Главная
Новости
26.06.2024 Слупск қаласындағы Помор университетінде (Польша) VI Абай оқулары өтті Слупскідегі Помор университетінде Абай атындағы Қазақ мәдениеті мен ғылым орталығының бес жылдығына орай «Абай оқулары: Қазақстан мәдениетінің тарихы мен болашағы» тақырыбында VI Халықаралық ғылыми семинар өтті.
Ғылыми семинар Қазақстанның, Польшаның академиялық топтары, Қазақстан Республикасының Гданьск қаласындағы Құрметті консулдығы, Димаш Құдайбергеновтің фан-клубы өкілдерінің, сондай-ақ Помор университетіндегі қазақстандық және поляк студенттерінің, магистранттары мен докторанттарының қатысуымен гибридті форматта ұйымдастырылды.
Семинардың ашылуында Слупскідегі Помор университетінің проректоры Данута Герчиньска, Абай атындағы ҚазҰПУ проректоры Айгүл Искакова, сондай-ақ Слупскідегі Помор университетіндегі Абай атындағы Қазақ мәдениеті мен ғылым орталығының үйлестірушісі Максим Пономаренко сөз сөйледі. «Жыл сайынғы «Абай оқулары» жақсы дәстүрге айналып, екі ел мен университеттердің достас халықтары арасындағы рухани қатынастардың жоғары деңгейін көрсетеді», - деп атап өтті Данута Герчинска.
Оқулар Абайдың әдеби мұрасын насихаттауға, оқу мәдениеті мен әдеби талғамын қалыптастыруға және патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған шығармашылық фестиваль түрінде өтті. Мұндай іс-шаралар Абай шығармаларын ғана емес, қазақ мәдениетін, әдебиеті мен тарихын да насихаттайды, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосады.
«Абай оқулары» ғылыми семинары - бұл Абай университетімен бірлесіп Слупскідегі Помор университетіндегі Абай атындағы Қазақ мәдениеті және ғылым орталығы базасында өткізілетін жыл сайынғы халықаралық іс-шара болып табылады.
|