Главная
Новости
24.10.2024
Құрметті отандастар!
Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Республика күні - Тәуелсіз Қазақстан халқының рухын көтеріп, елдігімізді нығайтып, бірлігіміз бен ынтымағымызды насихаттайтын маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі. Егемендігіміздің нышаны, мазмұны терең, мағынаға толы бұл бастама халық арасында кең қолдау тауып, ұлттық дәстүрімізге негізделген қоғам бірлігінің көрінісіне айналды.
Тәуелсіздік - халқымыздың ең үлкен байлығы, біз оны сақтауға және қорғауға міндеттіміз. Әрбір қазақ азаматы өз Отанын шексіз сүюге, оның рухани және ұлттық құндылықтарын қастерлеуге тиіс.
Дана халқымыз қашанда ұрпақ тәрбиесі - ұлт болашағының кепілі деп түсінген. Ел болашағы білімді, жігерлі жастардың қолында екені сөзсіз. Ал, аға буын және біз - білім саласының өкілдері оларға қажетті білім мен лайықты тәрбие беруіміз керек. Өйткені, өскелең ұрпақтың келешегі еліміздің болашағын қалыптастыратын ұстаздарға байланысты. Отанды сүю және оған қызмет ету - біздің ортақ және қасиетті парызымыз.
Республика күні құтты болсын! Баршаңызға шын жүректен зор денсаулық, бақ-береке, қызметте және оқуда жаңа жетістіктер, бастамаларыңызға табыс тілеймін! Университетіміз дамып, халықтың бірлігі мен Қазақстанның егемендігі нығая берсін!
Құрметпен, ректор Болат Тілеп |