Главная /
СМИ о нас
10.09.2024
Coursera курстары – Абай университеті студенттерінің кәсіби өсуіне үлкен септігін тигізді
Абай атындағы ҚазҰПУ білім алушылары Coursera курстарынан соң кәсіби дағдыларын дамытып, оң жетістіктерге қол жеткізуде. Олар 2023-2024 жылдары курсты аяқтаған соң, креативті идеяларын жүзеге асырып, білімдерін практика жүзінде қолданып үлгерген.
Абай университеті Coursera жобасына қатысқан еліміздегі алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Қазақстандық жоғары оқу орындарындағы білім алушылар 2023 жылғы қаңтардан бастап «Coursera» әлемдік онлайн-білім беру платформасының мүмкіндіктерін қолдана бастады. 2023 жылы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің білім алушыларына 4 500 лицензия берілген болатын.
Университет бойынша алғашқы лекке 1 500 адам қатысқан болса, оның 905-і бакалавриат, 595-і магистратура бағдарламаларының білім алушылары. Жалпы 2023 жылғы 3 лек аралығында аталған платформада Абай университетінің 4 165 студенттері мен магистранттары 186 пән көлемінде 322 курсты сәтті аяқтап, барлығы 4 645 сертификатқа қол жеткізді.
Ал, 2023-2024 оқу жылында университетке Coursera платформасының 1 150 лицензиясы берілген. Бүгінгі таңда Абай университетінің студенттері Coursera платформасы бойынша IV-ші лекке белсенді түрде тіркеліп, 1 142 білім алушылар таңдау жасаған курстарын сәтті аяқтады.
Абай атындағы ҚазҰПУ-де бакалавриат деңгейі үшін заманауи және озық технологияларды оқытуға бағытталған «Жоғары технологиялар (HI-TECH)» Minor бағдарламасы енгізілген. Нәтижесінде студенттер «Желілік технологиялар және заттар интернеті (IoT)», «Жасанды интеллект технологиясы мен әдістері», «Иммерсивті технологиялар», «GameDev негіздері» секілді пәндердің мазмұнымен танысуда. Мұндағы пәндер мазмұнын Coursera платформасында әзірленген курстармен үйлестіруді негізге ала отырып, Математика, физика және информатика институты информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының профессорлары әзірлеген.
Бүгінде Абай университетінің студенттері Coursera платформасы аясында курстарды сәтті аяқтап, білімдерін практика жүзінде нәтижелі пайдаланып жүр. Мәселен, Жаратылыстану және география факультетіндегі «6В01513 - Биология» білім беру бағдарламасының студенті Рахымбердиева Дильназ «Organisational behavior: know your people» деп аталатын курсты аяқтап, қазіргі таңда білім беру орталығының ұйымдастырушы маманы болып қызмет етіп жүр. «Ұйымдастырушылық қабілетімнің жетіспеген тұстарын осы курс барысында үйрендім», - дейді Дильназ. Ал, Жаратылыстану және география факультеті «6В01513 - Биология» білім беру бағдарламасының студенті Тұрғынбай Дариға Coursera платформасындағы «Бизнес-аналитика с помощью Excel: от базовой до расширенной» курсын аяқтау арқылы Excel қосымшасымен жұмыс жасаудың қыр-сырларын үйренген.
«Структуры данных Python» программалау тілі бойынша курсты меңгере отырып, қаржылық сауаттылығын дұрыс қолдануға үйренген Жаратылыстану және география факультетінің «7M01510 - Химия ББ» магистранты Елемес Динара өзі білім алған факультетке жұмысқа қабылданған.
«Coursera» онлайн-білім беру платформасы бойынша алған жаңа білім түлектердің кәсіп бастаудағы қиындықтар мен кедергілердің алдын алу шараларын ұғынуына мүмкіндік беруде. Мәселен, Python курсының негізгі білімін ала отырып, Coursera платформасындағы «Структуры данных Python» программалау тілі бойынша курсты бітіріп, жұмысқа тұру кезінде Coursera курсы сертификаты арқылы +10 балл қосылып, жұмысқа тұрған түлектер бар.
Сондай-ақ, аталған платформада алған білім Excel бағдарламасында деректерді визуалдауды әртүрлі жұмыстарға пайдалана отырып, түрлі деректерді жылдам есептеп, уақыт үнемдеуге көмек берсе, ал «Графикалық дизайн негіздері» қазіргі таңда өте танымал сала болғандықтан, онлайн слайд, бейне мен шақыртулар жасауды үйренудің таптырмас қайнар көзі деуге болады.
«Кәсіпкерлік негіздері: ойлау және әрекет» курсы кәсіп туралы жаңаша бағыттағы ойларды қалыптастырып, Google project meneger сертификаты менеджер жобасының дағдыларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Курс нәтижелері мұнымен аяқталмайды. Математика, физика және информатика факультетіндегі «6В01509 - Информатика және робототехника» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Жанна Аскарова Coursera платформасында «Структуры данных Python» программалау тілі бойынша курстан өткен. Өзінің айтуынша, курс барысында алған білімі программалау бойынша білімдерін толықтыруға көмегін тигізген. Қазіргі таңда Жанна еліміздегі оқушылар арасында танымал ҰБТ-ға дайындық орталығында информатика пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. 2023-2024 оқу жылында Жаннаның ҰБТ-ға дайындаған оқушылары информатика пәні бойынша жоғары балл иегерлері атанып, көзге түскен. Сондай-ақ, Математика, физика және информатика факультетіндегі «6В01509 - Информатика және робототехника» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Гуласал Алауова «Структуры данных Python» программалау тілі бойынша курстан өтіп, нәтижесінде өзінің жеке авторлық «Python және C++ программалау тілдері» деп аталатын онлайн курсын әзірлеген. Қазіргі таңда Гуласал авторлық онлайн курсы бойынша мектеп оқушыларын және студенттерді оқытып жүр.
2023 жылдың қорытындысы бойынша 25 өңірлік жоғары оқу орындарының 47 248 студенті Coursera платформасында 70 112 курстан өтіп, сертификаттар алған. Атап айтқанда, 27 мың курс қазақ тілінде, 2 600 курс ағылшын тілінде, 1 300-ге жуық курс орыс тілінде өтілген. Таңдалған курстар IT, кәсіпкерлік, физика және бизнес салаларын қамтиды. Бүгінгі таңда Coursera-ның 4 000-нан астам үздік курсы қазақ тіліне аударылған. Бүгінде Абай университеті Өнер факультетінің 4, Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінің 26 студенттері Coursera платформасы бойынша таңдау жасаған курстарын әлі оқып жатыр.
Биылғы 2024-2025 оқу жылында Абай университетінде Coursera платформасының V-ші легі басталды. Абай университетінің білім алушылары берілген 1 150 лицензияға белсенді түрде тіркелу үстінде.
10.09.2024 Ақпарат көзі: qazaq1913.com |