Главная
Новости
06.11.2024 Ректордың Филология факультеті студенттерімен кездесуі 2024 жылдың 5 қарашасында Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп Филология факультетінің студенттерімен ашық диалог форматында кездесу өткізді.
Кездесуде ректор Болат Тілеп «Жайлы мектеп» жобасы аясында педагог кадрларды даярлау, өңірдегі жаңа мектептерді білікті мамандармен қамтамасыз ету, университет ғимараттарын жаңғырту және оларды заманауи жабдықтармен жарақтандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ректор университеттің жоғары ғылыми әлеуеті мен профессор-оқытушылар құрамының біліктілік деңгейі болашақ педагогтарды даярлауда шешуші рөл атқаратынын және университет бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастыру үшін барлық жағдай жасайтынын айтты.
«Жастар - қоғамның болашағы мен дамуының қозғаушы күші. Түлектеріміз осы үмітті ақтайды деп сенеміз. Барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, жаңа білімге, өзін-өзі дамытуға ұмтылуды тоқтатпау керек», - деді ректор.
Кездесу барысында университеттің инфрақұрылымын жаңғырту, педагогикалық емес мамандықтардың студенттері үшін практиканы ұйымдастыру, сондай-ақ француз тілін меңгеру және қос дипломдық білім беру бағдарламаларын оқу мүмкіндіктері талқыланды. Студенттердің шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау, оларды арнайы орындармен және заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері көтерілді. Студенттік жобаларға гранттық қолдау көрсету және имидждік өнімдермен қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар айтылды.
Университет басшысы ашық диалог форматындағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын, әр факультет пен институтта құрылған студенттік деканаттың жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті. Кездесуде студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өз пікірлері мен ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алды.
|