қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
03.04.2018

«Заманауи қоғамдағы психологиялық ғылым және практика: мәселелер, тәжірибе, болашақ» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы

 

2018 жылдың 29-31 наурыз аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында жалпы және қолданбалы психология кафедрасының ұйымдастыруымен психология ғылымдарының докторы, профессор Алма Ақажанова 70 жылдық мерейтойына арналған «Заманауи қоғамдағы психологиялық ғылым және практика: мәселелер, тәжірибе, болашақ» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

 

Мерейтой иесі Алма Ақажанова - психология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Ж. Аймауытов атындағы сыйлық иегері, «Қазақ психологиялық қоғамының» басты мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Диссертациялық кеңес мүшесі, Дербес тұлға /ХХ-ХХI ғасырлардағы «Жаңашыл-педагогтар» және «Ғылымға арналған өмір» Энциклопедиялық кітаптарға енген ғалым.

 

Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның зерттеуші ғалымдары мен практик психологтары қатысып, өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Конференцияның пленарлық мәжілісінде оқу ісі жөніндегі проректоры Асан Сәтмырзаев, Педагогика және психология институтының директоры Берікжан Әлмұхамбетов, профессор Жәмиля Намазбаева, Батыс-Европалық психоанализ институтының профессоры, психоаналитик, отбасылық және жұптық психотерапевт Елена Змановская (Ресей), Ходжатепе университетінің профессоры Дидем Кошар (Түркия), Гази университетінің профессоры Серкан Кошар (Түркия), Алтай мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Марина Фроловская (Ресей), Қазақ психологиялық қоғамының президенті, профессор Мұқан Перленбетов, профессор Жахан Молдабеков, Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының профессоры Абай Дүйсенбаев, ҚазҰПУ-дың жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі Ақмарал Сатова баяндама жасап, психологиялық ғылым мәселелерін көтерді, мерейтой иесінің игі істерін, ғылыми еңбектерін атап өтіп, тілектерін білдірді. Ал секциялық жұмыстарда «Психологиялық ғылым және практика тұлғаның кәсіби іс-әрекетінің саласы: тарихы және даму беталысы», «Ұлттық «Мәңгілік ел» идеясы контексіндегі тұлғаның рухани-адамгершілік дамуының психологиялық негіздері», «Психологиялық зерттеулер мен практикадағы инновациялық технологиялар», «Психологтарды кәсіби даярлаудың және құзіреттілігін көтерудің өзекті мәселелері» бағыттары бойынша ғылыми мақалалар тыңдалып, талдау жасалды.

 

Конференцияның екінші және үшінші күндері Елена Змановская, Алия Байздрахманова, Нұрсулу Бегалиева, Динара Бейсинбаева, Гульмира Момбиева, Айнура Садреймова, Радмила Гузаировалар шеберлік сыныптары мен тренинг-жаттығуларын жүргізіп, девиантты мінез-құлық, отбасы психологиясы бағыттарында практикалық құнды мәліметтер берді.

 

Қатысушылардың бағалауы бойынша конференция теориялық және практикалық тұрғыда заманауи сұранысқа сай мазмұнды және өте қызықты өтті. Конференцияның соңында Резолюция талқыланып, қабылданды.

 

       

 

       

 

     

 

Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы