қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
20.01.2018

 

ЖАНАТБЕК ІШПЕКБАЕВ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТӘРБИЕ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОРЫ, САЯСИ ҒЫЛЫМДАР КАНДИДАТЫ, ПРОФЕССОР: ТОЛЫҚ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ

 

Бұл күндері кең-байтақ Қа­зақстанның түкпір-түк­пі­рінде басты әңгіме өзегіне ай­налған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын ғалым ретінде, жоғары оқу орны басшыларының бірі ретінде қалай бағалайсыз?


- Ақын Жұбан Молдағалиев қазақты мың өліп, мың тірілген ұлтқа теңепті. Адамзат тарихын зерделеп оқығанда, шын мәнінде мың өліп, мың тірілген бір ұлт болса, ол - еврейлер дер едім. Олар сонау перғауындар заманынан теперіш көрген ұлт еді. ХХ ғасырда адамзатқа фашизмді таңған Гит­лер саясатының бір тармағы - еврейлерді түбірінен жою болғаны белгілі. Сонда да бұл ұлт - тілін де, дінін де, ділін де жоймай, керісінше, адамзат дамуының көшін бастап жүр. Мұның күші неде? Бұл сұраққа сол халықтың мына бір тілегі нақты жауап бере алады. «Жұмыстың ауырын бер, жоспардың тәуірін бер». Қараңызшы, бейнеттен қашпайды. «Қандай ауыр жүк болса да арқалауға бармын» деп тұр. «Тек жоспарым тәуір болса екен» дейді. Нағыз дұрыс тілек, ұлтты өрге сүйрейтін, өлтірмейтін тілек осы болса керек. Елбасы Жолдауы газеттерде жарияланған күні-ақ егжей-тегжейлі зерделеп оқып шықтым. Университетіміздің ректоры Такир Оспанұлы бұл құжат жарияланған күні оқу орынның бүкіл активін жинап алып, студенттерге және басқа да қызметкерлерге мұның мақсат-мүддесін толыққанды түсіндіріп беруді тапсырды. Жолдауды халыққа жеткізудің университеттік жоспарын жасап, сол бойынша жұмыс істеуді бастап кеттік. Бұл Жолдауды ел дамуының бағыт-бағдары, толық жаңғырудың жарқын жолы, ұлт жоспары деп қабылдауымыз қажет.


- Сіз жаңа Жолдауды толық жаңғырудың жарқын жолы дедіңіз. Енді, осы ойыңызды тереңірек түсіндіре кетсеңіз?


- 2007 жылғы АҚШ-та бас­талған дүниежүзілік дағ­да­рыс­тан соң-ақ Елбасымыз «Шикізатқа тәуелді ел болудан құтылу керек» дегенді айтқан болатын. Өйткені біздің басты экспорттық тауарымыз мұнай бағасы түскен кезде, бюджет қоржыны ортаятыны бесенеден белгілі. Сөйтіп, Президентіміз Үкіметке тікелей тапсырма беріп «2010-2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын» жасат­тырып іске қосты. Еске сала кетейік, дәл сол шақта Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметке жалақы мен зейнетақыны, шәкіртақыны екі есе өсіруді тапсырды. 2009 жылы доллар бағасы отыз пайызға өсіп шыққанда, халық оны сезбей де қалды. Не керек, ырғақты даму жалғаса берді. 2012 жылы Елбасымыз «Қазақстан - 2030» стратегиялық даму бағдарламасы мерзімінен бұрын орындалды, біз қазірдің өзінде әлемнің дамыған елу елінің сапындамыз» дегенді қуанышпен мәлімдеді. Осы мәлімдеуден соң-ақ тоқмейілсуді білмейтін Президентіміз 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасын жариялады. Ендігі мақсат - 2050 жылға қарай Қазақстанның дүниежүзілік дамыған отыз елінің сапында болуы. Мақсат - айқын, міндет - ауыр. Бұл ауыр міндетті жүзеге асыру үшін атқарылатын істер де айқындалды. Негізінен қосымша құны мол, ақылды экономика құратын болдық. Мұны Елбасымыз «Нұрлы жол» бағдарламасымен тағы бекіте түсті. 2014 жылы теңгенің ноқта жүгені сыпырылды. Мұны қаржыгер экономистер ұлттық валюта еркін айналымға жіберілді деп түсіндіреді. Осы кезде бір ақиқаттың беті ашылды. Ол - ұлттық валютамыздың екі еседен астамға құнсыздануымен өмірге енді. Бұлай болатынын Қазақстанның қалың бұқарасы күтпеген еді. Өйткені елімізде жүз миллиард доллардан астам алтын валюталық сақтық қоры болатын. Нарық мұны да ескермейді екен. Бірақ Елбасының тікелей тапсырмасымен доллар теңгеден әлдеқайда қымбаттап кетсе де, ішкі базардағы баға тұрақтылығын ұстап тұрды. Инфляция валю­талар бағамындағы айтар­лықтай өзгерістерге қарамастан шарықтай қоймады. Десек те, Елбасы 2017-2018 жылдары ха­лықтың бюджеттен алатындарын өсіруді жоспарлы түрде іске қосты. Сөйтіп, валюталар ара­сындағы айырмашылықтың да халыққа кері әсері болмайтындай жағдайды сақтады. Қысқасы, әлеуметшіл көшбасшымыз әлі күнге дейін айылын жимай тұрған бүкіләлемдік қаржы эко­номикалық дағдарыстан Қазақстанның, Қазақстан халқының қиналмауын қам­тамасыз ете алды. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, 2050 даму бағдарламасын жасаттырып, жүзеге асырғанда оны бесжылдықтарға бөліп-бөліп тастады. Бағдарламаның негізгі мақсаты - Қазақстан эко­номикасында қосымша құны мол тауарлы өндірістің басым болуына қол жеткізу.


- Базбіреулер «Қазақстанды тоқсаныншы жыл­дардағы алапат рецессия мен ги­перинфляциядан алып шыққан мұнай» деп жүр.Сіз не дейсіз?


- Мұны толық жоққа шығар­­май­мын. Сонымен бірге, негізгі жүкті арқалаған жүз пайыз сауатты, білімді, ғылымды ұлтымыз дер едім. Иә, біз де жаңғыруды жа­сай алатындай білімді ұлт болдық. Біздің басты күшіміз осындай еді. Осыны түсінген Елбасы үнемі міндет пен көтеретін жүкті ауырлата түсті. Білімді де ақылды қазақтар төңірегіне топтасқан бүкіл мемлекет азаматтары сол ауыр жүкті көтере білді. Президент нұсқауымен Үкімет жасаған барлық жоспар дер кезінде ұдайы орындалып тұрды. Көп мақталатын Кеңес дәуірінің өзінде болмаған алып құрылыс алаңына айналдық. Қысқасы, жұмысбасты ел болдық. Әлем, тіпті дамыған елдердің өз­дері жұмыссыздықты жеңе алмай жатса, біздің елде 4,9 пайызбен шектеліп тұр. Назар салатын тұс, бұл көрсеткіш 1997 жылдан бастап ұдайы шегініп келеді. Түптің тү­бін­де Қазақстанымыз жұмысы жоқ елге айналатынына сенсек те бо­латындай. Міне, осының бәрі - ұлт білімінің қанағаттанарлық дең­гейде болуының дәмді жемісі. Сіз «толық жаңғыру» деген сөзіме назар аудардыңыз. Ендеше, осыны түсіндірер болсам, мынаны ең алдымен еске сала кеткен жөн: 2017 жылдың жазында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыруға қатысты мақаласы жарияланып, ол көпшілікті елең еткізді. Өйткені мұнда Көш­бас­шымыз отандастарын өскелең өмір талабына сай болуға жетелейтін ойлар айтқан екен. Ең алдымен ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, өзге ұлттардың озық тұстарын өзімізге, өмірімізге қабылдап, ұлт заман талабына сай жаңғыруы қажеттігі айтылған. Жасыратыны жоқ, адамзат осы уақытқа дейін бастан кешкен үш бірдей ғылыми техникалық төңкерісте қазақ ұлты «үнсіз қал­ғандар» ортасында болды. Дамудың үш төңкерісін де жасаған - басқа ұлттар. Олай болса, адамзат да­муының төртінші төңкерісінде қазақтар дамыған ұлттар мен терезесі тең қауым ретінде көрінуі тиіс. Бұл үшін бүгін не бар, со­ның бәрін меңгеріп, адамзатты келешекке жетелейтіндей білім-ғылым жасауға тиіспіз. Мінеки, байқадыңыз ба, Көшбасшымыз енді экономиканы дамытудың ұзақмерзімді кешенді жоспарын іске қоса отырып, оны меңгеретін ұлттың сапасын жоғары биікке көтеру міндетін алға шығарды. Бүгінгі таңда бүкіл елімізді қамтыған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы Елбасының осындай күн тәртібіне шығарған асқаралы міндетінің өмірімізге енген бір мысалы деуге болады. Мінеки, Елбасының жаңа Жолдауы «толықанды жаңғырудың жарқын жолы» деп бағаласам, бұл тек қана экономика мен әлеуметтік салаларды дамыту бағдарламасы ғана емес, сонымен бірге ұлттың, мемлекеттің толыққанды һәм жан-жақты жаңғыруының аса бағалы жоспары деген сөз. Осындай ауқым­ды жоспарды жұмысқа қосуға ат­қарушы билікті міндеттеген Елба­сымыз Жолдаудың бір басым ба­ғыты ретінде адам капиталын да­мытуға және бұл саладағы жұмыс­ты қаржыландыруды еселеуге мін­деттесе, демек, жаңа Жолдау ұлттың толық жаңғыруының бастаушысы болып шығары хақ. Мұндайда Алла жарылқасын деу керек шығар.


- Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ

 

 

20.01.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz