Главная
Новости
29.08.2024 Абай университеті «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы отбасы балаларына қолдау көрсетті 2024 жылдың 29 тамызында жаңа оқу жылы қарсаңында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаменті «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Іс-шара Медеу ауданында тұратын көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға материалдық көмек көрсетуге бағытталды.
Іс-шара барысында Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп оқушылар мен олардың ата-аналарын келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап, оларға оқуда табыс тіледі: «Балалар - біздің үмітіміз, болашағымыз. Ертеңгі болашақты қалыптастыру бүгінгі мектеп партасынан басталады. Біздің міндетіміз - балалардың сапалы білім алып, оқуға қажеттінің барлығымен қамтамасыз етілуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасау», - деді Болат Тілеп.
Акция аясында екі көпбалалы отбасына оқу құралдары, сондай-ақ балаларға өзі қалаған, өлшемі дәл келетін мектеп формасын алуы үшін арнайы сертификаттар табыс етілді. Көмек пен қажетті құрал-жабдық алған ата-аналар мен балалар Абай университетінің ұжымы мен ұйымдастырушыларға шынайы алғыстарын білдірді.
Жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін өткізіледі. Акция аясында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезінде материалдық және өзге де көмек көрсетіледі.
|