қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
19.03.2018

Ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің теориялық әдіснамалық негізі

 

Әрбір адамның Отанына деген сүйіспеншілік сезімі, алтын діңгек - ұшқан ұядан басталады. Ата-анасын, бірге өскен бауырларын қадірлеген адам - Отанын да қастерлей біледі. Отан - ұлы ұғым. Осы ұлылықты қорғау жолында ата-бабаларымыз талай қан төгіп, ғасырлар бойы арпалысумен өткен. Сондай үлкен ерліктер арқасында ешкімнің де табанына таптатылмай бізге жеткен кең байтақ жеріміз біз үшін қасиетті және асыл қазына. Сол Отанды біздер қадірлеуге, қастерлеуге тиіспіз. Қазақ: «Керуен басы білікті болса, көлік азбайды, қолбасшы білікті болса, сарбаз тозбайды», - дейді. Осы сөзде үлкен мән - мағына жатыр. Ел басқарып, билік тұтқасын ұстап отырғандар білікті болса халықтың жағдайы ешқашанда жаман болмайды, керісінше қоғамымыз өсіп, өркендейді. Үлкен Аралдан айрылдық. Бала күнімізде ағаштан ағашқа өрмелеп әртүрлі жемістерін теріп жеп мәз болған саялы бақтардан айрылдық. Көп нәрсені жоғалттық. Ендігі жерде қолда бар байлықты ысырап қыла бермей, ата-бабаларымыздан қалған осынау кең - байтақ жерімізді, сары даламызды, тауларымызды, өзен - көлдерімізді көздің қарашығындай сақтап, қорғауымыз керек. Әрбір қазақ азаматы өзінің еліне деген сүйіспеншілігін, ұлтжандылық қасиетін сөзімен емес, ісімен көрсетуге тиіс. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің асыл да, ержүрек ағаларымыз соңғы демі, ақырғы тынысы қалғанша елі, жері үшін шайқасқанда тарихта атымыз қалсын не болмаса үлкен атаққа ие болайық деген жоқ. Туған жердің бір пұшпағын да жауға таптатпаймыз деп бар жандарын салып қорғады. Отан олар үшін ана бейнесімен пара-пар еді. Сондықтан да олардың бойында Отан-анаға деген зор махаббат тұрды. Ал туған жерін қорғау азамат үшін үлкен абырой. Қазіргі таңда біз жастарымызды бұл, сенің далаң, сенің шөбің, сенің жусаның, сенің тауларың деп тәрбиелеуіміз керек. Және де сол ие болып отырған даланың өсіп-өркендеуіне, нығаюына, алдыңғы қатарлы ел болуына күш жұмсау керектігін үнемі жастарымызға айтып отыруымыз қажет.


Қазақ халқы - Қазақстан мемлекетін құрушы ұлт. Қазақ Қазақстанда ғана басты ұлт болып саналады, ал басқа мемлекеттерде "қазақ диаспорасы". Еліміз тәуелсіз мемлекетке айналғалы Қазақстанның жер-суы мен бар байлығының нағыз әрі бірден-бір қожасы - қазақ халқы. Шынайы отаншылдық ұлттық намыспен өзектес құбылыс. Қазақстандықтардың мақтан тұтатын, жүрегіне ыстық асыл нәрсесі - ол қазақ жері. Қазақ жерінің кеңдігі, молдығы, ұлан-байтақтығы осында өмір сүріп жатқан барша халықтың жан - дүниесінің дархан болуына әсер етеді. «Біз өзіміздің туып-өскен жерімізді Жер-Ана деп есептейміз. Себебі кішкентай кезімізден сол жерде өсіп-өндік. Туған жердің ең қарапайым қоңыр киіз үйі, өзге елдің салтанатты сарайынан артық», - деп жазады өзінің мақаласында А.Ахметов. Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы өркендеу жылдары оның басқа елдермен сыртқы байланыстарының жаңа мағына-мазмұнда орнығуымен және дамуымен сипатталады. Кез-келген егемендікке ие болған мемлекет қысқа мерзімде өзін басқа мемлекеттердің, халықаралық қауымдастықтың мойындауына, тең деңгейде қарым-қатынастар жасауына қол жеткізу үшін күреседі. Бұл тәуелсіз мемлекеттің сыртқы саясаттағы логикасы. Қазіргі кезде Қазақстанның тәуелсіздігін 120 ел, яғни әлемдік қауымдастықтағы мемлекеттердің жартысынан астамы таныды, оның ішінде 105 елмен дипломатиялық қатынастар орнатылды. Әлемнің 28 елінде Қазақстан Республикасының елшіліктері ашылды, Алматыда 44 шетел елшіліктері мен миссиялары, сондай-ақ 12 халықаралық ұйымдардың өкілдері жұмыс істейді. Жаңа Астанамыз да халықаралық байланыстар орталығына айналуға күш салуда.


Республиканың сыртқы саясатын қалыптастыруда дұрыс әрекеттер жасаудың қажетті элементі - оның сыртқы байланыстарының нақты даму тәжірибесін сын көзбен ой елегінен өткізу болып табылады. Бұл қолайлы сыртқы стратегияны таңдауға көмектесіп қана қоймайды, сондай-ақ қазақ халқының саяси санасын дұрыс қалыптастыруға, жаңа саяси ойлаудың дамуына мүмкіндік беріп, жол ашар еді. Патриоттық тәрбиенің негізгі мақсаты адамдар санасына патриотты іс-әрекетке құштарлық сезімін оятатын моральдік-саяси кәсіби және мінез-құлық қасиеттерін сіңіру болып табылады. Ал, патриоттық іс-әрекет дегеніміз - жеке адамның, әлеуметтік, ұлттық топтың Отан мүддесі үшін саналы түрде өз еркімен қызмет етуі. Патриоттық тәрбие жұмысының барысында Отанға деген сүйіспеншілік, жалпы ұлттық намыс, елдің экономикалық, ғылыми, моральдық-саяси, әскери қуатын арттыруға, Отанды идеологиялық, саяси, қажет болса қарумен қорғауға әзірлік сезімі қалыптасады. Әскери жүйе патриоттық рухтың негізі болу керек. Әскери адамның жоғары отансүйгіштік сезімі қарапайым адамнан ерекшеленуі керек. Ел президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің еңбегінде Қазақстанның сыртқы саясатында Ресейдің маңызды орын алатынын бірнеше рет атап көрсетті: «Екі мемлекеттің мүдделері, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экономикалық дағдарысты жеңу және өндірісті дамыту, адамдардың тұрмыс деңгейін жақсарту. Барынша ынтымақтасудың қажеттілігіне, сондай-ақ, тарихтың ортақтығы, екі ел экономикасының жоғары бірігу дәрежесі, ортақ шекараның ұзындығы, Қазақстанда тұратын орыстардың және Ресейде қоныстанған қазақтардың елеулі саны, басқа да көптеген факторлар әсер етіп отыр».


Патриотизм - кез келген мемлекеттің алтын діңгегі. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы осы бір Отан үшін не көрмеді, не істемеді?! Елін , жерін қорғау үшін кескілескен соғыстар жүргізді, одан кейінгі ұрпақ қорлық пен зорлықтың сан түрін көріп, «елім, Отаным» дегені үшін атылып, түрмеге қамалып, қуғын көрді. Осының бәрі не үшін? Әрине, Отан үшін. Сонша ғасырлар бойы ата-бабамыздың арманы болған Отанды қорғай алмасақ, келешек ұрпақтарға қалай қараймыз, оларға қалай жауап береміз? Бүгінгі күні өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу барысында елеулі жұмыстар жүргізілуде. Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» деген қанатты сөзін ескерген Елбасымыз жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, адал еңбек пен отансүйгіштікке баулуға ерекше көңіл бөлуде. Аталған жайттар Елбасымыздың жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларында да айтарлықтай мазмұнға ие болып келеді. Оған дәлел ретінде 2014 жылдың 17-қаңтарындағы «Қазақстан -2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауындағы Қазақстан тарихына енген маңызды 10 идеяның алғашқысы, ең бастысы - патриотизм болып табылады.


Тәуелсіз еліміздің халқын отансүйгіштікке тәрбиелеу фактоларына келетін болсақ: ең алдымен ұрпаққа білім бергенде ұлтына, тіліне қарамастан білімнің қай саласы болмасын міндетті түрде мемлекеттік тілді үйрету. Патриот, отан қорғаушы жастарды тәрбиелегенде Отанды тек қарумен ғана емес, ақылмен де қорғау керектігін насихаттауымыз керек. Отан қорғау жолында құрбан болған батыр, ержүрек ағаларымызды, аталарымызды, бабаларымыздың ерліктерін үлгі ете отырып, мемлекетіміздің дамуы, өсіп-өркендеуі жолында көп пайдалы еңбек еткен азаматтардың да еңбегін ардақтауымыз керек. Бүгінгі таңда саяси тұрақтылық біздің қоғамымыз үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі, әлемдік деңгейде тез өзгеріп отыратын жағдайларда, әр мемлекеттің басты міндеті болып, қоғамдық - саяси тұрақтылықты сақтау болып табылады. Философ - ғалым М. Изотов патриотизмді ұлттық, жалпы ұлттық және қазақстандық тұрғыда қарастыра отырып, ұғымдарға жеке-жеке тоқталады: «Ұлттық патриотизм -өзінің туған жеріне, өз ұлтының бірлігі, мәдениеті, тілі дәстүрлеріне деген сезімінен туындайды. Жалпы қазақстандық патриотизм - мемлекет халықтарының ажырамас бөлігі екенін түсінуі, махаббат сезімі, шынайы сүйіспеншілігі халық пен отанының мүддесін қорғау азаматтық парызы»,- деген тұжырым жасайды. «Патриотизм - тұлғаның бойындағы сапалық белгі. Патриотизмнің күре тамыры сақ, ғұн дәуірлерінен, Күлтегін, Тоныкөк, Алтын Орда батыры Ер Едіге, ХYI-ХYIII ғасырда елі мен жері үшін жан аямай күрескен Жалаңтөс, Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай т. б. бастау алады. Сонымен қатар, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мәдени-рухани мұралар, тастағы жазбалардағы өсиет, нақыл сөздер жас ұрпақ бойындағы ерлік сезімін оятып, туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға игі ықпал етеді»,- деп ой тұжырымдайды С.Т. Иманбаева өзінің монографиясында.


Еліміздің бір тума жазушыларының бірі - Кенжегарин А.З. өзінің еңбегінде: «Отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруда қайсарлық пен жігерлілікті, қырағылық пен батылдықты, мәрттілік пен өткірлікті, қаһарлылық пен намыстылықты бойына жиған қаһарман Бауыржан бейнесінің алар орны биік. Мұнда батыр бабамыздың мына сөздері ұрпақтан - ұрпаққа жетер ұлағатты өсиетін отансүйгіштікпен, ел қорғау ісімен, халықтар достығын құрметтеумен қорытындылайды: «Ей жүз жылдан кейінгі, мың жылдың ар жағындағы үрім-бұтақ, жұрағат, жас ұрпақ! Естисіңбе менің үнімді, жете ме саған менің дауысым. Жетсе, бүгінгі баламыздан бастап, көп ұлтты Отанымыздың барлық болашақ ұрпақтарына айтар екі ауыз сөзім бар. Ол Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер!-деген сөз. Ол - халықтар достығын қадірлеңдер, қасиеттеп ұстаңдар! Қазақстан Республикасының ішкі тұрақтылығы мен тыныштығына қауіп төндіретін көрсеткіштер: барлық аймақтарда коррупцияның етек алуы, қымбатшылық, байлар мен кедейлерге бөліне бастауы, ұйымдасқан қылмыстар және жұмыссыздықтың кеңінен етек алуы.


Анна Шереметованың «Менің Отаным», - деп аталатын шығармасында қазіргі өмір сүріп жатқан халықтың патриоттық санасын көрсететін ойларды айтады: «Я не знаю, имеет ли право человек говорить о любви, если он ничем не доказал ее. Я не знаю, люблю ли я свою Родину, пока я для нее ничего не сделала. Мне могут сказать: Ты еще ничего не сделала для своей сестры, - но ведь ты знаешь, что любишь ее?» Это верно. Я люблю свою сестру. Но я никогда не говорю об этом. И о родине я тоже не стану говорить. Но буду думать, что я смогу для нее сделать. Яғни, біз осыдан мынандай ойды байқауымызға болады: өз елің үшін игілікті іс жасасаң ғана, сен өз отаныңды сүйемін деп айтуға толық құқың бар. Патриоттық тәрбиенің негізгі мақсаты - адамдар санасына патриоттық іс-әрекетке құштарлық сезімін оятатын моральдық-саяси кәсіби және мінез-құлық қасиеттерін сіңіру болып табылады. Ал, патриоттық іс-әрекет дегеніміз - жеке адамның, әлеуметтік, ұлттық топтың Отан мүддесі үшін саналы түрде өз еркімен қызмет етуі. Патриоттық тәрбие жұмысының барысында Отанға деген сүйіспеншілік, жалпыұлттық намыс, елдің экономикалық, ғылыми, моральдық-саяси, әскери қуатын арттыруға, Отанды идеологиялық, саяси, қажет болса қарумен қорғауға әзірлік сезімі қалыптасады. Қай заманда болмасын қоғамның өзегі - ұрпақ тәрбиесі қашанда бірінші кезекке қойылады. Ел жастарымен көрікті. Қазіргі таңда жастарымыздың көпшілігі имандылыққа бет бұрып келеді. Имандылыққа бет бұрған қоғамда ізгілік, ибалық, отаншылдық, жауапкершілік және т.б. ұлы сезімдер бүр жарады. Тек иман ғана отаншылдық сезімін жүрекке байлай алады. Одан бөлек қазақ менталитетіне тән ерлікке табынған өзегімізде өлмейтін бір нәрсе бар. Ол - сонау ерте замандарда ата-баба жүрегінен бастау алып, ғасырлар қойнауынан сыр тартатын, өлсе, тек соңғы қазақпен бірге өлетін - ерлік сезімі.


Иманбаева С.Т. жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің теориялық-әдіснамалық негіздері жөнінде қорғалған докторлық диссертациясында былай дейді: Еліміз егемендік алумен байланысты және қоғамның жаңа әлеуметтік даму жағдайында патриоттық тәрбие беру мәселелері жаңа санатқа ие болды. Патриотизм - жеке тұлғаның «табиғат-адам-қоғам» жүйесінде әлеуметтену үрдісін қамтамасыз ететін тұлғаның құнды салалық қасиеті. Сондықтан да патриотизмді философиялық категориялар тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда патриотизм адамның табиғатпен үйлесе дамуының басты факторы, адамдармен қарым -қатынасының құралы, қоғам дамуының дәйекті әсер ететін себеп-салдары болып табылады. А.Бижанов және басқа да ұжымдық авторлардың бірігіп жазған еңбегінде: Өтпелі кезеңдегі патриотизм ұғымына жан-жақта түсінік береді. Қазақстандық патриотизмнің қалыптасуындағы этникалық факторлар, патриотизмнің негіздері мен компоненттері және құндылықтары баяндалады. Ұлтжандылықты дамыту мемлекетке байланысты екендігі көрсетіледі. Қазақстан әлемдік қауымдастықта» деп аталатын М.Б. Мұхамедовтың монографиясында: «тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты, әлем елдерімен байланысы қарастырылған. Республикамыздың әлемнің жетекші елдері - АҚШ, ҚХР, Германия, Туркия және Ресей сынды мемлекеттермен қарым-қатынастарына, ондағы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен ұлттық мүддесінің көптеген проблемаларына ерекше көңіл бөлінген. Соның ішінде этникалық факторлар, қорғаныс мәселелері, шетелдермен экономикалық және рухани салалардағы ынтымақтастық тереңірек айтылады. Тәуелсіздікке қол жеткізген бетте-ақ, әлемдегі алып елдердің бірі - көрші жатқан Қытай халық республикасымен мемлекетаралық достық қатынастарды орнату егеменді Қазақстанның сыртқы саясатындағы кезек күттірмес міндеттердің бірі болды. Бұл елдің миллиардтан астам халқы, үлкен экономикалық мүмкіндігі, оның экономикасының тұрақты дамуы, екі елдің шекаралас аудандарындағы тұрғындардың этникалық жақындығы - осының бәрі және басқа да көптеген факторлар Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басым бағыттардың бірі ретінде Қазақстан - Қытай қатынастарын бөліп көрсетуге объективті алғы шарттар жасайды.


Әлемдегі ұлы державаның бірі боп саналатын Америкамен ынтымақтасу республиканың әлемдік қауымдастыққа, халықаралық саяси және экономикалық ұйымдар мен одақтардың көпшілігіне тең дәрежеде кіруін жеңілдетті. АҚШ-пен ынтымақтасуда Қазақстанның алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттердің бірі - қауіпсіздік проблемасын, ең алдымен, ядролық қауіпсіздік мәселесін шешу болды. Жоғарыда атап көрсеткен дүниежүзіндегі кейбір ұлы державалармен сыртқы қатынасты дұрыс жолға қоя білу - Қазақстанның көрші мемлекеттермен қарым-қатынастағы беделін көтерері сөзсіз. Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу - тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның алдындағы ғана емес, өз тағдыры алдындағы жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның жарастығын ойлаған адам ғана жарастықты дүниеде өмір сүре алады. Тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана дүниеде ондай шынайы жарастық орната алады. Өйткені, халық бостандыққа жетпей тұрып, қоғам бостандыққа жете алмайды. Қоғам бостандыққа жете алмай тұрып, адам бостандыққа жете алмайды. Сондықтан да, бүгін күллі жалпақ әлем бостандықты ту еткен жарастықты аңсайды. Ендеше, адамдар мен қоғамдардың, мемлекеттер мен халықтардың өз еркі өзіндегі тәуелсіздігі - ешкім тіл тигізе алмас қасиетті ұғым.

 

Авторы: Таспулатова Қалдыгүл Тұрғынбайқызы
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
Шетелдік азаматтарға арналған және ЖОО-на дейінгі дайындық факультетінің оқытушысы, тарих ғылымының магистрі

19.03.2018 ж.

Ақпарат көзі: ush-k.kz