықтарының кең ауқымын ұсынады. Мұнда кітапханалар, әр корпуста орналасқан оқу залдары, мұражай мен өзінің баспаханасы бар. Студенттер бос уақытын тиімді пайдалануға жұмсай алады - оқу орнында 50-ден астам сан қилы үйірмелер мен клубтар, спорттық секциялар студенттер үшін жұмыс істейді. Университеттің заманауи және инфрақұрылымы дамыған материалдық-техникалық базасы бар. Оқу ғимараттарында арнайы компьютерлік сыныптар, лингофонды бөлмелер, 45 оқу және ғылыми зертханалар, 23 шеберхана, 101 интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген сынып бөлмелері бар. Ғылыми-инновациялық парк, STEM парк, радиациялық үдеткіш, нанотехнологиялар, робототехника зертханалары және басқа да маңызды нысандар жұмыс істейді.
Салауатты өмір салтын ұстану үшін спорттық және жаттығу залдары, футбол алаңы және М.Әуезов атындағы спорт кешені жұмыс істеп тұр. Жалпы ауданы 17 мың ш.м. асатын 5 жайлы жатақханасы бар.
Абай университетінің Ғылыми кітапханасы - ақпарат пен кітап сақтаудағы ірі орталық. Ең қызығы, кітапхананың сирек кітаптар қорында XVIII, XIX, XX ғасырларға тиесілі орыс, ағылшын, неміс, француз және басқа да тілдердегі 1.700.000-нан астам басылымдар мен көркем әдебиеттердің тамаша үлгілері сақталған.
Бүгінде университетте бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 200-ден астам білім беру бағдарламаларымен 16 мыңнан астам студент білім алып жатыр. «Педагогикалық сынып» жобасы аясында Алматы қаласының 14 мектебімен келісімге қол қойылған. Әлемдік аренадағы QS World University Rankings by Subject - 2024 беделді халықаралық рейтингі Қазақстан мен Орталық Азиядағы педагогикалық жоғары білім ордаларының көшбасшысы деп танып, нәтижесінде Абай университеті еліміздегі 5 үздік университеттерінің қатарына кірді. Түлектерінің 95-96 пайызы дерлік еліміздің жетекші педагогикалық университетінде оқуды бітіргеннен кейінгі бірінші жылы-ақ бірден жұмысқа орналасады. Білімгерлері Түркия, Корея, Франция, Польша, Литва, Латвияда білім алатын университет академиялық ұтқырлық бойынша 25 елдің 138 ЖОО-мен іскерлік қарым-қатынас орнатқан. Дәл осы бағдарламалар арқылы әртүрлі шетелдерде, Еуропа елдері мен Америкада оқимын, зерттеу жасаймын дейтін білім алушыларға, оқытушы-зерттеушілерге оқу орны айтарлықтай мүмкіндіктер қарастырған.
Кезінде институт қабырғасында Ахмет Байтұрсынұлы, Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов, Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин сияқты ұлт мақтаныштары дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуге белсене атсалысқан болса, қазір мұнда ұстаздық атты ұлы қызметті абыроймен арқалап жүрген мыңнан астам профессор-оқытушылар сабақ береді. Олардың ішінде Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының 5 ғылым академигі мен 6 корреспондент-мүшесі, 74 профессор, 107 ғылым докторы мен 261 кандидаты, 113 PhD докторы бар.
Биыл Абай университетінің Сорбонна-Қазақстан институтына 10 жыл. Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институты мен Лотарингия университетінің филиалы шеңберінде осы жылы бакалавриат бойынша «Халықаралық құқық» (Лотарингия университеті); «Экономика» (Пуатье Университеті); магистратура бойынша «Халықаралық құқық» (Лотарингия университеті); «Шет тілі: екі шет тілі» (Пуатье университеті); «Маркетинг» (Пуатье университеті) қос дипломды білім беру бағдарламаларына қабылдау жүргізілетіндігі туралы хабарлайды. Аталған Қазақстан-Француз қос дипломды білім беру бағдарламалары аясында еуропалық стандарт деңгейінде мамандар даярланады.
Әлем университеттері сияқты Абай университеті де өзінің танымал түлектерімен мақтанады. Бүгінде әртүрлі аудандарда, облыс, тіпті республика көлемінде лауазымды қызмет атқарып жүрген азаматтар - осы ҚазҰПУ шәкірттері. Оның ішінде Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма мүшесі Нұрлан Жағыпаров, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали, Қазақстанның халық жазушысы Герольд Бельгер, ҚР Президенті кеңсесінің бастығы Махмұд Қасымбеков, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Kaspi.kz» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Ким Вячеслав Константинович, Жастар арасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Президенті, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы, ақын Бақыт Беделхан, танымал әнші Медеу Арынбаев, Қазақстан және әлем кубогының бірнеше мәрте чемпионы Мадияр Ашкеев, «Алаштың батыр қызы» атанған дзюдошы Зәмзәгүл Файзолланова, жас спортшы Жамилә Бақбергеновалар бар.
Бұдан бөлек, көптеген қоғам қайраткерлері, әртүрлі фестивальдар, конкурстардың лауреаттары, ТМД елдеріне танымал КВН командаларының мүшелері, мәдениет пен спорт саласындағы жетістігі жоғары жұлдызды жандардың біразы аталған университетте тәлім алған.
Алматыдай әсем қалада орналасқан университеттің бас ғимаратының алдында ұлы Абайдың ескерткіші бой көтерген. Тарихи тұлғаның бейнесін тереңінен аша білген, жаз болса, жасыл желекке оранатын жоғары оқу орнына тиесілі бұл аула қала қонақтары мен тұрғындары жиі келіп, суретке түсетін керемет орын ретінде танымал.
Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлының Абай атындағы ҚазҰПУ туралы айтқаны бар. «Абай университетінің ғасырлық жолы - Алаш мұратына, отандық білім мен ғылым, мәдениет пен руханият құндылықтарына адалдық жолы», - дейді ол.
Рас, бүгінде Абай университеті - танымал оқу орны. Талай шәкірттерді түлетіп, білім көкжиегіне самғатқан тарихы терең білім ордасы өзінің 96 жылдық даңқты тарихында білікті, сұранысқа сай педагогтерді тәрбиелеуде оқ бойы озып тұр. Мерейі асқақ, еңсесі биік, алып оқу орны алдағы уақытта да миссиясын өз деңгейінде абыроймен атқара бермек.
24.06.2024 Ақпарат көзі: aikyn.kz |