қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
07.04.2018

Ғылым әлеуеті кеңейеді

 

Абай атындағы ҚазҰПУ Математика, физика және информатика институтында білім ордасының 90 жылдығына орай ғылыми онкүндік жұмысын бастады. Шара барысында оқытушы-профессор құрамы студенттер мен жас ғалымдарға арналған семинарлар өткізіп, тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қоса, әр кафедра өз жаңалықтарын ұсынған ғылыми жетістіктер көрмесін өткізуде.


Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ғылым департаментінің директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Саябек Сахиев университеттің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған шара ғылыми жетістіктерді, институт жұмысының нәтижесін айғақтайтынын баса айтты. «Биыл қазан айында ха­лық­­аралық деңгейдегі қорытын­ды іс-шара өткізілмек. Шетел уни­вер­ситеттерінің басшылары қатысады. Онда ғылыми жаңалықтарымыз бен жетістіктерімізді таныстырмақпыз. Сондықтан осы он күндік ауқымды шара алдындағы дайындық іспеттес» дей келе, шара жас ғалымдарды қолдауға бағытталғанына мән берді.


Математика, физика және информатика институтының дирек­торы, профессор Әбдімәулен Бердышев оқу ордасы ашылған уақыттан бері бұл ең алғашқы құрылған институттардың бірі екенін тілге тиек етіп, ғылыми онкүндікке арналған көрме жұмы­сына тоқталды. «Университет мерей­тойына орай ұйымдастырылған көрмеде төрт кафедрамыз ғылым мен техникадағы жетістіктерін, ғылыми-техникалық инновацияларын, па­тенттелген жаңалықтарын, ғылыми мақалаларын, монография­ларын, оқу-құралдарын және оқулықтарын таныстыруда» деді.


Математика, физика және инфор­матиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, про­фессор Алма Әбілқасымова оқу орда­сы елімізде ұстаздар қауымын даяр­лайтын ең басты жоғары оқу орны екенін, соның ішінде мате­матика, физика, информатика пән­де­рінің мұғалімін даярлауда ор­ны бөлек екеніне баса мән бер­ді. «Кафедра аумағында бүкіл әдіс­темелік, ғылыми-педагогикалық жұ­мыс­тар жасалуда. Оның айғағы -Қа­зақстандағы 7500-ге жуық мек­тептің стандарттарының авторлары кафедрада қызмет етеді. Көрмеде ұсынылған оқулықтардың бәрі кафедра ұстаз­дарының еңбектері. Балалардың функционалдық сауаттылығын ашу бағытында, педагогикалық білімді дамыту бойынша монографиялар да ұсынылған. Осының барлығы оңтайлы қарастырылған» деген ол өз авторлығымен жарыққа шыққан қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығарылған жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарды таныстырды.


Профессор, техника ғылымда­рының докторы, академик Гахип Уалиев бүгінгі индустриялық-инно­вация дәуірде білімді де кәсіби ма­ман даярлау оқу ордасының мін­деті дей келе, робототехниканың болашағы хақында ойын өрбітті.


Ғылыми онкүндік аясында «Абай атындағы ҚазҰПУ-дағы радиа­циялық үдетуші кешен» тақыры­бында ғылыми семинар өткізген физика кафедрасының меңгерушісі Қайрат Тлебаев онкүндіктің жас ғалымдар үшін берері мол екеніне айрықша мән бере келе, өткен оқу жылынан бастап физика кафедрасында физика пәндерінің бакалавриат, магистрант, докторанттарға ағылшын тілінде оқытыла бастағанын атап өтті.


Жаңартпа және нанотехнология зертханасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Әділхан Шоқанов дамыған 30 елдің қатарына кіру жолында нанотехнологияның болашағы зор екенін, сол үшін осы мақсатта мамандар дайындаудың қажеттілігі бар екеніне мән бер­ді. Институтта білім алушы ма­гистрант, докторанттар үшін нантотех­но­ло­гияның негізгі принцип­терімен та­нысып, тәжірибе жүзінде заттар­дың атомдық, молекулалық құрылым­дарын зерттеу ісіне арналған «Наноэдьюкатор II» қондырғысы зертханада қойылыпты.


Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының меңгерушісі, профессор Есен Бидайбеков Елбасының цифрлан­дыру саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.


Болашақ педагогтар бі­лім беру саласында ақпа­рат­тық коммуникациялық тех­но­ло­гиялармен қатар цифрлы тех­нологияларды да қолдану керек. Бұл - заман талабы екені анық. Ғылым онкүндігі бүгінгі ақпараттық дәуірде ғылыми жаңалықтарды, жаңа технологияларды зерделеу аса маңызды екенін көрсетті.

 

Авторы: Ақбота Исләмбек

07.04.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz