Главная
Новости
16.01.2014 Бір тамаша той өтті... Жуырда ғана еліміздегі ең байырғы білім ордасында көргендердің көкейінен кетпес сән-салтанаты ерекше бір іс-шара өткізілді. Сол күні білім-ғылым ұжымдарының, өнер мекемелерінің, қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдері, ақын-жазушылар мен журналистер қарт ҚазПИ-дің - қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Бас ғимаратын бетке алды. «Сүйер ұлың болса, сен сүй» демекші, қадірлер азаматың болса, оны ұлықтау да - халқымыздың жақсы дәстүрлерінің бірі ғой. Бұл күні аталмыш университет ұжымы қалың жұртшылықпен бірге осы оқу ордасының Ақпарат орталығының жетекшісі, әйгілі журналист, айтулы ақын, жазушы, сазгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мырзахан Рахманбердіұлы Ахметтің 60 жасқа толған мерейтойын атап өтті. Республикамыздың басқа да зиялы азаматтарымен қатар «Қазақ газеттері» Акционерлік қоғамының төрағасы, қарымды қаламгер Жұмабек Кенжалин, «Президент және халық» газетінің Бас редакторы, публицист-жазушы Марат Тоқашбаев, жазушы Зәкір Асабаев, сатирик ақын Толымбек Әлімбеков, журналист-жазушылар Талғат Айтбаев, Талғат Сүйінбай, ғалымдар: Алматы экономикалық колледжінің директоры, профессор Жақсыбай Қасымбек, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Темірхан Тебегенов, Бекен Ыбырайым, той иесінің туған өлкесі Жамбыл облысы Жуалы ауданынан ат терлетіп келген аудандық мәслихат өкілі Құрыш Садығалиев сияқты еңбектерімен елге елеулі ер-азаматтар қатысқан осы салтанатты жиынды Абай атындағы ҚазҰПУ Аппараты жетекшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, өзі де елге мәшһүр қаламгер Бахтияр Сманов жүргізіп отырды. Мұндайда қалыптасып кеткен салқын ресмилік шеңберін бұзып, әдемі әзілдермен, көңілге жағымды әңгімелерімен залдағы жұртты желпіндіріп, жиынды ыстық ықыласпен, достық, рәуішпен жүргізген Бахтияр Өрісбайұлына дүйім жұрт дән риза болды. Ол өз сөзінде Мырзахан Рахманбердіұлы Ахметтің жүріп өткен өмір белестеріне, жеткен жетістіктеріне, қаламгерлік, сазгерлік ерекшеліктеріне, ал ең бастысы, азаматтық, адамгершілік қасиеттеріне тоқтала келіп, мерейтой иесіне жолданған құттықтауларды оқып берді. Аяулы азаматты, жай күндері көптің бірі ғана болып жүретін қарапайым да кішіпейіл Мырзекеңді, кімдер ғана құттықтамаған! «Мәскеу қазақтары арасында Мырзахан Ахметовтың әндері жоғары ілтпатқа ие. Мәскеуде оның сағынышқа, сұлу сазға, жүрек қылын шерттер терең лиризмге, болашаққа деген үміт пен сенімге толы әсем әндерін шырқамайтын, тыңдамайтын адам жоқ. Ол әндер біздің туған елге деген махаббатымыз бен сүйіспеншілігімізді арттыра түседі. Ресей мен Қазақстан халықтары арасындағы мәдени, достық байланысты нығайтуға қосып отырған үлесі үшін Мырзахан Ахметовқа алғысымыз шексіз. Біз оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз». Халық қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаев ақ тілегін арнапты. ҚР Қорғаныс министрлгінен - заң ғылымдарының докторы, генерал-майор С.М.Қойбақов ыстық сәлем жолдапты. Мәскеудің Қазақ мәдениетін қолдау жөніндегі Аймақтық қоғамдық ұйымы, «Қазақ тілі», «Мұрагер» қоғамдары, Бауыржан Момышұлы оқыған Аркадий Гайдар атындағы орта мектептің ұжымы, Шерхан Мұртаза ауылының тұрғындары, Астанадағы Еуразиялық дизайнерлер одағының хатшысы Д.Сыдығалиев, содан соң, әрине, өзі оқыған Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ орта мектебі жедел хаттар жіберіпті. Мұның өзі көп жайды аңғартса керек. Осы салтанатқа бастан-аяқ қатысқан университет ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев мерейтой иесіне ақжарма көңілмен жылы лебіздерін білдіріп, игі тілектер айтты. Мырзахан Ахметтің Қазақстандағы оқу ордаларының қара шаңырағының абыройын арттыра түсу жолындағы ерен еңбегіне жоғары баға беріп, оның өңіріне «Абай» медалін өз қолымен тақты. Қазақ ұлттық СД Академиясының Президенті М.Тоқашбаев Мырзахан Ахметке осы Академияның толық мүшесі - Академигі болып сайлағандығы туралы Дипломын тапсырды. «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Ж.Кенжалин Мырзекеңді қазақ баспасөзін дамытуға сіңірген еңбегі үшін арнайы Дипломмен марапаттады. Сансыз құттықтаулар айтып, 60-тың асқарына шыққан азаматқа ақ тілектерін арнаған алқалы топтың алдында Жамбыл облысы Жуалы ауданының Мәслихат депутаты Құрыш Садығалиев Мырзахан Ахметке «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілгенін жариялап, тиісті куәлікті, төсбелгіні, ескерткіш лентаны салтанатпен тапсырды. Ол өз сөзінде Мырзахан Рахманбердіұлының аталған өңірде газет редакторы, аудандық Мәслихат хатшысы, әкімнің орынбасары қызметтерін атқарған кездеріндегі туған өлкесіне сіңірген өлшеусіз еңбегін, қазақ тілін дамытудағы, ауданның елді мекендеріне ежелгі тарихи атауларын қайтару мақсатындағы ерлікке пара-пар істерін ерекше атап өтті. Ресми жиын әдеби-шығармашылық кешке айналды: той иесіне арналған жырлар оқылып, әндер айтылды. Мырзахан Ахметтің қаламынан туған ән-жырлар шабытпен орындалды. «Мен өзім де ән салам түн ауғанша», - деп ақиық ақын Төлеген Айбергенов айтқандай, Мырзахан залды аралай жүріп, өз әндерін әдемі дауысымен әуелете шырқады. Несін айта береміз, бір тамаша той өтті Алматыда.
Айтқазы Байдәулет, журналист
|