Главная /
СМИ о нас
20.01.2018
Төртінші өнеркәсіптік революция жаһандық кибер-физикалық жүйеге цифрлық төңкеріс енгізумен ерекшеленуі тиіс Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы Қазақстан қоғамында айрықша серпіліс туғызды. Бұл Жолдау бүгінде еңбек ұжымдарында, білім беру ұйымдарында, ғылыми мекемелерде, басқару органдарында, құқық қорғау, қорғаныс саласында және басқа да құрылымдарда кеңінен талқыланып, қолдау табуда. Елбасы Жолдауы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кеңейтілген актив жиналысында да қызу талқыланды. Жиналысты ашқан университет ректоры, профессор Такир Балықбаев жаһандық Төртінші өнеркәсіптік революция аясында Қазақстанда жаңа басталған Үшінші жаңғырудың негізгі мақсат-міндеттерін айқындап берген бұл Жолдаудың маңызына ерекше назар аударды.
«Қазақстан Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында» тақырыбында баяндама жасаған университеттің Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, философия ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Ақтолқын Құлсариева әлемде жүріп жатқан Төртінші өнеркәсіптік революция туралы ой өрбітті. Алғашқы өнеркәсіптік революция ХVІІІ ғасырда адамзат баласының бу машинасын ойлап табуынан басталса, өнеркәсіптегі екінші төңкеріс - ХІХ ғасырдың соңына қарай электр қуатын өндірумен сипатталады, 1950 жылы басталған үшінші өнеркәсіптік революция - әлемдік электроника және ақпараттық технологиялар дамуымен айшықталды. Төртінші өнеркәсіптік революция жаһандық кибер-физикалық жүйеге цифрлық төңкеріс енгізумен ерекшеленуі тиіс. Ол «Индустрия 4.0» деп аталады. Ал енді үшінші жаңғыру жолына түскен жас Қазақстан мемлекеті Төртінші өнеркәсіптік революциялық жағдайында технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып отыр.
Елбасы Қазақстан жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін елімізде қажетті нәрсенің бәрі бар екенін атап көрсетіп, бұл салада атқарылуға тиісті нақты он міндетке тоқталды. Оның жетіншісі тікелей білім саласына, адам капиталына қатысты. Бұл арада Мемлекет басшысы барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдетуді тапсырып отыр. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс екенін атап айтты. Бұл үшін орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу, жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар әлеуеті қажет. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдары қайта қаралып, жаңартылу сұралып отыр. Оқытудың мазмұны заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы толықтырылады. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерді бейне құрылғылармен жабдықтау жұмыстары жалғастырылуы қоғамды ілгері жылжытуға бастайды.
Цифрлық білім беру ресурстары дегенде бұл іске халықаралық талаптар тұрғысынан қарау қажет. ЖОО-лардың үздік мұғалімдерінің бейне-сабақтары мен бейнедәрістерін интернетке орналастыру арқылы шалғай елді-мекендердегі мектептер мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға қол жеткізіледі.
Елбасы атап көрсеткендей, жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту қолға алынуда. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био жана ІТ технологиялар саласын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту жүргізілуде. Сондықтан бізге шетелдік университеттермен, зерттеу орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық компаниялармен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру міндеті туындап отыр. Жеке сектор арқылы ғылымды қаржыландыру барлық қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамытуға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті филология және көптілді білім беру институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы «Елбасы Жолдауы - еліміздің тұғырлы болашағы» тақырыбындағы баяндамасында адам капиталын жаңғыртуда білім беру жүйесінің маңызды рөл атқаратынын атап көрсетті. Ол, әсіресе, ЖОО-ларға білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту керектігі туралы Елбасының тұжырымдарына қолдау білдірді. Сондай-ақ, қазақ тілін дамыту, орыс және ағылшын тілінде сабақ беру мәселелерінің өзектілігіне тоқталып, латын әліпбиіне көшуге байланысты өз ойларын ортаға салды. Университеттің «Қылмыстық құқықтық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының докторы, профессор Бақытжан Төлеубекова, Халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Жомарт Симтиков, экономикалық мамандықтар кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымының докторы, профессор Борасын Иманбердиев, педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымының докторы, профессор Қорлан Жампейісова, «Тұлға психологиясы» ғылыми орталығының директоры, психология ғылымының докторы, профессор Жәмила Намазбаева, «Интеллектуалды ұлт қалыптастыру» ғылыми орталығының директоры, профессор Марат Нуриев және басқалар Мемлекет басшысының жаңа Жолдауын бір ауыздан қуаттап, Жолдаудағы жеке тұжырымдар бойынша өз ойларын ортаға салды.
Авторы: Мырзахан Ахметов, Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы 20.01.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|