Главная
Новости
10.01.2018
Депутаттар мен Алматы қаласы жоғары оқу орындары ректорларының кездесуі 2018 жылдың 8 қаңтар күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан Республикасы Парламент төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанова, Алматы қаласы жоғары оқу орындарының ректорлары және проректорларымен кездесті.
Кездесуде Жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту туралы Қазақстан Республикасының заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына байланысты сұрақтар талқыланды.
Кездесу барысында Университет ректоры Такир Балықбаев сөз кезегін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаеваға берді.
Гүлмира Исимбаева Парламент қабылдаған және Мемлекет басшысы қол қойған салық заңнамасы блогы, кедендік реттеу туралы заңдар блогы, Әкімшілік кодекс және т.б. сынды жаңа заңдар туралы айтып берді. Сондай-ақ, қазіргі таңда, тікелей білім беру жүйесімен байланысты «Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы білім беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне университеттердің академиялық және басқару тәуелсіздігін кеңейту туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заң жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығы туралы айтып берді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Жәмиля Нұрманбетова Жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту заң жобасы туралы айтып берді. Бұл заң жобасы 78 қадам Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған, деп атап өтті, сондай-ақ оның негізгі тұстары Назарбаев Университетінің тәжірибесін тарату және жоғары оқу орындарының академиялық және әкімшілік дербестігін кеңейтуге байланыстығын көрсетті.
Қызу талқылауға жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
«Tұран» Университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының қауымдастығының президенті Алшанов Рахман заң жобасынның жоғары білімді демократияландыру талаптарымен байланысын атап айтты, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс, кәсіби стандарттарды әзірлеу, жоғары оқу орындарына талапкерлерды қабылдау ережелерімен байланысты мәселелерді қозғады.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Раиса Ускенбаева кең ауқымды бағыттарды қалыптастыруды және халықаралық стандарттарға сүйенуді ұсынды.
Жиынға қатысқан жоғары оқу орындарының басшылары талқыланып отырған мәселелер бойынша өз пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтты.
Кездесуді қорытындылай келе, Гүлмира Исимбаева пікірталастың оң тұсын атап, сұрақтарға тұшымды жауап беріп, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаевқа осы кездесуді ұйымдастыруға көмектескені үшін алғысын білдірді.
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім
|