қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
15.02.2018

«Қазақтың бір қызымын»

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 90 жылдық мерейтойына орай, аталмыш оқу орнының Шетелдік азаматтарға арналған және ЖОО-ға дейінгі дайындық факультетінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды іс-шараның куәсі болдық.

 

Басты кейіпкер Лушникова Надежда Андрейқызы - қазақ халқының айтулы суырыпсалма ақыны. Қырық жылдан астам уақыт ұстаздық етіп, қазақтың қара домалақ балаларына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, педагог-ұстаз, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті түлектерінің бірі. Ол күні бүгінге дейін өнер мен мәдениет саласында тер төгіп, қолынан қаламы мен домбырасы түспей келе жатқан ақын. Әйел-ана, әйел-ұстаз, әйел-айтыскер ақын, сүйкімді әже, жан-жағындағы өнерлі жандарға жанашыр қамқоршы тәлімгер. Ол бірнеше жүкті бір өзі арқалаған нәзік жан. Мұндай талант екінің бірінің қолынан келе бермейді, бақ та, бақыт та көрінгеннің уысына түсе бермейді.


Қазақтың қадірлі қызын, келісті келінін жоғары білім алып ұшқан алтын ұясы - Абай атындағы ҚазҰПУ қонаққа шақырып, құрметтеп еді.


Салтанатты жиын өтетін үлкен мәжіліс залы халыққа лық толы. Алты Алашқа ақындығымен танылған айтыскер ұстазды ҚазҰПУ ректоры Балықбаев Тахир Оспанұлы мырза жалынды сөзімен қарсы алып, күмбірлеген күйдің ырғағымен той төріне шығарды. Келесі сөз кезегін ҚазҰПУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы, Жамбылтанушы Тебегенов Темірхан алып, Жамбыл бабамыздың шығармашылығына тоқталды. Надежда Лушникованың айтыстарынан үзінділер келтіре отырып, тұщымды ойларын ортаға салды.


Құрметті қонағымыз Надежда Андрейқызы кешті өзінің амандасу жырымен жалғастырып, халқына сәлемін жолдады.


Қашанда ақындар сал-серілерімен, жыршы-термешілерімен қосылып, серілік құрып, ән айтып, ел ішін аралап еңсесін көтеріп жүрген ғой! Сол үрдіс бойынша Надежда ақынға еріп келген сал-серілер де төрге шықты. Ақын апайдың шашбауын көтеріп, әнін орындап жүрген Жылбек Бәшенұлы Тоқтасынов, Базаркүл Әжіқожаева, Алтын Әліпбайқызы, Гүлсім Кәренеева сынды ақынның соңынан ерген ақ кимешекті әнші әжелер бірінен кейін бірі домбыраны қолға алып, алма-кезек шырқатып ән де салды.


Кеш соңында, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Шетелдік азаматтарға арналған және ЖОО-ға дайындық факультетінің деканы, осы кешті ұйымдастырып және қызықты өтуіне мұрындық болған педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Таубаева Ғалия Закарияқызы «Қазақтың бір қызымын» атты сырласу кешінің құрметті қонағы Надежда Лушниковаға және әнші-термешілерге көрсеткен өнерлері үшін шын жүректен алғысын білдіріп, алда тағы да университет көлемінде өтілетін мерейтойларда қауыша берейік деп ағынан жарылды.

 

Авторы: Рыскен Әбішева,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы, ф.ғ.к.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

15.02.2018 ж.

Ақпарат көзі: kazakhstanzaman.kz