Главная /
СМИ о нас
26.03.2018 БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ БАСТАУЫ
Алматыдағы Орталық музейде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай «Рухани жаңғырудағы ұлттық өнер» көрмесінің ашылуы болып өтті. Бұл көрме - Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Өнер, мәдениет және спорт институтының оқытушылары мен студенттерінің шығармашылық еңбегінің нәтижесі. Шараны Орталық музей директорының орынбасары Бейбітқали Қақабаев ашып, көрме ұлттық мәдениетті дамытуға, қазақтың төл мәдениетін дәріптеуге бағытталғанына баса мән берді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев көрме университеттің сан қырлы еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті. «Көрме Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен университеттің 90 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатыр. Өткен жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғаннан бері республикамызда рухани жаңғыру бағытында, еліміздің мәдениетін көтеру жолында көптеген істер атқарылуда. Сондай шаралардың бір үлгісі ретінде ұстаздар мен студенттердің шығармашылығының нәтижесін көрсетсек деп отырмыз. 90 жылдық тарихы бар Абай атындағы ҚазҰПУ - еліміздегі ең бірінші жоғары оқу орны. Мұнда елімізге белгілі ғалымдар еңбек жолын бастаған. Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Сәкен Сейфуллиндер еңбек еткен қазақ білімінің ордасы. Мереке қарсаңында университеттің әртүрлі жетістігін көрсетуге атсалысып жатырмыз. Бұл іс-шара - Өнер, мәдениет және спорт институтының ұстаздары мен студенттерінің еңбегінің көрінісі. Өткен жылы университет әлемнің озық 500 университетінің қатарына енді. Мұның өзі - үлкен мақтаныш» деді ол.
1969 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дың жанынан бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімдерін даярлауға арналған Көркем-графика факультеті ашылды. Факультет түлектерінен белгілі суретшілер А.Бренер, Е.Төлепбаев, Д.Шоқпарұлы, Н.Журавлевтерді атап өтуге болады. 2014 жылы Көркем-графика факультеті Өнер, мәдениет және спорт институты болып өзгертілді. 2017 жылы оған ЮНЕСКО клубының мүшесі дәрежесі берілді. Көрмеде бұған дейін қойылмаған кескіндеме, графика, мүсіндеу және қолданбалы өнер туындылары таныстырылды. Ондағы портреттер, натюрморттар, пейзаждар, жанрлық композициялар мен қолданбалы өнер жұмыстары ұлттық мәдениетіміздің байлығын көрсетеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбеков «Осынау оқу ордасынан тараған түлектер бүкіл еліміздегі білімді, мәдениетті, өнерді дамытып келеді. Бүгінгі көрме - қарт ҚазПИ-дың бейнелеу өнеріне әсері, бейнелеу өнерін дамытуға қосқан үлесі. Университетте ашылған алғашқы Көркем-графика факультеті бейнелеу өнерінде жоғары білімді қалыптастырып, мұғалімдерді дайындауға үлкен еңбек етіп келеді» дей келе, ұлттық бейнелеу өнерінің дамуы жайында ойын ортаға салды. Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының өңірлік даму бойынша вице-президенті Ғани Бейсенбаев ұлттық мәдениетті көтеру оны ұлықтаудан басталатынын тілге тиек етті.
Авторы: Ақбота Исләмбек 26.03.2018 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|