Главная /
СМИ о нас
24.10.2024
Санжар Асфендяровқа мемориалды тақта қойылды
Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш маңынан Абай атындағы педагогикалық университет пен Алматы медициналық ұлттық университетінің негізін қалаушы және тұңғыш ректоры болған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, дәрігер, ұлағатты ұстаз, дарынды ғалым Санжар Асфендияровтың туғанына 135 жыл толуына орай мемориалды тақта орнатылды. Іс-шараға қатысушы медицина саласының майталмандары мен университет ұстаздары ең алдымен монументке гүл шоқтарын қойып, жазықсыз құрбандардың рухына бас иіп, құран бағышталды.
Ірі тұлғаның құрметіне қойылған мемориал - табиғи тастан жасалған және оған Асфендияровтың фотосуреті, қазақтың ұлы ақыны Абайдың дәйексөзі, сондай-ақ QR-код бейнеленген. Кодты сканерлей отырып, Санжар Жапарұлы туралы мұрағаттық құжаттармен, фотосуреттермен және кітаптармен танысуға болады. Санжар Асфендияров 1938 жылы кеңес өкіметі тұсында жазықсыз ату жазасына кесілді. Жаңалық ауылында, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің аумағында жерленген. Жиналғандар Санжар Асфендияровтың ғылым мен медицинаға қосқан үлесі туралы ой толғады.
Салтанатты іс-шара барысында ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов С.Асфендияровтың көпқырлы тұлғасын және оның денсаулық сақтау саласындағы баға жетпес рөлін атап өтті.
«Тарихшылар бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин және ҚазҰМУ негізін қалаушы Санжар Асфендияров сияқты қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерімен қатар, мыңдаған жазықсыз адам жерленген деп мәлімдейді. Санжар Жапарұлының ғылым, медицина мен жоғары білімнің дамуына қосқан үлесі Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі болып қала бермек. Мемориалдың ашылуы біздің университет үшін ғана емес, оның есімін мақтанышпен атап жүру үшін де маңызды. Санжар Асфендияровтың есімі мемлекеттілігіміздің негізін қалаушылардың бірі, медицина мен білім берудің дамуына баға жетпес үлес қосқан ұлы ғалым ретінде өшпейді», - деп атап өтті Марат Шоранов.
Жыл басынан бері тұлға еңбегіне арналған бірқатар ғылыми конференция ұйымдастырылды. Осы жазда медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде Шымбұлақтың жоғары жағындағы 3600 метр биіктіктегі «Медик» шыңына Іле-Алатау ұлттық паркінің келісімімен Асфендияров атынан орындық орнатылыпты. Өткен аптадан бері Асфендияров апталығы жүріп жатыр екен. М.Әуезов атындағы академиялық драма театр актерлерінің қатысуымен сахналық қойылым әзірленген. Енді міне, ұлы тұлғаға арнап ескерткіш-тақта орнатылды. Сөз арасында Марат Едігеұлы Санжар Асфендияров тек қана дәрігер, ұстаз емес, үлкен тарихшы болғанын да қосты.
Ескерткіш белгінің ашылуында Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев: «Бұл жер - күллі қазақ халқының қаралы тарихының мекені. Мұнда 4119 адамның сүйегі жасырын жатыр. 1989 жылы құрылыс қарқын алып, әр жер қазылған сайын адамның бас сүйектері шығып, барлығының шүйдесінде оқтың ізі болғаны анықталды. Содан кейін ішкі істер органдары саяси-қуғын сүргін құрбандары көмілген қорым екенін мойындап, 1989 жылы репрессия құрбандарының ұрпақтарынан құралған «Әділет» ұйымы құрылып, осы 15 гектар жерді сақтап қалған. Оның 2 гектарына 2002 жылы осы монумент орнатылды. 2018 жылы құрбандардың еңбектерін келер ұрпаққа жеткізіп отыру мақсатында Алматы облысы әкімдігінің қолдауыменен Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ашылды. Құрбандардың нақты қай жерде жатқандары белгісіз, яғни осы ауылдың маңайы түгел құрбандар жерленген жер болғандықтан, рухына құран бағыштау мақсатында 2021 жылы ауыл азаматтарының бастамасымен мешіт салынып, оған «Алаш арыстары» деген атау беріліп, әр жұма намаз сайын Алаш қайраткерлеріне жеке құран-хатым түсіріліп отырады. Бүгінгі мемориал-тақта біртуар ғалым Санжар Асфендияровтың сүйегі осы қасиетті жерде жатқанының белгісін білдіреді», - деген музей меңгерушісі ел мен жер үшін күрескен тұлғаларды дәріптеп, құрмет көрсету - ұрпаққа парыз екенін айрықша атады.
«Санжар Жапарұлы - шын мәнінде тарих қойнауында, идеологияның көлеңкесінде қалып қойған тұлғалардың бірі. Себебі біздің студенттеріміз осы екі университеттің негізін қалаған қайраткерлердің сонау қиын-қыстау уақытта өмір сүргенін, қаншама қажырлы еңбек етіп, ұлттық мінез көрсеткенін білмей, еліміздің білімі мен медицинасына үлес қоса алмайды. Сондықтан мұндай игі іс-шара жастарымызға рух беріп, өнеге болуы керек. Заманның қиын уақытында пассионар тұлғалар осындай ірі университеттерді құрып, ғасырлап өмір сүретін деңгейге жеткізді. Бүгінгі шара асылдың сынығы, тектінің ұрпағына сый-құрмет және еліміздің білімі мен ғылымына қолдау ретіндегі бастамалардың бірі саналады. Жастарымыз осы қасиетті жерге келіп, арыстардың рухына тағзым етіп тұруы қажет. Алдағы уақытта санжартану оқуларын өткіземіз. Университетімізде ұлы тұлғаның 135 жылдығына орай халықаралық деңгейде айтыс ұйымдастырылады», - деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау.
Қазақ медицинасының дамуына орасан үлес қосқан Санжар Асфендияровтың өмір жолы мен еңбегін Жаңалық ауылының ақсақалы Қияқбай Төртбаев, қоғам қайраткерлері мен университет түлектері Өмірғали Кенжебек, профессор Ерасыл Әбілқасымов тілге тиек етті.
Саяси құғын-сүргін құрбандары музейінде Асфендияровтың көрмесі ұйымдастырылып, онда қойылған заттар көпшілікке таныстырылды.
Алматы облысы
24.10.2024 Ақпарат көзі: egemen.kz |