Главная /
СМИ о нас
30.01.2018 Сорбонна-Қазақстан институтының 22 магистранты диплом алды
Алматыда Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Сорбонна-Қазақстан институтында 2015-2017 жылдары білім алған 22 магистрантқа «Сорбонна Париж Сити» бірлестігінің мүшелері - Университеттерінің дипломы тапсырылды.
Салтанатты шараға Қазақстандағы Францияның Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартине, Париж-Дидро университетінің халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі вице-президенті Антуан Казе, шығыс тілдері және өркениеттері ұлттық институтының (ІNALCO) халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі вице-президенті Анн Гринберг, «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы» қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бірінші проректоры Мақтағали Бектемісов, университеттің ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева, Сорбонна-Қазақстан институтының тең директорлары Гүлмира Нурлихина, Мари-Анн Серв қатысты.
Қазақстандағы Францияның Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартине түлектерді құттықтап, қазақ-француз ынтымақтастығындағы білім беру және ғылым салаларын дамытуға қосқан үлестері үшін университет басшылығына және Сорбонна-Қазақстан институтының ұстаздарына алғысын білдірді. Сондай-ақ, іс-шара барысында Игорь Рогов, Анн Гринберг и Антуан Казе құттықтау сөз сөйлеп, бітіруші түлектерге табыс тіледі.
2014 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Сорбонна Париж Сити бірлестігімен ынтымақтастығы аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Франция Президенті Франсуа Олландтың қатысумен Сорбонна-Қазақстан институты құрылған болатын. Бұл институтта бакалавриат («Менеджмент», «Маркетинг», «Халықаралық қатынастар», «Халықаралық құқық», «Психология», «География») және қосдипломдық магистратура («Жаһандану кезеңіндегі халықаралық келісім диалог» және «Қазіргі әлемдегі өзгерістерді басқару») бағдарламалары бойынша мамандар француз тілінде оқытылады.
30.01.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|