Ақын қызды ардақтады
Биыл - Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 90 жылдығы. Осыған байланысты университетте бірқатар мерейтойлық шаралар өтуде. Соның бірі - қазақтың айтулы суырыпсалма ақыны Надежда Лушниковамен кездесу. Әсерлі кешті оқу ордасының Шетелдік азаматтарға арналған және ЖОО-ға дейінгі дайындық факультеті ұйымдастырды.
Қырық жылдан астам уақыт ұстаздық етіп, қазақ балаларына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Надежда Лушникова - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Ол - бүгінге дейін өнер мен мәдениет саласында тер төгіп, қолынан қаламы мен домбырасы түспей келе жатқан ақын. Айналасындағы өнерлі жандарға жанашыр тәлімгер.
Алты Алашқа ақындығымен танылған айтыскер ұстазды ҚазҰПУ-дың ректоры Тахир Балықбаев өзі қарсы алып, күмбірлеген күйдің ырғағымен той төріне шығарды. Университет басшысы ақынның жетістіктерін айтып, өнердегі жолын ұрпаққа үлгі етті. Ақын апаларының иығына шапан жауып, омырауына ҚазҰПУ медалін тақты. Құшағын алқызыл гүл шоғына толтырып, құттықтады.
Бұдан кейін сөз кезегін ҚазҰПУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебегенов алып, Жамбыл бабамыздың шығармашылығына тоқталды. Надежда Лушникованың айтыстарынан үзінділер келтіре отырып, тұшымды ойын ортаға салды.
Кештің негізгі шымылдығы ашылған соң, домбыраның үнімен, қазақтың әсерлі қоңыр күйімен Надежда Андрейқызы кешті өзінің амандасу жырымен жалғастырып, халқына сәлем жолдады.
«Жамбыл бабамыздың домбырасын көтеріп, жырын төгіп, жалғастырып айтып жүрген өнерлі жастар үшін мектеп ашып берсем деген арманым бар» деп тебіренді ақын сөз арасында. Ол Нұрилә ақын анамыз бен Үмбетәлі атамыздың айтыстарының мән-мағынасына тоқталып, айтыс деген ғажап нәрсе екенін айтып тамсанды. Өзі айтысқан ақындарға берген жауаптарынан үзінділер келтірген кезде, көрермендер «Паһ, шіркін!» деп бір желпініп қалды. Жас кезінде кілең шалдармен айтысқа түскенін еске алып, қағытпа қалжыңмен берген жауабын айтып, халықты күлдіріп те алды. Ақын апа сәт сайын арқасы қызынып, шабыттана түсті. Студент жастар арнау өлеңдерін оқыды.
Бұдан кейін ақынға еріп келген өнерпаздар төрге шықты. Базаркүл Әжіқожаева, Алтын Әліпбайқызы, Гүлсім Кәренеева сынды ақынның соңынан ерген өнерпаздар бірінен кейін бірі домбыраны қолға алып, ән шырқады. Алтын Әліпбайқызы халық әні «Алқоңырды» қалықтата жөнелді. Ақынның шәкірті, термеші, жыршы, сазгер Жылбек Тоқтасынов амандасу жырын төгіп, Надежда Андрейқызының өлеңіне жазылған «Ұзынағаш» әнімен жұрт көңілін көтерді.
Кеш соңында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Шетелдік азаматтарға арналған және ЖОО-ға дайындық факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғалия Таубаева сырласу кештің құрметті қонағы Надежда Лушниковаға және өзге де әнші-термешілерге көрсеткен өнерлері үшін шын жүректен алғыс білдіріп, ағынан жарылды.
Авторы: Рыскен Әбішева,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы
16.02.2018 ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz, PDF