БАС НЕЙРОХИРУРГПЕН КЕЗДЕСТІ
Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанында бірнеше жылдан бері Мәлік Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығы жұмыс істеп келеді.
Жуырда осы орталықтың ұйымдастыруымен қазақтан шыққан аса дарынды нейрохирург-дәрігер, көрнекті ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Ақшолақовпен кездесу өтті.
Жиынды ашқан университет ректоры, профессор Такир Балықбаев жиналған қауымға алдымен Серік Қуандықұлының қызмет жолы мен ел алдындағы еңбегі туралы қысқаша мәлімет берді.
Серік Қуандықұлының негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары бас миы ішінен және ми қабыршағынан болатын орталық жүйке жүйесі мен жұлын ісіктерін, бас сүйек-ми жарақаттарын емдеу мәселелеріне арналған. Ол нейрохирургиялық ауруларға қатысты барлық хирургиялық әдістерді өз іс-тәжірибесінде қолдана отырып, мидың ең күрделі саналатын базальдік бөлімдеріне, ми бағанасына, қарынша жүйесіне, ми тамырларына хирургиялық операция жасайды. 8 патент пен авторлық куәліктің иегері, 150-ден астам ғылыми еңбегі және 6 монографиясы жарық көрген. Ақшолақовтың жетекшелігімен көптеген докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалып, клиникалық ординаторлар даярланды.
2013 жылы Мемлекеттік сыйлық иегері болды. Нейрохирургиялық ауруларды емдеу саласы бойынша көптеген ғылыми жобаның авторы. Әлемнің ондаған мемлекетінде нейрохирургия мәселелері бойынша ғылыми баяндамалар жасап, Қазақстан нейрохирургия ғылымын дүниежүзіне танытқан Серік Қуандықұлы-ның еңбегі мен атақ-абыройы Қазақ елі үшін зор мақтаныш.
Серік Ақшолақовтың 2016 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып, «Алтын Жұлдыз» медалімен және «Отан» орденімен марапатталуы оның бүкіл еңбегінің қорытындысы деуге болады.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінтуге жарар ол» деп хакім Абай айтқандай, әлем таныған, бүкіл қазақ елі мақтаныш еткен осындай абзал азаматымыздың ерен еңбегі мен тұлғасы бүгінгі жастарға өнеге болары сөзсіз» деді ректор Т.Балықбаев.
Кездесуде көрнекті нейрохирург өзі негізін қалаған және бүгінде өзі басқарып отырған «Ұлттық нейрохиругия орталығы» туралы баяндап берді. Бұл орталық - 2008 жылы құрылған нейрохирургия саласындағы ең көрнекті емдеу мекемесі. Ол Орталық Азиядағы жаңа емдеу әдістерін қолдану мен ерте диагностикалаудан бастап науқастарды оңалтумен аяқталатын нейрохирургиялық қызметтерді толығымен көрсететін көшбасшы клиникалардың бірі және бірегейі. Орталық Қазақстан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған нейрохирургиялық көмек көрсетудің тиімді жүйесін қалыптастырды. Орталық Азияда теңдесі жоқ және ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи техникалармен жабдықталған. Бұл әрбір жағдайда дәл диагностика жасау мен емдеудің нақты әдісін қолдануға мүмкіндік береді. Орталықта 94 дәрігер және 192 мейіргер жұмыс жасайды. Дәрігерлердің 48 пайызы - жоғарғы санатты, 6 дәрігер - медицина ғылымдарының докторы, 18 дәрігер - медицина ғылымдарының кандидаты, 3 дәрігерде PhD деңгейі бар.
Кездесуде сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман, Қазақстан кардиологтар қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәлім Беркімбаев Серік Қуандықұлының тұлғалық және адамгершілік қасиеттері туралы жантебірентер жақсы сөздер айтты.
Студенттер мен профессор-оқытушылардың сұрақтарына жауап берген Серік Ақшолақов дені сау, салауатты ұлт қалыптастырудың басты міндеттеріне тоқталды. «Ең бастысы, әрбір жас адам денсаулыққа кері әсерін тигізетін жат әдеттерден аулақ болып, күтініп жүрсе, аурудың алдын алу деген - осы» деді білікті дәрігер.
Ректор Т.Балықбаев кеш қонағы С.Ақшолақовқа Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Құрметті профессоры дипломын тапсырып, иығына профессордың мантиясын жапты.
Авторы: Мырзахан Ахметов
14.03.2018 ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz, PDF