қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
28.06.2024

            «Науаи мен Абай: жалпыадамзаттық құндылықтар сабақтастығы» халықаралық форумы

 

                

 

2024 жылдың 27 маусымында Қазақстандағы тұңғыш және жетекші педагогикалық жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Науаи мен Абай: жалпыадамзаттық құндылықтар сабақтастығы» халықаралық форумы өтті.


Іс-шараға Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасының Бас консулдығының, Ә.Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің, Ә.Науаи атындағы Науаи мемлекеттік педагогикалық институтының, Шыршық мемлекеттік педагогикалық университетінің, Ш.Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің, «Алматы қаласының Өзбек ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, сондай-ақ Алматы қаласы жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.


Мақсаты - Науаи мен Абайдың бай мұрасына негізделген қазіргі қоғам дамуының рухани, тарихи және философиялық негіздерін насихаттау, ұлы ойшылдардың идеяларын зерттейтін әлемнің жетекші ғалымдары арасында диалог пен ынтымақтастық үшін жаңа алаң құру.


Форумның негізгі міндеттерінің бірі сенімді одақтас әрі маңызды серіктес болып табылатын Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ұрпақтар сабақтастығын және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру болып табылады.

 

Форум аясында оқытушылар мен студенттер арасындағы Навои шығармашылығына арналған пленэр, «Алматы қаласындағы студент жастардың шығармашылығындағы шығыс мотивтері» көрмесі, Науаи орталығының салтанатты ашылуы, Науаи оқулары: «Науаи - әлем тілдерінде» мәнерлеп оқу конкурсы, сондай-ақ «Әлішер Науаи мұрасы: ғылым, білім және тәрбие синергиясы» тақырыбында халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

 

Іс-шараның ашылуында Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталып, бұл бастама екі ел арасындағы ғылыми және академиялық қоғамдастықтың одан әрі ілгерілеуіне тың серпін беретінін атап өтті. «Бауырлас елдеріміздің ынтымақтастығы өзара сыйластық, достық және тату көршілік қағидаттарында табысты дамып келеді. Абай мен Науаидың құрметіне ұйымдастырылған бүгінгі форум соның айқын мысалы. Біздің ортақ мақсатымыз - рухани және мәдени құндылықтар сабақтастығын дамыту, сондай-ақ екі елдің жоғары білім мен ғылым саласын жаңғырту», - деді ректор.

 

Өзбекстанның Алматыдағы Бас консулы Каюмов Абдурахим екі ел арасындағы ынтымақтастықтың терең тарихи тамыры бар екенін атап өтті. «Форум аясында біз Науаи мен Абай шығармаларында көрініс тапқан ортақ мәдени мұраға құрметпен қарау арқылы осы сабақтастықты жалғастырудың маңыздылығын көріп отырмыз. Бұл ұлы ойшылдар бізге жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген болашақты құруға көмектесетін құнды сабақтар қалдырды», - деді Бас консул.

 

ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісінің кеңесшісі Қыстаубаев Ерғали: «Бұл іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім беру ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам болды. Бүгінде білім алмасуды нығайту бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр, бұл екі ел президенттерінің жоспарлары бойынша басымдық болып табылады. Соның бірі - Абай университетінде ұлы ақын Науаидың орталығын ашу болып отыр. Жақын арада Ш.Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университеті Орталық Азия мемлекеттері мен мәдениеті институтының жанынан Абай орталығын, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін ашу жоспарлануда. Ағымдағы жылдың тамыз айында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары күтілуде, бұл біздің ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдету үшін тағы бір маңызды оқиға болмақ».

 

Форумда қазіргі заман контекстіндегі екі елдің мәдени мұрасы мен рухани дамуының маңызды аспектілері талқыланды. Сарапшылар мен форумға қатысушылар дәстүрлер мен мәдени әртүрлілік бағаланатын үйлесімді қоғамды қалыптастыруға ықпал ететін тарихи құндылықтарды сақтау және ынтымақтастық мәселелеріне назар аударды.

 

Сондай-ақ Науаи мен Абай шығармашылығының әлемдік мәдениеттегі әдеби-көркемдік бағыттардың дамуына ықпалы, олардың қазіргі әлемдегі әмбебаптығы мен өзектілігі атап өтілді. Диалогты жалғастыру және болашақта жалпыадамзаттық құндылықтарды сақтау үшін ынтымақтастықтың нақты идеялары мен жоспарлары ұсынылды.

 

Абай университетінің бұл бастамасы екі ел арасындағы перспективалық ынтымақтастықты дамытуға және Өзбекстан университеттерінің ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеу арқылы жаңа ғылыми бағыттарды құруға бағытталған. Осылайша, жоғары оқу орындарының көшбасшылығы мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін зертханалар мен халықаралық ғылыми мектептер құру жоспарлануда. Мамандарды даярлаудың түрлі бағыттары бойынша бірлескен диссертациялық кеңестер ашу, қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу және академиялық ұтқырлықты кеңейту де ынтымақтастықтың маңызды аспектілері болып табылады.

 

«Науаи және Абай: жалпы адамзаттық құндылықтар сабақтастығы» форумы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени және ғылыми байланысты нығайтуға, сондай-ақ осы ұлы ойшылдардың бай мұрасын сақтауға және дамытуға ықпал ететін маңызды оқиғаға айналды.

 

28.06.2024

Ақпарат көзі: qazaqadebieti.kz